ШӘМШІ ҚАЙДА — ШАМШЫРАҒЫ ӘНІМНІҢ?

“Ммм, бас кетеді,

Оу бас кетеді, қылығыңда дым мән жоқ.

Түк күмән жоқ, менде түк кінә жоқ.

Сен, көнсең, мендік бол сен

Бла-бла, бос сөздерді қойшы ей

Талқылап, құрбылармен өңшең

Маған үйтіп, маған бүйтіп, маған үйтіп енді

Мінез көрсетсең, сезімге bang bang bang”.

“Бұл қандай шатпақ?” деп аң-таң болып отырған шығарсыз. Ойы бұлдыр, сөзі орашолақ бұл үзінді – “Gakku.kz” сайтында көп дауыс жинаған “Mad Men” тобының “Бас кетеді” әнінің қайырмасы. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың осындай әндермен құлақ құрышын қандырып жүргені ащы да болса, шындық. Жақында ақын Мұхтар Шаханов қазақ тілін қорлап жүрген осындай жас әншілерді сынға алды. “Телеарнаны басып қалсаңыз болды, жеңіл әндер. Мағына жоқ, мазмұн жоқ. Сөздерін де өздері жаза салған. Күлкілі жағдай”, – деді ақын. Айтса айтқандай, бүгіндері әншіден қадір, әннен қасиет кетті. Десе де, ішінен іліп алар дәнеңесі жоқ эстрада әндерін жастар сүйіп тыңдайды. Бұл – өскелең ұрпақ арасында ұлттық құндылықтардың құлдырауының көрінісі.

“Әннің де естісі бар, есері бар”, – деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтқандай, әнді де таңдап-талғап тыңдау керек. Алайда, зердесі таяз жастар сана сүзгісінен тек мән-мағынасы төмен әндерді ғана өткізіп отыр. Жеңілтек әндер хитке айналған заманда екінің бірі әнші болып, танымалдылыққа ұмтылуда. Осылай жұлдызы жанған қазақстандық жастар – Zhonty мен Nnbeka алғашқыда әлеуметтік желіде “Зың-зың” әнін жариялайды. “Шымкенттің қыздары зың-зың, ал Мика болса ваще дың-дың”, – деген бір-екі ауыз сөзбен ғана жастардың оң бағасын алып, сұраныс зор екенін білген олар кейін бұл әннің толық нұсқасын жарыққа шығарды. Бүгінде “Үоu tube” сайтындағы “Зың-зың” әнінің бейнеклипі 20 миллион рет қаралып, көрерменнің көңілінен шыққан. Сорақысы – ән тыңдалып қана қоймай, оқушылар арасында оның басқа түрлері туындап, асаба жігіттер тойларда кәдесіне жаратуда. “Әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа болмағандықтан, ойларына келгенін істеп жүр.

Тыңдарманның талабын түсінген болса керек, Райм мен Артур дейтін жігіттердің “Лучший” әні де көзді ашып-жұмғанша ауыздан-ауызға таралып кетті.

Сердце 80 рет стучит,

Вместе проводим ночи.

Кимесем де Армани, Гучи

Сен үшін буду я лучший, – деген әннің қайырмасы не орысша, не қазақша емес. Қазақтың қара домалақ қос баласының беті бүлк етпей осылай ән шырқауы мәдениетке жата ма?! Махаббат тақырыбын қозғап отыр десек, ішінен мөлдір сезімді таппайсың. Өкінішке қарай, бұл – жастардың сүйіп тыңдайтын әндерінің бірі. Мәселен, ән “Sazalem.kz” сайты жасаған рейтинг бойынша екінші орынды иеленсе, “Үоu tube”-тегі бейнеклипінің қаралым саны 3 миллионнан асқан. Сондай-ақ, бүгіндері бұл топтың қазақша-орысшасы аралас, түк мәні жоқ “Самая вышка” әні де өскелең ұрпақ арасында жоғары сұранысқа ие.

Жақында облыс орталығындағы Қазақстан Конституциясы көшесімен қыдырып жүрген қыз-жігіттерден қандай әндер тыңдайтынын сұрадым. Жасыратыны жоқ, дені батыстың даңғырлақ әуендерін тыңдаймыз деп шорт кесті. Көп тыңдалатын әншілердің арасында ресейлік Тимати, Макс Барских, Егор Крид, Элджей және отандық “Q-pop” орындаушылар – “Black Dial”, “Ninety one”, “Newton” топтары бар. “Q-pop” деген қандай музыкалық жанр тағы?” деп бас қатырып отырған боларсыз. Бұл – Оңтүстік Кореяда пайда болып, күллі әлемге тараған “K-pop” жанрының қазақстандық түрі. Яғни, бұл топтардағы жігіттер түсініксіз ән салып қана қоймайды, корейлерше боянады да. Енді, осыларға құлақ асып, еліктейтін ұрпақ өссе, ертеңгі күннің қандай боларын болжай беріңіз.

– Көбіне-көп біз мәтінге мән бермейміз. Әуені көңілден шықса жеткілікті. Мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әндерді ұнатамын. Мысалы, жақында ресейлік атақты “Песни” жобасында үздік үштікке кірген шымкенттік әнші Наzиманы сүйіп тыңдаймын, – деді өзін Динара деп таныстырған бойжеткен.

Он шақты респондентімнің арасынан мені Жанарбек есімді өреннің жауабы сүйсінтті. “Замандастарымның тыңдайтын әндері сылдыр су екенін мойындаймын. Талғамсыз дүниелердің бағасы аспандап кетті. Дәстүрлі әндерді тыңдар құлақ кем. Жастар Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев түгіл, “Мұзарт”, “Жігіттер” тобының әндерін де тыңдаудан қалып барады. Өз басым олардың шығармашылығын құрмет тұтамын. Сонымен қатар қазіргі таңда сахнада салмақты әндерімен көзге түсіп жүрген жас әнші – Қуандық Рахымды тыңдаймын”, – деген жас оның “Өлмейтіндер” әнін шырқап беруден тайынбады.

Мұқағали арқалаған ауыр мұң,

Шәмші қайда – шамшырағы әнімнің?

Әуелеген ән таба алмай,

Мәтінінен мән таба алмай,

Сағындым ғой, мен сіздерді, сағындым...

Түгел сөздің түйіні, қазақтың киелі сахнасында аузы бардың бәрінің ән шырқап жүргені жарамас. Сахнаның тәрбие құралы екенін ескермей, әншілерді сұрыптаудан қалсақ, өскелең ұрпақтың болашағына балта шапқанымыз. Жастардың талғамын түзеу ісіне бір кісідей жұмылайық, ағайын!

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика