Сіз мындасыз: Home БІЛІМ БЕРУ ЖАҢАШЫЛДЫҢ ЖОЛЫ ДАҢҒЫЛ

ЖАҢАШЫЛДЫҢ ЖОЛЫ ДАҢҒЫЛ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: “Табысты болудың басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім – әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді”, – деген болатын. Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, “білім культін” қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ.

Әр мұғалім, әр оқу мекемесі жаңа оқу жылынан ауқымды істердің нәтижесін көруге үміттенеді. Білім берудің мемлекеттік бағдарламасында білім беру ісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты білім беру жүйесін халықаралық талаптарға сай дамыту міндеті тұр. Бұл міндетті жүзеге асырудың бірден-бір жолы – педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесін жаңашаландыру, яғни өмір бойы үздіксіз білім алуға көшу.

Мұғалімдердің өз білімдерін жүйелі көтеріп отырулары – олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ететін негізгі фактор. Еліміздің білім беру саясатындағы көкейкесті мәселелердің бірі де осы мұғалімдердің біліктіліктерін жүйелі арттыру болып табылады.

Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру үрдісі кәсіби білім, білік, дағдыны қалыптастыру, педагогтің жалпы мәдени дамуын, оның тұлғалық көзқарасын және кәсіби маңызды сапаларын қалыптастыруды білдіреді.

Заман талабына сай педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруы өзгеруде. Соның бірі – әлемдік тәжірибеге негізделген шығармашылықты, астарлы ойларды талап ететін орта білім беруді жаңарту курстары. Оқыту барысында әр мұғалімге өзінің шығармашыл әлеуеті, жеке көзқарасы өте маңызды. Біліктілікті арттыру бағытында мұғалім жаңашылдықты қабылдай отыра, өзінің тәжірибесіне қорытынды жасайды, оқушыларды өздігінен білім алуға, шешім қабылдауға үйретеді.

Өзекті сұрақтарының бірі – оқушылардың нәтижелерін бағалау. Бағалау жүйесі – мұғалімдерді, оқушылар мен ата-аналарды қатыстыратын күрделі және көпфункционалды механизм. Бастауыш буын оқушыларын бағалаудың ерекшеліктері неде? Қалыптастырушы бағалауды пайдаланудың нәтижелері және келешегі қандай? 1-сынып оқушыларының білімін бағалаудағы жиынтық бағалау нені білдіреді? Бұл сұрақтар “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының ұйымдастыруымен Петропавл қаласындағы №23 орта мектеп базасында бастауыш сынып мұғалімдері үшін өткен “Критериалды бағалаудың мүмкіндіктері мен болашағы” атты облыстық тәжірибелік семинарда қарастырылды. Семинардың бағдарламасы тәжірибеге бағытталған және педагогтерге 1-сынып оқушыларына критериалды бағалауды енгізуге бағдарламалық материал ұсынылды.

Критериалды бағалауды енгізудің өзекті сұрақтары тренинг, шеберліксынып, коучинг, қысқа мерзімді сабақты жоспарлау, пікірталас алаңы, т.б. әртүрлі бағыттар арқылы өз шешімін тапты. Семинардың бірінші бөлімінде №23 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімдері Ботагөз Жәкенова мен Жібек Махаметова қалыптастырушы және жиынтық бағалауды енгізу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар қатысушыларына орыс тілі және математика пәндерінің сабақ әзірлемелерінің моделі көрсетілді.

Зерттеу сұрақтарын құрастыру және оны жоспарлау семинардың екінші бөліміндегі коучингте қарастырылды. №8 эстетикалық мектеп-кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу Мұхаметжанова өз тәжірибесімен бөлісті. Семинар қатысушылары қызметінің нәтижелері ретінде тиімді әдістер, бағалау жүйесі стратегиялары, кері байланыс (Фришман бойынша), ресурстық қамтамасыз етуді қамтитын 3 бөлімнен тұратын педагогтердің құрастырған ұсыныстары болды.

Ұстаздың шығармашыл әлеуеті оның әлемдік көзқарастық ұстаныммен, интеллектуалдық ортамен байланысты және оның дамуы жекебасты өзгерістің, өзіндік анықталудың іске асырылуы болып табылады.

Қазіргі кезде мұғалімге шығармашылықтың теориясы мен практикасы жайлы білім беру жеткіліксіз. Біліктілікті арттыру жұмысы шеңберінде олар шығармашылықтың жаңа түрі – адамның өзін-өзі өзгертуі, қайта түлетуі арқылы кәсіби шеберліктің шыңына жетуі тиіс.

“Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген, аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек”, – деп ұстаз болмысын шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби айқындаған екен. Олай болса, жауапкершілігі шексіз, қадірі мол мамандық иесінің ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алар орнын әр мұғалім бар болмысымен сезінгені абзал. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – білімді ұстаз.

Қарашаш ЖАМАНТАЕВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының аға оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.