КҮЛКІ - КӨҢІЛ КӨРКІ

Көңілділер мен тапқырлар клубы көрерменін қызықты әрі астарлы әзіл-қалжың арқылы баурайды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дегі “Бес жаңалық” командасы аз уақытта әдемі әзілдерімен көрермен көзайымына айналып үлгерді.

Командамыз, негізінен, “Журналистика” кафедрасының студенттерінен құралғандықтан, тобымызды “Бес жаңалық” деп атауды жөн көрдік. Сондықтан әрбір ойында әзіл аралас жаңалықтарды ұсынып, командамыздың өзіндік ерекше стилін қалыптастырдық.

Жас команда болсақ та, жергілікті “Қызылжар” лигасында өнер көрсету мүмкіндігі туды. Тәжірибелі, үздік құрамалардың арасында сынға түсіп, үшінші орынды иеленіп, мақтау сөздерден төбеміз көкке бір елі жетпей қалғаны әлі есімде. Студент болғаннан кейін уақытымыздың басым бөлігін оқуға жұмсауға тура келеді. Ал көңілділер мен тапқырлардың ойыны үнемі дайындық пен жаттығуды талап етеді емес пе?! Сондықтан уақытпен санаспай, әрдайым ізденіп, көпшілікке ой салар астарлы әзіл ойлап табуға тырысамыз. “Қостанай” лигасының ақтық кезеңіне жолдама алып, “Жыл жаңалығы” аталымын жеңіп алғанымыз – соның нәтижесі. Бұл жетістіктерімізге жігерленген біз тәжірибе жинау мақсатында Астанадағы дәстүрлі “Маусымашар” ойындарына қатысуға ниет таныттық. Дегенмен, ол жолы үздіктер қатарынан көрінуге тәжірибеміздің аздығы кедергі жасағанын жақсы түсіндік.

Десе де, өсу кепілі – ізденіс екенін естен шығармаймыз. Табандылығымыз бен ұмтылысымыздың нәтижесінде биыл тағы да “Маусымашарға” қатысу мүмкіндігіне ие болдық. 219 команданың арасында сәтті өнер көрсетіп, республикалық лига ойындарына жолдама алу үшін тиянақты дайындалып, тынбай еңбектену қажет екенін тағы бір мәрте ұғынғандай болдық. Фестиваль аясында өткен “Jaidarman Awards – 2017” кешінде 15 аталым бойынша үздіктер марапатталған болатын. Біздің облысымыз да жүлдегерлердің арасынан табылып, “Үздік аймақтық лига” аталымында жеңіске жетті. Сондай-ақ, “Қызылжар” лигасында топ жарып, “Ақмола” облыстық лигасында вице чемпион атанғанымызды да мақтанышпен айтуға болады. Бұл жеңістер бізді жаңа жетістіктерге жетелейді.

Соңғы екі жылдың ішінде Қызылжар, Қостанай қалалары әкімдерінің кубоктары сарапқа салынған фестивальдарға қатысып, арнайы кубок және “Үздік әзіл” жүлдесімен марапатталдық. Алматы қаласында өткен республикалық премьер-лига ойындарының да біз үшін маңызы зор болды. Күні кеше ғана Көкшетау қаласында өткен сайыстан бас жүлдемен оралдық. Жиырма команда қатысқан ойында мерейіміз үстем болды.

Алда талай сайыстарда бақ сынап, үздіктер қатарынан табылу үшін талпынамыз.

Сағындық СӘРСЕКОВ,

“Бес жаңалық” көңілділер мен тапқырлар командасының мүшесі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика