КЕЛЕСІ ФОРУМ ПЕТРОПАВЛДА ӨТЕДІ

Ресей және Қазақстан Президенттерінің қатысуымен Челябі қаласында XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Шарада сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, оны одан əрі дамытудың перспективалары қарастырылды. Тараптар келесі өңіраралық форумды 2018 жылы Петропавл қаласында өткізу туралы уағдаласты. Ол “Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар” тақырыбында өтпек.

2003 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан форумның пленарлық отырысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізде “Адам капиталын дамыту” бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

– Мұндай өңіраралық ынтымақтастық форумдар Ресей Федерациясындағы әріптестермен кәсіби қарым-қатынасты нығайта түсуге жол ашады. Ендігі меже – екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа белеске шығарып, адам капиталына жіті көңіл бөлу. Өңіраралық форум барысында біз Омбы, Түмен және Қорған облыстарындағы әріптестерімізбен кезек күттірмейтін мәселелерді дер кезінде шешу үшін ай сайын кездесіп отыруға келістік. Екі елдің өнімдеріне деген сұраныс қашан да жоғары. Сондықтан біз байланысты әрі қарай нығайтуға мүдделіміз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Солтүстік Қазақстан облысы ресейлік өңірлермен, оның ішінде Омбы облысымен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бүгінде бұл байланыс жемісін беруде. Үстіміздегі жылдың сегіз айында Ресей Федерациясымен жасалған облыстың сыртқы сауда айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 31 пайызға өскен. Соңғы бес жылда 40 пайызға көбейген өзара бірлескен кәсіпорындар бір жылдың ішінде 20 млрд. теңгенің салығын төлеген. Егер солтүстікқазақстандық кәсіпорындар Ресейден әртүрлі салаға қажетті тауарлар мен шикізаттарды сатып алса, өз кезегінде ресейлік компанияларға мұнай-газ құрал-жабдықтарын, спутниктік станцияларды, электрлік оқшаулағыш материалдарын, ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізуде.

Соңғы екі жылда тасымал саласына тартылған инвестицияның көлемі үш есе артып, 80 млрд. теңгені құраған. Өңір басшысының айтуынша, Петропавл халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін ол ұшақтардың барлық түрін қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Ал “Оңтүстік-Орал темір жолы” АҚ-ы облыс бойынша өтетін темір жол учаскелерін жақсартты. Келесі жылы Омбы, Қорған және Түмен облыстары аралығындағы жолдар бірінші және екінші дәрежеге сәйкес қалыпқа келтірілмек. Бұл өңірімізге келетін ресейлік туристердің санын 10-15 пайызға арттыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Құмар Ақсақалов балабақшалар мен Оқушылар сарайының құрылысына, жаңа қазақстандық оқыту жүйесіне, мектеп түлектерін жұмысшы мамандықтарына тегін оқыту мәселесіне тоқталып өтті.

Іссапар барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Челябі мемлекеттік университеті мен инновациялық технологиялар орталығын аралап, соңғы жетістіктерімен танысты. Университеттің ақпараттандыру жөніндегі проректоры Михаил Политов білім ордасында инновациялық технологиялар саласының мамандарын даярлау белсенді жүргізіліп отырылғанын атап өтті.

– Студенттерге теориялық тұрғыда ғана емес, тәжірибелік бағытта да сапалы білім беру маңызды. Бізде оқушыларға ғылымның негізін түсіндіретін заманауи құрал-жабдықтар базасы бар. Жүйе терең меңгерілмесе, заман талабына сай жұмыс атқару қиынға соғады. Дегенмен, студенттеріміздің жетістіктері аз емес. Жас ғалымдардың көптеген бағдарламалары мен жобалары олардың өздері үшін табыс көзіне айналуда, – деді Михаил Политов.

Проректордың айтуынша, оқу процесінің құрылымдық тұжырымы теория мен тәжірибені ұштастыруға негізделген. Оқытушылардың бұл бағыттағы негізгі көмекшілері – жергілікті зауыттар мен кәсіпорындар болып отыр.

Сондай-ақ, өңір басшысы жүйелік білім беру зертханаларында болды. Бұл жерде студенттер инновациялық технологиялардың инфрақұрылымдары мен оларды құру бойынша білімдерін жетілдіруде. Ал инновациялық технологиялар технопаркінің жетекшісі Лиана Галимова студенттер үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, зертханада студенттерге тамақ ішетін және демалыс бөлмелері қарастырылған. Келіссөздер жүргізетін екі арнайы орын да бар. Ғимараттың бірінші қабатында үлкен мәжіліс залы бар болса, екінші қабатта ірі технологиялық компанияларға арналған жалгерлік бөлмелер орналасқан.

– Сандық техноло­гиялар қарыштап дамып жатқан заманда экономиканы, білім беру мен ауыл шаруашылығы салаларын сандық жүйеге көшіру бойынша тәжірибе алмасудың ма­ңызы зор. Сондықтан біз үшін Челябі облысының ІT технология, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалары өте қызықты. Өйткені, Солтүстік Қазақстан облысында да машина жасау және ауыл шаруашылығы салалары жақсы даму үстінде. Қазіргі уақытта Петропавл қаласында төртқабатты Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратта инновациялық технологиялар орталығы құрылатын болады. Университеттеріңіздегідей бизнес аймағын біздің облысымызда да құру қажет, – деген Құмар Іргебайұлы аталмыш сала бойынша қарым-қатынас орнатудың маңызы зор екенін атап көрсетті.

“Адам капиталын дамыту” тақырыбына арналған форум аясында мемле­кет­аралық, үкіметаралық, өңірлік және қар­жылық келісімдер жасалды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Омбы облысының губернаторы Александр Бурков 2017-2020 жылдарға арналған экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.