БЕЛСЕНДІЛІК — БАСТЫ ТАЛАП

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Яғни, біз білім алып, еліміздің дамуына үлесін қосатын мамандық иесі атанып қана қоймай, қоғамдық өмірге де араласуымыз керек. Мен де жоғары оқу орнында білім ала жүріп, ерікті ретінде елімізде өтіп жатқан әртүрлі республикалық, халықаралық маңызы зор шаралардан шет қалмауға тырысамын.

Маңызды оқиғаларға араласып, тәжірибе жинақтау мақсатында биылғы жылдың қараша айына жоспарланған Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуға ниет білдірдім. Осылайша, бұл ауқымды шараға облысымыздан іріктеліп алынған 250 еріктінің қатарына ендім. Ол үшін бізге адамдармен тез тіл табысып, іскерлік қарым-қатынас орната білу, ең бастысы, көп тілді меңгеру сияқты талаптар қойылды. Іріктелген еріктілердің қатарында студенттермен қатар мектеп оқушылары да бар екенін айта кеткен жөн. Маңызды шараның жоғары деңгейде өтуі үшін қазіргі уақытта әртүрлі тренингтер ұйымдастырылуда. Психолог-маман Ғалия Баязитова бізге шара барысында өзімізді қалай ұстаудан бастап, адамдармен қарым-қатынас жасаудың қыр-сырын үйретуде.

Ерікті ретінде алғаш елордамыз Астана қаласында өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысқан едім. Көрмеде шет мемлекеттерден келген қонақтарды қарсы алып, тіл білмейтін азаматтарға жол көрсетіп, жалпы көрменің жоғары деңгейде өтуіне қолдан келгенше атсалыстық. Өңіріміздегі колледждер мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ден бұл шараға 70-ке жуық өрен іріктеліп алынған болатын. Еріктілерді таңдау кезінде тілді меңгеру деңгейлері мен жұртшылықпен тіл табыса алуына, сөйлеу мәнеріне ерекше көңіл бөлінді. Көрме қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған еріктілер 25 адамнан тұратын топтарға бөлініп, біреуіміз қауіпсіздік қызметінде, келесілері қонақтарды қарсы алуға, тағы бір топ аудармашылар санатына енді. Ал өз жұмысын үздік орындағандар көрме аясында ұйымдастырылған түрлі концерттер мен цирк қойылымдарын тамашалауға мүмкіндік алды.

Облысымыз үшін айтулы шаралардың бірі – ХIII ұлттық Дельфий ойындарын өткізуге де белсенді еріктілер жұмылдырылған болатын. Іріктеліп алынған 30 ерікті қатысушылар мен қонақтарды қарсы алып, шараны ұйымдастыруға атсалыстық.

Университетті тамамдағаннан кейін де қоғамдық маңызы бар шараларға белсене қатысып, өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.

Ғалымбек ДӘУЛЕТОВ, ерікті.

Петропавл қаласы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика