ӘСКЕРДЕН НЕГЕ ҚАШТЫҢ, БАЛА БАТЫР?

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте өткен жиын барысында бозбалаларды Отан алдындағы борышын өтеуге аттандыру барысында бірқатар кемшіліктер бар екені айтылды. Әскерге барудан жалтарған 538 болашақ сарбазға іздеу жарияланған. Ертең ел қорғайтын жастардың әскери борышын өтеуден қашқанын қалай түсінеміз?

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандарының мәліметінше, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында еліміздің әскери күш құрылымдарының қатарына 641 азаматты жіберу жоспарланған. Бірақ біздің облыс бойынша жастардың 629-ы ғана әскерге жарамды болған. Департамент бастығы Алмаз Тілеуханов қазіргі жастардың денсаулығында кінәрат көп екенін алға тартады. Сондықтан әскер қатарына қабылдау талаптары да күшейген. Енді Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбас бұрын бозбалалардың денсаулығы, білім деңгейі мен моральдық-психологиялық жағдайы қатаң түрде тексеріледі. Өткен маусымда екі мыңнан астам азамат денсаулығына байланысты әскер қатарына алынбаған.

Ал күзгі маусымда Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы Астана және Қарағанды қалаларындағы әскери бөлімдерге 700-ге жуық бозбаланы аттандыру жоспарланып, олар медициналық тексерістен өтуде. Қыркүйек айынан бастап 60-тан астам азамат комиссияның шешімімен шекара қызметіне жіберілген. Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына 315-ке жуық бозбаланы жөнелтуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Айман Әбжапбарованың айтуынша, әскерге барудан себепсіз бас тартқандар заң алдында жауап береді.

– Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарғандарға бір жылға дейін қамауға алу, түзеу жұмыстарына тарту, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу сияқты жазалар қолданылуы мүмкін. Ал өз денсаулығына қасақана зиян келтіріп, жалған құжат жасатып алғандар үш жылға сотталады. Биылғы көктемгі науқанда Аққайың және Қызылжар аудандарында әскерге барудан жалтарған екі бозбалаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кейін олар кінәларын мойындап, әскер қатарына алынды, – деген Айман Әбжапбарова бозбалалар заңды дұрыс білмегендіктен, оның қатаңдығын түсіне бермейтінін айтты.

Сонымен қатар Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарған 500-ден астам балаға іздеу жарияланып, бұл жұмыстарға жергілікті тәртіп сақшылары жұмылдырылған.

– Есіл ауданындағы Мектеп ауылында 1956-1960 жылдары аралығында туған 50-ден астам бала қатар өстік. Олардың екеуі ғана Отан алдындағы борышын өтегілері келсе де, денсаулықтарына байланысты әскерге бара алмады. Бір үйде сегіз ұлмыз. Бауырларым Чехославакия, Молдова, тағы басқа жерлерде екі жыл әскери борышын өтеді. Ал мен Балтық және Қара теңіздерде үш жыл әскер қатарында қызмет еттім. Ол кезде біз үшін әскерге бармау ұят саналатын. Ал бүгінгі жастардың түсінігі басқаша. Көрші қалаға барып, бір жыл Отан алдындағы борышын өтеуді қиынсынатындарын түсінбеймін, – дейді Есіл ауданындағы Мектеп негізгі мектебінің мұғалімі Қалижан Тәшкенов.

Бүгінде кейбір азаматтар әскери техникалық мектепте 40 күн әскери білім алуды жөн көреді. Оған 24 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ақылы түрде қабылданады. Осы уақытта әскери білім алып, түрлі емтихандар мен сынақтардан өтіп, әскери ант қабылдайды. Жыл басынан бері облысымызда 120-дан астам өрен Петропавлдағы әскери техникалық мектепті тамамдаған. Бұл жерде білім алуға ниет білдірген азаматтардың да денсаулығы, білім деңгейі мен моральдық-психологиялық тұрақтылығы тексеріледі. Алайда, оған негізінен, үйленген, отбасыдағы жалғыз бала немесе үйінің асыраушылары алынады екен. Осы мәселеге қатысты әскери техникалық мектепте білім алған азаматтардың да пікірін білген едік.

– Әскери техникалық мектепке Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарғандар барады деген пікірмен мен келіспеймін. Өйткені, түрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мен биылғы тамыз айында облыс орталығындағы әскери техникалық мектепте білім алдым. Онда бізге запастағы офицерлер дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Біз алған теориялық білімімізді тәжірибе жүзінде тексеруге мүмкіндік алдық. Облыс орталығына жақын орналасқан полигонға, сонымен қатар Ақмола облысының Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының полигонында “АК-74” автоматынан оқ атып үйрендік, – дейді қала тұрғыны Ерболат Нұрмағанбетов.

Өскелең ұрпақ әскерге барып, Отан алдындағы қасиетті парызын өтеуге ұмтылуы үшін оларға оның маңыздылығын жастайынан түсіндіру қажет. Осы ретте мектеп қабырғасындағы әскери-патриоттық тәрбие беретін іс-шаралардың маңызы зор.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика