ӨНЕРДЕГІ ЕГІЗ ӨРЕН

Петропавлдағы өнер колледжінде оқитын Алтынжан мен Алтыншаш Алматыда дүниеге келген. Егіз қыз 2013 жылдан бастап Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта білім алды. Өнер жолындағы алғашқы қадамдары да қасиетті Қызылжар топырағында басталды.

Тоғызыншы сыныпты жақсы тамамдаған егіз қыз білімдерін осы қаладағы өнер колледжінде жалғастыру туралы шешім қабылдайды.

– Отбасымыздың барлық мүшесі өнерге жақын адамдар деп айта алмаймын. Алайда, нағашы атам өнерлі. Мамандығы суретші. Қырық жылдай шәкірт тәрбиелеген. Бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын атамыз жас кезінде өз ансамблін де құрыпты. Яғни, өнер бойымызға атамыздан дарыды десек те болады. Бізді жастайымыздан өнерге баулып, бұл жолда әрқашан қолдау көрсеткен анамыздың да еңбегі зор. Төрт жасымыздан би үйірмесіне қатысып, мектеп қабырғасында түрлі концерттік бағдарламаларда ән айта бастадық, – дейді егіз қыздар.

Анасы Алтынжанды алғашында домбыра курсына берген екен. Алайда, алғашқы сабақ барысында қобыздың сазды үніне ғашық болған ол директорға барып: “Осы аспапта ойнағым келеді”, – депті. Талапты қыз осы кезден бастап қобызды меңгеріп, фортепьянода да ойнауды үйренген. Алтынжан жақында облыстық филармония жанындағы “Әлқисса” ансамбліне қабылданған. Қазақтың ұлттық аспабы жетігенде ойнауды меңгеріп жүр. Ал егізі Алтыншаш фортепьяно және кларнет үрмелі аспабын меңгеріп, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрындағы симфониялық оркестрдің құрамында өнер көрсетеді.

Алтынжан бағын сынаған ең алғашқы байқауды үлкен тебіреніспен есіне алып, баяндап берді.

– Жетінші сыныпта оқып жүрген кезде Омбы қаласындағы “Сібір жұлдыздарды жағады” атты байқауда бағымды сынадым. Түрлі өңірлерден жиналған талантты өнерпаздардың арасынан бірінші дәрежелі дипломант атандым. Өз өнерімді көрсетіп, қазылар алқасының бағасын алған ең алғашқы байқауым болғандықтан, бұл сайыстың менің өмірімде орны ерекше, – деді ол.

Өнердегі алғашқы сынағын табысты бастаған Алтынжан бұдан кейінгі байқауларда да зор жетістікке жетті. Қарағанды қаласында өткен “Ақ сұңқар” және Көкшетаудағы “Жас талант” байқауларында лауреат атанды. Алматы қаласында Ахмет Жұбанов және Күләш Байсейітова атындағы арнайы мектептердің ұйымдастыруымен өткен республикалық конкурсқа, “Көшпенділер әуені” атты І республикалық халық аспаптар орындаушыларының байқауына, тағы басқа сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген, арнайы сыйлықтармен марапатталған. Жас өнерпаздың айтуынша, бұл байқаулар оның өнер жолында жетілуіне, түрлі өңірлерден жиналған қатысушылармен танысып, өзара тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізген. Ал Алтыншаш жақында Қорған қаласында өткен “Сібір жұлдыздарды жағады” байқауына қатысып, Гран-приді жеңіп алыпты. Ең алғашқы байқауында оза шапқан ол алдағы уақытта үлкен асулардан асып, өңіріміздің, еліміздің намысын абыроймен қорғайды деген сенімдеміз.

Өнер колледжіндегі екі жылды ойдағыдай өткізген егіз қыз қалған уақытта да үздік нәтижеге қол жеткізіп, талай байқауларға қатысып, биік белестерді бағындырмақ. Ал колледжді тамамдаған соң Алматыдағы өнер академиясына түсіп, оқуларын сол жерде жалғастырмақ ниеттері бар. Олар осы күнге дейін бағып-қағып, өнердегі жолдарын ашқан, әрқашан қолдау көрсетіп, дұрыс бағытты таңдауға көмектескен аналарының, сондай-ақ, өнер колледжіндегі ұстаздарының еңбегін ақтауды өздеріне парыз санайды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика