ЖАҢА ЖЫЛДЫ ТОЙЛАУҒА БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ЖҰМСАЛМАЙДЫ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен кеше облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Әкімдік отырысында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеу бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова хабарлама жасады. Оның айтуынша, Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мерекелік шаралардың мазмұнында көрініс табуы керек. Сонымен қатар Елбасының ел үшін сіңірген орасан зор еңбегі мен Арқа төсіндегі Астананың алдағы жиырма жылдығы, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің қорытындысы да мерекелік шараларда айшықты орын алуы тиіс.

– Тұңғыш Президент күнін мерекелеуде, ең алдымен, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына баса мән берілгені жөн. Барлық елді мекендер Президент күнін мерекелеуде кеңінен қамтылып, білім ошақтарында, мәдениет мекемелерінде, этнобірлестіктер мен кәсіпорындарда мәдени-бұқаралық, қоғамдық-саяси, спорттық шараларды өткізу көзделуде. Мереке қарсаңында аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектер мен қарттарға қайырымдылық көмек көрсетілетін болады. “Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы” тақырыбында “дөңгелек үстелдер”, жастардың ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу жоспарлануда. Шығармашылық байқаулар да ұйымдастырылатын болады, – деді Әсем Қалашбайқызы. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында сынып сағаттары, түрлі байқаулар, ал мәдениет ошақтарында тақырыптық көрмелер, экскурсиялар өткізіледі. Спорт саласында да түрлі турнирлер мен сайыстар ұйымдастырылмақ.

Басқарма басшысы айтулы мерекеге орай өңірде бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылатынын қуана жеткізді. Оның ішінде екі көпқабатты тұрғын үй, ауылдық Мәдениет үйі, ойын-сауық кешені, “Қазпочта” АҚ-ы филиалының бөлімшесі, ет өңдеу кәсіпорны, балық өңдеу цехы, сүт-тауар фермасы, наубайхана, супермаркеттер мен азық-түлік дүкендері бар.

Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар нысандарды ашуға облыс орталығы мен аудандарда көп көңіл бөлінуі тиіс екенін ескертті.

– Мереке қарсаңында мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен басқармалардың басшылары тұрғындармен кездесіп, ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар туралы айтып, қойылған сауалдарға жауап беріп, мәселелерді бірлесе шешуге ықпал етулері керек. Әр мемлекеттік ұйымның атқарған ісі туралы халық кеңінен хабардар болуы тиіс. Сондықтан тұрғындармен кездесу өткізу керек, – дей келе өңір басшысы мерекелік іс-шаралар жоспары бойынша аудандарға жекелей тоқталды. Мәселен, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарында қайырымдылық шаралары жоспарға енгізілмеген.

Отырыста облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Ермек Рахимов Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің жоспарымен бөлісті. Басқарма басшысы өңірде 250-ден астам іс-шара өткізіліп, тақырыптық көрмелер, “дөңгелек үстелдер” мен шығармашылық ұжымдармен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар 1 желтоқсанда барлық мұражайларда “Ашық есік күндері” өтеді. Мәдениет саласы бойынша Уәлиханов, Жамбыл, Есіл аудандарында кітапхана мен демалыс орталықтары ашылмақ.

Отырыс барысында Құмар Іргебайұлы “Нұр Отан” партиясы идеологиялық тұрғыдан жұмыла жұмыс істеуі тиіс екенін айтып, жауапты тұлғаларға мерекелік шаралардың жоспарын қайта қарауды тапсырды. Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың күзетшісі ретінде өңір полицейлеріне де жүктелер міндет зор. Осы ретте облыстық ішкі істер департаменті тарапынан да қауіпсіздік шаралары күшейтілетіні белгілі болды. Мереке қарсаңында ішкі істер департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режіміне ауысып, қауіпсіздікке жауап береді. Тәулік бойы қоғам тыныштығын күзетуге 800-ге жуық полицей жұмылдырылмақ. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Адамдар көп шоғырланатын жерлер мен мәдени-бұқаралық шаралар өтетін орындарды бақылау бейнекамераларымен жабдықтауға да баса мән берілген.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – он айдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы. Облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Қалижанов баяндама жасады. 2017 жылдың қаңтар-қазан айларындағы статистикалық көрсеткіштер бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру – 18,5 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция – 10,7 пайызға, өнеркәсіп – 5,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,6 пайызға, бөлшек сауда – 1,1 пайызға, құрылыс жұмыстары 0,1 пайызға өскен. Өнеркәсіпте 180 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, Уәлиханов ауданында өндіріс көлемі бес есеге ұлғайған. Ал ауыл шаруашылығы саласында 461,1 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, өңірде ірі қара көбейген. Ет, сүт, жұмыртқа өндіруде Петропавл қаласы мен Қызылжар, Айыртау, Шал ақын, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар алғы шепте. Керісінше, Тайынша ауданы бойынша ет өндіру көлемі кеміп кеткен.

Сонымен қатар 50 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, жалпы ауданы 100,1 мың шаршы метрді құрайтын 906 пәтер тапсырылды. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі артса, Аққайың, Тайынша аудандары бойынша жұмыс қарқыны бәсеңдеген. Жыл басынан бері облыста көлік қызметі – 10,2 пайызға, оның ішінде қала ішіндегі автобустарда жолақы 23,1 пайызға қымбаттаған. Ал темір жол бағасы, керісінше, арзандаған. Тұтыну тауарларының ішінде кондитерлік, спирттік және спирттік емес ішімдіктер, сүт, ет және ет өнімдері мен темекінің бағасы өскен. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыс тұрғындарының саны 3742 адамға азайып, 559,6 мыңды құрады.

Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштерді тілге тиек етіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі мен құрылыс жұмыстарының артқанын жеткізді. Құмар Ақсақалов облысымыз ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша елімізде көш бастап тұрғанын атап өтті. Республика бойынша аталмыш салаға 206 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 53 миллиард теңгесі біздің облыстың үлесінде. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында еңбекақыны көтеру керегін айтып, аудан әкімдеріне бұл мәселеге баса назар аударуды тапсырды.

Әкімдік отырысындағы соңғы мәселе – бірқатар облыстық басқармалардың әкімдік мүшелерінің қарауына ұсынған қаулыларының жобалары. Мәселен, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жобасы бойынша Құмар Ақсақалов көлдерді жалға алып, балық шаруашылығының дамуына үлес қосушы тұлғалардың жұмысына бақылау жүргізу керегін айтты. Жауапты тұлғаларға сауда орындарында арнайы рейдтік шараларды ұйымдастырып, балық өнімдерінің түрлерін қадағалауға кеңес берді.

– Алда ауқымды шаралар бар. Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік мерекесі жақындап келеді. Жаңа жылдың да ауылы алыс емес. Жаңа жылға дайындық барысында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен Петропавл қаласын безендіруге қыруар қаржы бөлінетін. Енді бұл тәжірибеден бас тартуымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан биыл қаланың жаңажылдық безендірілуіне бюджеттен ақша бөлінбейді. Сатып алынатын шыршалардың санын да азайтып, мұз қалашығын салуға демеушілерді тартқан жөн, – дей келе Құмар Іргебайұлы үнемделген бюджет қаржысы қаланың абаттандырылуына жұмсалатынын айтты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.