ЖЕҢІСКЕ ҰМТЫЛҒАН ЖАНСҰЛУ

Былғары қолғап киіп, шаршы алаңның шаңын қағатын аруларды көргенде, таңғалмайтын күнге жеттік. Бүгінде нәзік жандар "жекпе-жек – жігіттерге арналған спорт түрі" деген түсінікті жоққа шығарды. Өйткені, жаны нәзік болса да, жүрегі өжет қыздар өз өнерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, тіпті, бәсекелі сайыстарда туған жерінің абыройын асқақтатып жүр. Солардың бірі – кикбоксшы Жансұлу Қаржауова.

Жансұлу – әйелдер арасында ел біріншілігінің және кубогының екі дүркін жеңімпазы, жастар кубогы күміс медалінің иегері, Солтүстік кубогының күміс және қола жүлдегері, облыстық турнирлердің чемпионы. Десе де, талапты жастың бағындырар шыңы алда. Мәселен, жақында өңіріміздің кикбоксшылары Павлодар қаласында ересектер арасында өткен ел біріншілігінен олжалы оралды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық спортшы қатысқан шарада тоғыз жерлесіміз бақ сынап, екі – алтын, екі – күміс, бір қола медальды еншіледі. Спорт шебері нормативін орындаған алғашқы төртеудің ішінде Жансұлу да бар.

– Бұл чемпионат мен үшін тәжірибе ретінде ғана қарастырылды. Өйткені, бапкерлерім Өскемен қаласында өтетін жастар біріншілігінің алдында менің осы жарысқа бару-бармауым жайында біршама уақыт бойы ойланды. Шыны керек, 17-дегі маған әйелдермен жекпе-жекке түсу қиын болды. Дегенмен, үш кездесу өткізіп, ел чемпионы атандым. Біріншіліктің жеңімпазы ретінде маған Италия елінде өтетін әлем біріншілігінде бақ сынау бақыты бұйырды, – дейді Жансұлу Қаржауова.

Бұрымды кикбоксшы Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында дүниеге келген. Саламатты өмір салтын ұстанған ата-анасы Жансұлудың да спортқа деген қызығушылығын оятқан. Жергілікті орта мектептің 6-сыныбында оқып жүргенінде, құрбысы екеуі хабарландыруды көріп, кикбоксинг үйірмесіне жазылуға бел буады. Залға кірген беттен-ақ алғашқы бапкері Асхат Құсайыновтың нұсқауымен кикбоксингтің қыр-сырына қаныға бастайды. Сонымен қатар спорттағы ұстазы оған адам психологиясын оқуды, төзімді болуды үйретеді.

2014 жылы жаттықтырушысы оны облыстық жарысқа қатыстырады. Жаттығу залында өткен алтын уақыт, төгілген тер өз жемісін берді. Сөйтіп, жігерлі Жансұлу өзінің ең бірінші жеңісіне қол жеткізеді. Бұл жетістік оның келесі шыңдарды бағындыруына қанат бітірді.

Ауыл мектебін тамамдап, үлкен өмірге қанат қаққан бойжеткен көп ойланбастан облыс орталығындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқуға түседі. Спорттық мансабын ойлаған ол Петропавлдағы Камиль Сафин атындағы бокс мектебіне келіп, “Беркут” атты кикбоксинг секциясына жазылады. Мұнда ол аталған спорт түрі бойынша облыстың бас бапкері Әділ Нұржауыпов пен жеке жаттықтырушы Сабыржан Сақтағановтан тәлім алуда.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика