ІЗДЕГЕН ЖЕТЕР МҰРАТҚА

Кемел келешек пен жарқын болашақтың тізгіні жастардың қолында екені мәлім. Бүгіндері мемлекетіміз жастар мәселесіне баса назар аударып отыр. Қай саланы алсақ та, айбыны асып, күш-жігері тасыған жалынды жандар қолдаудан кенде емес. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының “Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен өткен “Жастар синергиясы – бірлік энергиясы” атты форум.

Форумның негізгі мақсаты – жастардың инновациялық идеялары мен әлеуметтік жобаларын көпке таныстырып, үздіктерін анықтау. Форумға қолөнер шеберлері, стартап-жобалар авторлары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, кәсіпкерлер, жалпы еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық адам қатысты.

Астана төрінде бас қосқан замандастарымның жарқын жобалары маған қанат бітіргендей болды. Форумда “Табысты жобалар шеруі” және “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобалары бойынша бірнеше тақырыптар тыңдалып, “Business camp” алаңында белгілі кәсіпкерлер, ірі бизнес өкілдері шеберлік сабақтарын өткізді.

“Облысымыздағы дәрілік өсімдіктер жиынтығы және Қазақстанның фармацевтикалық компаниялары үшін шикізат дайындау” атты жобам “Green Startap” аталымында үздік атанды. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Жоба дәрілік өсімдіктердің адам өміріндегі маңыздылығы, пайдасы және дәрілік өсімдіктермен емдеу жолдарын зерттеуге арналған. Дәрілік шөптер әртүрлі аурулармен күресте таптырмайтын ем болғандықтан, табиғаттың берген сыйын тиімді пайдаланып, еліміздің фармацевтика саласын дамытуды көздеймін.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған форум жігерімен тау қопаруға дайын жалын иелеріне бағыт берді. Еліміздің әр өңірінің жастарымен емен-жарқын араластық. Кәсібінің нәсібін көріп жүрген тәжірибелі мамандар “Арманыңнан бас тартпа” деп жастардың қиялына қанат бітіргендей болды.

Мен бұл форумнан көп мағлұмат алдым, алдағы уақытта елімнің болашағы үшін бар күш-жігерімді аямай еңбектенуді алдыма мақсат етіп қойдым. Бағытың айқын болса, армандар орындалатынына көзім жетті. Талапты жастарға бизнестің тиімді тұстарын түсіндіріп, сан алуан идеялар сыйлаған жиынның пайдасын алдағы күндері көреміз. Үздік деп танылған стартап жобалардың авторлары өз идеяларын іске асыруға кірісіп кетті.

Айнұр ӘБІЛТАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика