ЕКІ ЖҮЗ ОТБАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыс орталығында көпқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов баспана иелеріне пәтер кілттерін табыс етіп, қоныстойларымен құттықтады.

Әрқайсысы жүз пәтерлік қос үй “Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында әлеуметтік жағынан қорғалмаған азаматтарға арнап тұрғызылған жалгерлік-коммуналдық баспана болып табылады. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов өз сөзінде тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда әл-жуаз топтарына үйлер көп жылдардан бері алғаш рет салынғанын атап өтті.

Бұл күні соғыс ардагерлері, жетім өскен жастар, ауған соғысына қатысушылар, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар мен оралмандар – барлығы 200 отбасы көптен күткен пәтерлеріне ие болды. Солардың арасында Бауыржан Зейнуллин мен Динара Кирибаеваның отбасы да бар. Осыдан он жылдай бұрын Динара жетім өскен бала ретінде үй кезегіне тұрған екен. Енді, міне, арманы орындалып, білім саласында жұмыс істейтін жұбайымен және екі баласымен үш бөлмелі үйге көшкелі жатыр. Ата-ана өз балаларының жарық әрі кең үйде, бастысы, өз баспаналарында өсетіндеріне дән риза.

Жыл соңына дейін Петропавл қаласында жалпы ауданы 200 мың шаршы метр тұрғын үй, атап айтсақ, тағы осындай екі жалгерлік-коммуналдық және 75 пәтерлі ипотекалық баспаналар пайдалануға беріледі. Ал келер жылы 1660 отбасы үшін 15 көпқабатты үй салынады. Сондай-ақ, “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында Солнечный кентінде 208 жер үй бой көтеретін болады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.