ЖАСТЫҚ ЖАЛЫН

Аққайың ауданындағы Трудовое ауылының тумасы Богдан Петров – мемлекеттік тіл жанашырларының бірі. Талапты жас бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде журналистика мамандығында оқиды. Қатарластарының арасынан топ жарған Богдан – Президент шәкіртақысының иегері.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген ол – білім мен еңбекті ұштастырған студент. Жалынды жас СҚМУ-дің медиа-орталығында “Парасат” бағдарламасын дайындайды. Сонымен қатар екі тілде жарық көретін газеттің редакторы.

– Қазақ отбасында тәрбие алдым. Нағашы атам мен әжем мені ұлттық салт-дәстүрге баулып, толыққанды азамат болып ержетуіме сүбелі үлес қосты. Соның нәтижесі шығар, қазір қазақша еркін сөйлеп, екі тілде де мақала жазамын, – дейді ол.

Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын Богдан – университет қабырғасындағы жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы. Жастарды айрандай ұйытып, оларды қоғамдық жұмыстарға жұмылдырумен айналысатын жалынды жас жыл басынан бері бұл жерде елуден астам іс-шара өткізген. Басты мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына барынша ықпал ету.

Биыл түркі әлемі тойлап жатқан Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай СҚМУ-де ауқымды шаралар өтті. Жоспарлы жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына Богдан да атсалысты. Студенттер арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған сайыс жарияланды. Байқау аяқталған соң қаламы ұшқыр, ойы жүйрік жас ақындардың өлеңдері топтастырылып, жинақ ретінде шығарылады. Кітаптың тұсаукесері қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Богданның алдына қойған мақсаты – үш тілде еркін сөйлеп, болашақта журналистика саласының биік белестерін бағындыру.

Мемлекеттік тілді насихаттап, оның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген студенттің еңбегі де елеусіз қалып жатқан жоқ. Ол 2017 жылы облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика