Сіз мындасыз: Home БІЛІМ БЕРУ СӘБИДІҢ СЕРІГІ — РОБОТ

СӘБИДІҢ СЕРІГІ — РОБОТ

Петропавлдағы “Алтын бесік” балалақшасының тәрбиеленушілері робототехниканы меңгере бастады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде арнайы кабинет те жабдықталған.

“Алтын бесік” балабақшасы – уақыт ағымынан қалмай, алға бірге адымдап келе жатқан тәрбие ошақтарының бірі. Бақша тәрбиеленушілері “Монтессори” әдісі бойынша тәлім алып, ерте жастан шахмат ойынын меңгереді. Ұжым әрқашан балабақша жұмысына тың технологияларды енгізуге асық.

– Жаңа оқу жылын инновациялармен бастап жатырмыз. Жазғы демалыс уақытында педагогтер жаңа технологияларды қолдану әдісімен танысып, тәжірибе алды. Зертханалық кабинетте мамандар балаларға жауын құртының көмегімен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, экологиялық таза органикалық тыңайтқыштар өндіруді үйретті, – дейді “Алтын бесік” балабақшасының меңгерушісі Мәдина Дәрібаева.

Сонымен қатар бұл сәбилер үйінде электронды гаджет арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту әдісі де қолданылады. Балалар компьютер тілін де ерте жастан меңгеріп алған.

– Балалардың инженерлік мамандықтарға қызығушылығын 5 жастан бастап байқауға болады. Сондықтан біздің балабақшада робототехника арқылы оқыту үйірмесі ашылды. Әр топта 5 баладан бар. Біз оларға робот жасаудың ең қарапайым тәсілдерін үйретуден бастаймыз, – дейді “Робототехника” кабинетінің меңгерушісі Ержан Молдахметов.

Балабақшада робототехника үйірмесімен қатар, “Вундеркинд” эксперименталды зертханасы да іске қосылды. Мұнда балалар көптеген тәжірибелер жасайды. Ойын арқылы балаларды табиғатты сүюге, өсімдіктер мен жануарларды қорғауға және өзгелерге қамқорлық жасай білуге тәрбиелеуде.

– Биылғы оқу жылынан бастап балалармен бірге жаңа тәжірибе жасап жатырмыз. Оның басты мақсаты “жасыл экономиканы” дамытуға бағытталған. Сабақта балалармен бірге жауын құрттарын өсіріп, биогумус өндіру тәсілін үйренеміз. Мұндай тәжірибені, тіпті, үй жағдайында да істеуге болады. Бастысы балаларға қызық, – дейді “Вундеркинд” эксперименталды зертханасының меңгерушісі Гүлім Оспанова.

Балабақша ұжымы болашақта менталды арифметика үйірмесін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстардың барлығы балалардың ойлау қабілетін арттырып, зияткерлік зейінін және есте сақтау қабілетін жақсартуға септеседі.

Эльмира КӘЛЕНОВА.

Суретті түсірген автор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.