АШЫҚТЫҚ — ТИІМДІЛІК КЕПІЛІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында ашық әрі есеп беретін мемлекет құру қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай өңірімізде облыстық әкімдік “Ашық есік күнін” өткізді. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара Петропавл қаласында ғана емес, барлық аудандарда өтті.

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрындағы “Ашық есік күні” шарасында облыс әкімі, оның орынбасарлары, барлық департамент және басқарма басшылары қызылжарлықтарды толғандырған мәселелерді тыңдады. Қабылдауға 115 адам келсе, оның отыз алтысы өңір басшысы Құмар Ақсақаловпен кездесіп, өтініш, тілектерін жеткізді.

Облыс тұрғындары көтерген мәселенің дені баспанамен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету, жер бөлу, кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу, аулаларға құрылыс жүргізуді тоқтату мәселелеріне қатысты болды.

– Алдағы уақытта өңірімізде “Ашық есік күні” тоқсан сайын өткізілетін болады. Мен өңір басшысы және “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде де тұрғындармен жүйелі түрде кездесемін. Аудандарға жұмыс сапарымен барған кезде де тұрғындармен жүздесіп, жергілікті жерлердегі жағдайды біліп отырамын. Сол себепті біз мұндай шараларды өткізуге, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесуге даярмыз. Мұндай шаралар жергілікті атқарушы биліктің жұмысының тиімділігін арттырады. Бүгін қабылдауымда болған тұрғындар көтерген мәселелер жан-жақты қарастырылып, алдағы уақытта шешілетін болады, – деді облыс әкімі.

Петропавл қаласының тұрғыны Алевтина Онищенко облыс басшылығының қабылдауына кіре алмай жүрген екен. Брусиловский және Гоголь көшелерінің қиылысында тұратын зейнеткер оңды-солды жүргізіліп жатқан құрылыстың салдарынан аула тарылып қалғанын ашына жеткізді. Қарттардың демалыс орнына, балалардың ойын алаңына айналған шағын бақтың аумағы түрлі мемлекеттік мекемелердің, жеке кәсіпкерлердің иелігіне өтіп кеткен. Осы маңдағы тұрғындардың арызын жеткізген зейнеткердің сөзін мұқият тыңдаған өңір басшысы бұл аумақты арнайы барып көріп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізетінін айтты.

Ал Есіл ауданының бес ауылдық округінде жұмыс істеп жатқан “Атамекен Агро Есіл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері олардың құрамынан үлескерлердің жер телімдерінің заңсыз шығарылып жатқанын жеткізді. Кезінде аталған серіктестікке жерлерін пайдалануға берген тұрғындар қазір басшылықты хабардар етпестен, өз бетінше жалпы жиналыс өткізіп, хаттама толтырып, оны Есіл аудандық әкімдігіне тапсырған. Аудан әкімдігі әлгі хаттама негізінде серіктестік құрамынан жерлерді шығару жөнінде қаулы шығарған. Осының салдарынан 2800 гектар жерден айырылған серіктестік өкілдері қараша айында да осындай жиналыстардың өткенін жасырмады. Аудандық әкімдік тағы да жалпы жиналыстың хаттамасы негізінде қаулы шығарыпты. Сотқа жүгінгендерімен, одан да еш нәтиже шықпаған көрінеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов соттың шешіміне әсер ете алмайтындықтарын, десек те, аудандық әкімдіктің әрекетінде қандай да бір заңсыздықтың бар-жоғын тексеруге болатынын айтты.

“Ашық есік күніне” келген қызылжарлықтар облыстық және аумақтық атқарушы органдардың басшыларымен де кездесті. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенконың айтуынша, оның қабылдауына келгендер мемлекеттік тапсырыс алуға жәрдемдесу, әлеуметтік төлемдердің дұрыс есептелмегені, жәрдемақы төленбей отырғаны жөнінде айтыпты. Жалпы қызылжарлықтар осындай “Ашық есік күні” шарасының өткізілгеніне риза. Себебі, бұл – өңір басшыларының жеке қабылдауында болып, мәселелерін тікелей айтуға таптырмайтын мүмкіндік.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.