БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНБАСЫН...

“Тащер”, “хейтер”, “хайп”, “ещкере”, “лайк” сияқты сөздерді естігеніңіз бар ма? Өскелең ұрпақ хабардар болса да, аға буынға түсіндіре кетейін. Бұлардың барлығы – қазіргі таңда жастар жиі қолданатын тіркестер. Ана тілімізді шұбарлайтын басқа сөздерден құтыла алмай жүргенімізде, енді қатарға осылар келіп қосылды.

Яғни, кейінгі буынның сөйлеу әдебі мен мәдениеті түзелер емес. “Хайповый жігіт екен”, “Хейтерлер неге үндемей қалған?” деген сөйлемдер құлаққа түрпідей тиіп қана қоймай, қастерлі тілімізге сызат түсіруде. Ендеше, бұл жаргон сөздердің мағына­сына тоқтала кетейін.

Алдымен “жаргон”, “сленг” сөздерінің мағынасын ажыратып алайық. Белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың бас­қаларға түсініксіз, құпия мағынада сөйлесуі осылай аталады.

Орыстың “тащить” етістігінен құралған “тащер” сөзі командасын жеңіске жеткізетін ойыншы мағынасын білдіреді. Әсіресе, ол футбол ойнайтын жігіттердің сүйікті сөзіне айналған. Ал “лайк”, “хейтер” тіркестерін әлеуметтік желіде жиі кезіктіреміз. Біріншісі сонда тіркелген адамдардың суреттерін, жазбаларын ұнатып, “жүрекше” батырмасын басу болса, екіншісі – соның қандай да бір іс-қимылын, сөзін ұнатпай, сын айтатын жандарға тағылатын айдар. “Кел, осыны жасайық” деген мағынада қолданылатын “ещкере” сөзі де жастардың сөздік қорына әлдеқашан енген. “Хайп”-тың пайда болуы, тіпті, қызық. Қазақта “Атың шықпаса, жер өрте” деген сөз бар ғой. Міне, сол бүгінгі жастардың тілінде – хайп. Яғни, қыз-жігіттер танымал болу үшін түрлі ерсі қылықтарды жасауға дайын тұрады. Сөйтіп, жұртшылықтың назарын аударып, айналасында айғай-шу көтертеді.

Психологтардың айтуынша, ерекше сөйлеп, көзге түскісі келетін жастар осы сөздерге әуес келеді екен.

– Заманға сай болуға ұм­тылатын бүгінгі буын өздеріне ыңғайлы дүниені тауып алуға бейім. Әрине, киген киімі, таңдаған мамандықтары өзгеше бо­ларын білсек те, өздеріне ортақ тіл қалыптастырады деп кім ойлаған?! Таза қазақша сөйлей білсе де, өзгелерден ерекшелену үшін кейбір сөзді алмастырып жатады. Өйткені, бұлай ету, олардың ойынша, сәнді әрі абыройлы. Егер жастардың бірі “жаргондатып” сөйлесе, екіншісі: “Бұлай сөйлеуді қайдан үйрендің? Мағынасы қандай?” – деп сұрайды. Яғни бұл сөздер ерекше әсер етіп, оларды айтқан адам білімді көрінеді, – дейді психолог Эльвира Махметжанова.

Ал тіл маманы Айдана Смағұл жастардың ауызекі сөйлеу мәдениеті табалдырықта қалып қойғанын айтады. “Бейәдеп тілдің қатарына жататын, белгілі бір топта ғана қолданылатын жаргондар мен сленгтер өзгелерге ерсі естілуі мүмкін. Мысалы, әлгі “ещкере” сөзін алғаш рет естігенімде, мазақ сөз бе деп қалдым. Не грамматикалық, не фонетикалық тұрғыдан сипаты жоқ бұл сөзге жастар неге сонша құмартып жүр?! Сонда біз бұл жабайы тілмен қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз?!” – дейді Айдана Смағұл.

Жақында осылай тіл былғап жүрген жастардың әңгімесіне куә болдым. Аялдамада автобусқа екі жігіт отырып, қасыма келіп жайғасты. Сөздеріне құлақ салмайын десең де, еріксіз назар аударуға тура келді. Екеуінің диалогы күлкіні де шақырды, намысқа да тиді.

– ...Подписчиктерімнің көбі менің өткендегі жүктеген суретімді лайкать етпепті. Жмот боп кеткен бе, қалай?

– Хайпанем немножко? Шутка, зато комментарийлер көп қой.

– Қой, хайп жасаймын деп позор болмаймын.

– Лайк керек болса, бір программа бар арнайы.

– Иә, қазір кімде көп лайк бар, сол популярный ғой. Қандай программа? Плей-маркетте бар ма?

– Точно білмеймін, кейін ссылкасын вацаппен жіберем.

– Добро.

Қарап отырсаңыз, екі жігіттің әңгімесі бөтен сөзсіз өрбімейді. Оларды қолданбаса, бір-бірін түсінбей қалатындай. “Позор болмаймын” деп, орашолақ сөйлеген жастардың әңгімесі қарын ашырады.

“Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі”, – деп хакім Абай айтқандай, жастардың осылай тілді шұбарлап сөйлеуіне бәріміз де кінәліміз. “Әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа болмаса, кейін бұл індеттен айығу, тіпті, қиынға соғары анық. Олардың бойында тілге деген құрметті қалыптастыру – баршамыздың міндетіміз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика