Сіз мындасыз: Home БІЛІМ БЕРУ “РЕКТОРЛАР АЛЛЕЯСЫ” АШЫЛДЫ

“РЕКТОРЛАР АЛЛЕЯСЫ” АШЫЛДЫ

Бұрнағы күні М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанында “Ректорлар аллеясы” ашылды. Салтанатты шараға оқу орнының басшылығы, ардагер ұстаздар мен студенттер қатысты.

Бұл университет – еліміздегі байырғы жоғары оқу орындарының бірі. 1937 жылы екі факультеті ғана бар мұғалімдер институты болып құрылған білім ордасы бүгінде көпбейінді университетке айналды. Сексен жыл ішінде оған он бес ректор жетекшілік еткен. Күрделі мәселелерді батыл шешіп, оқу үдерісіне жаңа технологиялар енгізген олардың еңбегі ешқашан ұмыт қалмасы анық. Солардың бірі – Лариса Побелянская тізгінді 1941 жылы қолына алып, соғыс жылдарында 55 медбикенің, 150 радиобайланысшының, 35 әуе және химиялық қорғаныс нұсқаушысының даярланып шығуына себепкер болды. Шараға оның шөбересі Владимир Побелянский қатысты.

Әрбір ректор университет тарихында өзіндік із қалдырған. Бірі оқу үдерісіне жаңалық енгізсе, екіншісі экспедициялар ұйымдастырып, жаңа факультеттердің ашылуына бастамашы болған.

– Менің есіме ең әуелі Вагинак Цатурянның есімі оралады. Ол алғашқы жатақханаларды салғызған еді. Ал Альберт Малыгин оқытушылар мен студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуларына ерекше көңіл бөлді, – деді университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Ғалиев.

Аллея қазіргі ректор Серік Өмірбаевтың бастамасымен ашылып отыр. Мұнда 15 шырша мен түрлі гүлдер отырғызылып, шамдар орнатылған. Жазғы уақытта субұрқақ жұмыс істейтін болады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.