“МАҚСАТЫМ — ҚЫЗЫЛЖАРДА ҚЫЗМЕТ ЕТУ”

Осыдан төрт жыл бұрын елімізде “Серпін – 2050: Мәң­гілік ел жастары – индустрияға” әлеуметтік жо­басы бастау алды. Соның аясында оң­түстік жастарына солтүстік өңірлердегі кол­ледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу, кейін сол жерде жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілуде. Алдағы жылы білімнің қарашаңырағы – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің қабырғасын 250 түлек тамамдап, жас маман атанбақ. Университеттің 4 курс студенті Айбол Нұрлыбекпен алдағы жоспарлары жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Мен – Алматы облысындағы Жамбыл ауданы Жылыағаш елді мекенінің тумасымын. 2014 жылы Маңғыстау, Қызылорда, Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының мектеп бітірушілеріне солтүс­тік­ өңірлердің жоғары оқу орында­рында тегін кәсіптік білім алу­ға жағдай жасалатынын естідім. Қарасай ауданындағы Жандосов орта мектебін бітіргеннен кейін мен де қатарластарыммен бірге “Серпін” бағдарламасына қатысуға бел будым. Жолым болып, ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсеттім. Ата-анам, туған-туыстарым Қызылжарға ақ баталарын беріп, шығарып салды. Міне, содан бері төрт жыл өтті. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тіл және әдебиет институтының төртінші курсын аяқтауға аз ғана уақыт қалды.

­– Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Соны сезініп жүрсіздер ме?

Еліміз жастарды білімді, бәсекеге қабілетті етеміз деп оқу-білімге ерекше назар аударып жатқан кезде үмітті ақтағанымыз жөн болар еді. Елімізде техника, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру саласы мамандарының жетіспеушілігі байқалуда. Серпіндіктер сол олқылықтың орнын толтырады деп сенемін. Сондай-ақ, бағдарламаның игілігін көріп отырған жастар ертеңгі күні осы өңірде қалып, ел игілігіне қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

– Қызылжарға бауыр басып қалған шығарсыз. Алдағы жоспарларыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Мағжан елінің әсем табиғатына, ерке Есілдің сұлулығына көз тоймайды екен. Бұл өңірдің адамдары да ақжарқын, кеңпейіл. Төрт жылдың ішінде өзіме жақсы достар таптым. Оқуымды аяқтағаннан кейін осы жақта жұмысқа орналасып, отбасын құрғым келеді. Ең бастысы, мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Бүгінде жас буынды заман талабына сай тәрбиелеуде әлі де үлкен ізденіс, жаңаша бағыт керек екендігі аңғарылады. Жас өрендердің өз елінің нағыз патриоты болып қалыптасуына өз үлесімді қоссам деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Маржан АҒЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика