АЛАР АСУЫ АЛДА

Соңғы жылдары облысымызда грек-рим күресі қарқынды дамуда. Өңіріміздің білікті бапкерлері боз кілемде әйгілі Қажымұқанша белдесетін өрендерді баптауға барын салып жүр. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғап жүрген балуандарымыз аз емес. Жақында сондай жігерлі жастардың бірі Аманғали Бекболатовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Аманғали, жақында Ресейдің Мәскеу қаласында әскери қызметшілер арасында өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанғаныңызды білеміз. Осы дода жайлы тарқатып айтып берсеңіз.

– Жиырма екі елден 380 балуан бақ сынаған бәсекеге мені еліміздің Қорғаныс министрлігінің орталық спорт клубы жіберді. Әскер спортының дүниежүзілік кеңесі ұйымдастырған додада 55 килограмм салмақ дәрежесінде белдестім. Бағыма орай, алдымен ирандық, сосын венгр және корей балуандарының жауырынын жер иіскеттім. Алайда, ақтық сында армян балуаны Роман Амоянға есе жіберіп алдым. Қанша тәсіл жасасам да, төрешілер ұпай бермей қойды. Осылайша, мен күміс жүлдені иеленсем, құрамамыз жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

– Әлемнің кіл мықтылары сайысқа түскен додада жүлдегер атану үшін біраз қиындықтардан өтуге тура келген шығар. Спорттық жолыңыз қалай басталып еді?

– Сегізінші сыныпта оқып жүргенде жолдастарыммен грек-рим күресі үйірмесіне жазылдым. Арада екі ай өткен соң Мамлют ауданының Бексейіт ауылында осы күрес түрінен өткен облыс біріншілігінде екінші орынға ие болдым. Бұл менің алғашқы жеңісім болатын. Бұл өзге асуларды бағындыруға шабыт беріп, залда біраз тер төктім. Кейін облыс орталығында “Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бұрынғы директоры Ғалым Өркешовтің қолдауымен әртүрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көріне білдім. 2015 жылы Сергей Ямпольский сынды білікті бапкердің қарамағында жаттығып, жастар арасында Бразилияда өткен әлем біріншілігіне қатыстым. Бұл шоқтығы биік жарыста да қарсыластарым осал болмады. Мексикалық, америкалық және украиналық балуандарды тізе бүктірсем де, мені ирандық қарсыласым сүріндірді. Сөйтіп, қола жүлдегер атандым.

“Қанат ұшса қатаяды” демекші, бұл жетістікке тоқмейілсімей, дәл осы жылы Эстонияда өткен “Tallinn Open” халықаралық турниріне барып, үшінші орыннан көріндім. Бір жылдан соң Еуразия турнирінде күміс медаль алсам, Қазақстан біріншілігінде топ жардым. Үстіміздегі жылы еліміздің басты бәсекесі Шымкент қаласында ұйымдастырылып, онда екінші орынды иелендім. Сондай-ақ, Ресейдің Барнауыл, Омбы қалаларында өткен халықаралық турнирлерде қарсылас шыдатпадым. Жаттықтырушыларым Манап Нұрғожиннің, Ерболат Өркешовтің, Қонысбек Түкеновтің және Сергей Ямпольскийдің ақыл-кеңесін тыңдамасам, өзімді күнде қамшыламасам, осындай көрсеткіштердің ауылы алыс болар еді.

– Иә, 22 жаста әлемге танылу – абыройлы іс. Бойыңызға жеңімпаз рухын тарту еткен туған жеріңіз, ата-анаңыз жайлы айта кетсеңіз.

– Мен Жамбыл ауданындағы Орталық ауылының тумасымын. Әкемнен ерте айырылған соң, анамның қолында өсіп, осы ауданның Үлгі ауылында тұратын Мәди нағашымның тәрбиесін көрдім. Бүгіндері Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрамын. Жақында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін дене шынықтыру мамандығы бойынша тамамдадым. Бүгіндері Ұлттық олимпиада комитетінде спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеймін. Дүйсенбі күні сүйікті жарым Ақбота босанды, нағашым нәрестеге Ақерке деп ат қойды.

– Бәрекелді! Бауы берік болсын! Сіз үшін алдағы уақытта қандай жарыстардың жалауы желбірейді?

– Үстіміздегі жылы Румынияда өтетін әлем біріншілігіне дайындалудамын. Жақында Венгрияға оқу-жаттығу жиынына барып келдім. Бір аптадан соң Түркияда өтетін халықаралық жарыста бақ сынаймын. Олимпиадаға жолдама алу үшін аянып қалмаймын.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика