ПАЙДАЛЫ КӘСІП

Өмірдің жолы сан тарау. Қиналған сәтте қол ұшын берер сүйенішің болғаны қандай жақсы! Руслан Смағұлов – мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық танытып жүрген жастардың бірі.

Руслан Смағұловтың кәсібі мүмкіндігі шектеулі көрші әйелге көмек көрсетуден басталған. Бір қолынан айырылған мүгедек жанға қарапайым үй шаруаларын істеудің өзі қиынға соққан. Бір күні кеңпейіл жас көршісіне арнайы ыдыс-аяқ ұстағыш құрылғы жасап беру мақсатымен шеберханаға келеді. Бір айдың ішінде дайын болған алғашқы бұйымын көршісіне сыйлайды. Бұл сыйлыққа ол балаша қуаныпты. Жүректен шыққан жылы сөздер Русланға ой салады. Осылайша, ісін әрмен қарай жалғастыруға бел шеше кіріседі.

Руслан Смағұловтың жасаған затының баламасы елімізде болмаса да, шетелде бар. Дегенмен, олардың бағасы қалтаға салмақ түсіреді. Мәселен, Ресей және Қытайда жасалғандары 18 мың теңге тұрады. Осы жағдай жас кәсіпкерді белді бекем буып, кәсіпкерлікпен айналысуға жетелейді. Ойын жүзеге асыру үшін ол “My golden way” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашады. Жанындағы көмекшілерімен бірнеше аспап жасап, Петропавл, Көкшетау, Астана қалаларының әлеуметтік қорғау мекемелеріне, мүгедектер қоғамына өткізеді.

Бүгінде кәсіпкердің ағаштан жасалған бағасы қолжетімді өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Мысалы, қазір өңірімізде 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрса, олардың 7 мыңға жуығына осындай құрылғылар қажет.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға, ең алдымен, сегіз түрлі ұстағыш қажет екен. Олардың көбі – шұлық, жейде сияқты киімдерді киюге арналған құрылғылар. Енді бұлардың қайсысын өз цехымызда жасай алатындығымызға көз жеткізіп, іске кірісеміз, – дейді Руслан.

“Талпынған жетер мұратқа” демекші, үстіміздегі жылдың шілде айында “Үздік әлеуметтік жоба” өңірлік байқауына қатысқан жас кәсіпкердің асығы алшысынан түсіп, екінші орынды иеленді. 700 мың теңге ұтып алған ол енді республикалық жарыста өңір намысын қорғайды.

Руслан Смағұлов алдағы уақытта пластмасса өнімдеріне бет бұрып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, талапты жастың мақсаты – Еуропа және ТМД елдерінің нарығына шығу. Бұл үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы мен “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегіне жүгінбекші.

Ендеше, жас кәсіпкердің мүгедек жандардың өмірін жеңілдетсем деген талпынысына сәттілік тілейік.

Индира ЕРКЕБҰЛАН,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика