ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН

Қазір жастардың тәртібі сынға сирек алынады. “Сырт көз – сыншы” екенін білсек те, тәртіпсіздікті көзбен ғана сынап, ауызбен әдепке салуға асықпайтын болдық. Мәселен, қоғамдық орында былапыт сөз айтқан жасты сөкпейміз. “Өзгенің баласында шаруам қанша?” – дейміз де, міз бақпаймыз. Артқа көз салсам, бұрынғы жастардың әлдеқайда тәртіпті болғанын байқаймын. Ауылдың қыз-жігіттері үлкенге құрметпен қарайтын. Кесе-көлденең келіп қалғанда анадай жерден кідіріп, үлкенді өткізіп барып, әрі қарай аяңдайтын. Сонда көрсетілген ізетке риза болып, “Айналайын, бақытты бол”, – деп, марқайып қалатынбыз.

Бүгіндері облыс орталығында тұрамын. Мұнда мәдениеттен ауылы алыс жастар аз емес. Үйім Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында орналасқан соң, жиі серуендеймін. Келеңсіз көріністердің куәсі болған кездерім аз емес. Орындықтарда демалып отырған жастардың қасынан өткеніңде, неше түрлі былапыт сөздерді қарша боратуды ар санамайтынын, тіпті қыз бен жігіт ренжіскен кездері ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шыққанын естігенде бетімді басып, тұра қашқым келеді. Жігіттер жиналған жерге көз салсаң, сол маңға ғана жаңбыр жауған ба деп қаласың, сөйтсек айналаға шырт-шырт түкіру олардың әдеті екен. Темекінің қорабын, тұқылын, ішкен, жеген заттарының ыдыстарын, шайнаған сағыздарын кез келген жерге тастап жүре беру дағдыға айналғандай.

Бұл көшеге шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлар жиі келеді. Суретке түсу үшін, әрине. Бірақ жалғыз жүрмейді. Жолдастарын ертіп алған олар шампан атып, музыканы даңғырлатып, ысқырады-ай келіп. Осындай бірнеше жұп келіп-кеткеннен соң, олардан бос қоқысқа айналған шөлмектер мен ыдыстар қалып жатады. Әп-әдемі жастардың әсем көшені осылай ластайтынына сенбейсің. Бірақ өз көзіңмен көрген соң, ыза боласың. Мен мұндайда олардың қасына барып, жұпты алдымен шаңырақ көтеруімен құттықтап, әңгімеге тартып, кейін жастарды сабырмен ақылға шақырамын. Тыңдамаса, зекіп тастаймын.

Қалалық әкімдіктің алдындағы алаңға да жастар жиі жиналады. Сондағы қыздардың қылықтары жанға батады. Екі білегі жігіттің мойнында, еш қымсынбастан аймаласып отырады-ау. Бұрын мұндай бассыздықты көргенімізде, бетіміз дуылдап, жерге кіріп кете жаздайтынбыз. Халқымыз “қызға қырық үйден тыйым” салатын. Сол кездің үлкендері жастардан жат қылық көрсе, соңына шам алып күресетін, үйде де, түзде де тәрбие жұмысы бір толастамайтын. Қазір өткеннің осындай өнегелі ұстанымдарынан ажырап қалғандаймыз. Тәрбие жұмысы бір мезетке тоқтамауы тиіс. Қолайсыз көріністерге бойымыз үйреніп, “сен тимесең, мен тименің” заманы туғандай мән бермейтін болып алдық. Мұндай немқұрайдылыққа жол бермеген жөн. Шектен шыққан әдепсіздіктің, тәрбиесіздіктің, арсыздықтың, қала берді намыссыздықтың белең алып бара жатқандығы ащы да болса, шындық. Сондықтан бұған жайбарақат қарамай, жігіттеріміз азаматтықтың, қыздарымыз инабаттылықтың үлгісін көрсетсін десек, тәлім-тәрбие берейік. Жастар өз кезегінде үлкеннің сөзіне құлақ асып, өнеге алсын. Тек сонда ғана өскелең ұрпақтың қадамдары құтты, болашағы нұрлы, өздері абыройлы болады.

Тұрғын БАЙСАЛ,

зейнеткер.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика