ТҮЛЕКТЕР ТОЙЫ ТЫЙЫЛСА

Қолға аттестат алатын уақытты түлектер де, олардың ата-аналары да асыға күтетіні анық. Әлбетте, бұл – қуанышты сәт. Дейтұрғанмен, осы күнді дүркіретіп тойлауды әлі доғармай келеміз.

Жуырда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп бiтiрушiлер кешiн өткiзуге қатысты пікірін білдірді. “Бiз­дiң арнайы осы кештi өткiзетiн тұжы­рым­дамамыз жоқ. Бұл – жыл сайын өткiзi­летiн ресми мереке. Мектептер қалай өткiзетiнiн жақсы бiледi. Өткiземiз десе, мектеп әкiмшiлiгi, бақылау кеңесi мен ата-аналар кеңесi жиналып, ортақ шешiм қабылдайды. Ал ата-аналар “ақша жинамаймыз, бермеймiз” десе, ресми бөлiгiне, яғни аттестат тапсыру салтанатына қатысып, үйге қайта берулеріне болады. Оларды ешкiм қинамайды”, – деген болатын. Алайда, бұған барлық ата-ана көне қоя ма? Балаларын қатарынан қалдырмау үшін қайсысы қалтасын жапсын? Қыз-жігіттер де кешке барудан бас тартып жатса, бірге оқыған құрбы-құрдастарының алдында ұятқа қалатыны белгілі ғой.

Сондай-ақ, министр кешті ұйымдастырған кезде ысырапшылдыққа салынбау қажеттігін де алға тартып, “Түлектердің лимузинмен қыдыруына және қыруар ақша жинап, мектеп бітіру кешін шоуға айналдыруға моральдық тұрғыдан қарсымын. Екінші жағынан, оқушылардың таңды қарсы алуына, мектеп бітіру кешіне тыйым салуға да қарсымын”, – деген еді. Иә, салтанатқа түбегейлі тыйым салудың қажеті жоқ. Бірақ түлектердің бұл сәтті бәсекеге айналдыруы белең алып бара жатқандай. Жастардың “Біздерде мынадай бар, мынадай бар!” деп, қымбат автокөлік жалдап, түрлі көйлек киіп, мақтаншылыққа басатыны жанға батады. Қыздардың шаштарына қос бантик тағуының орнына жалбыратып жіберуді сән көретіні де дұрыс емес. Бұрынғыдай бұрым қоятын қыз некен-саяқ қазір.

Ас та төк той жасағанша, соған жұмсалатын қаражатты ертеңгі күннің игілігі үшін садақа ретінде берген абзал ғой. Немесе, балалар үйі, аз қамтылған отбасыларға көмектессең, шарапаты шаш етектен емес пе?! Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Мәселен, жақында Алматы қаласындағы №54 мектептің түлектері лимузинмен серуендеудің орнына қатерлі ісікке шалдыққан балаларға сыйлық алып бергенін естіп, қуанып қалдым. Ақшаны босқа шашпай, қайырымдылыққа жіберу – қашанда сауапты іс. Біздің өңіріміздің жастары да қатарластарынан үлгі алса екен.

Қанипа СЕРҒАЛИЕВА,

зейнеткер.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика