АЛТЫН КҮННІҢ ШУАҒЫСЫҢ, АЗАТТЫҚ!

Қазақ халқы сан жылдар бойы бір тудың астына жиылып, біртұтас, тәуелсіз ел болуды армандады. Бағасы өлшеусіз, қастерлі құндылыққа бүгінгі бақытты ұрпақ қол жеткізіп отыр. Ендеше, Тәуелсіздік – біздің баһадүр бабаларымыз бен арда арыстарымыздың ғасырлар қойнауынан арқауы үзілмей, мыңжылдықтардан жеткен арманы, үкілі үміті, тар жол, тайғақ кешу жылдарының өтеуі. Бүгінде азаттықтың арайлы таңының атып, егемен ел атанғанымызға 26 жыл толып отыр. Осынау ұлық мерекеге орай облыс орталығындағы Спорт сарайында салтанатты жиналыс болып өтті.

Бір жарым мыңға жуық адамның қатысуымен өткен мерекелік шараның алдында ортаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкелініп, Әнұраны орындалды. Содан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиналған жұртшылық пен барша солтүстік-қазақстандықтарды ел тарихындағы елеулі күнмен құттықтады.

– Бұл күн – шекарасын нақтылап, әлем картасынан орын теуіп, егемендігін жаһанға жариялаған Қазақ елі үшін ұлы бақыт. Осы кезеңде тәуелсіз елдің жаңа бір буыны өсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Әлем халықтарының тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ұлы буынына бұйырады. Осы бақытты буын – бүгінгі заманауи қазақстандықтар, ұлы буын ол – сіздер”, – деп атап көрсеткен болатын. Ата-бабаларымыздың арманы болған тәуелсіздіктің әр таңын қадірлеу – баршамыздың міндетіміз. Еліміздің Тұңғыш Президенті жүргізген сарабдал саясаттың арқасында мемлекетіміз осы жолды абыроймен өтті.

Қазақстан әлемге белсенді даму үлгісін көрсеткен жас мемлекет ретінде танылды. Өткен жылы ғана егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойын атап өткен еліміз бүгінде жаңа дәуір, баянды ертеңіміз үшін аса маңызды тағы бір белеске бет бұрып отыр, – деді өңір басшысы Құмар Іргебайұлы.

Осы салтанатты сәт үстінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Тимирязев ауданының әкімі Ербол Сағдиев “Парасат” орденін кеудесіне тақса, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Нежинка – Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұрат Жұмабековке, Уәлиханов ауданындағы “Қызылту-Нан” кәсіпорнының басшысы Кәрібай Дұсырыповқа, Аққайың ауданындағы Власовка орта мектебінің директоры Анатолий Заруцкийге, Қызылжар ауданындағы “Шағала-Агро” ЖШС-нің бас директоры Медет Төлегеновке және кардиология орталығының бөлім меңгерушісі Игорь Шумаковка “Құрмет” ордені табыс етілді. Үш адам 3-ші дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталды. “Ерлігі үшін” медалі үстіміздегі жылдың маусым айында суға батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарып, өзі ажал құшқан (Уәлиханов аудандық ауыл шаруашылығы колледжінде оқып жүрген) Нұрислам Жұмабековтің әкесіне табысталды. Сегіз адамға “Ерен еңбегі үшін” медалі берілді. “Шапағат” медалін есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерінен құралған “Sensitive” би тобының жетекшісі Ольга Растовщикова мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ақмарал Ибраева иеленді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы өмірдің түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген тоғыз солтүстікқазақстандыққа бұйырды

Тәуелсіздік жылдарында өңіріміз экономикалық-әлеуметтік жағынан ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Үстіміздегі жылдың 11 айында өңіріміздің өнеркәсіп кәсіпорындары 201 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 4 млрд. теңгені құрайтын алты жоба мақұлданды. Мемлекеттің қолдауының арқасында биыл 149 жаңа кәсіпорын ашылып, пайдалануға берілді, нәтижесінде бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылыпты. Биыл 1463 отбасы қоныстойын тойлады.

Салтанатты шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін сахнаға жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздары көтеріліп, ән мен биден шашу шашты. “Черный бриллиант”, “Арай” топтары орындаған “Туған ел”, “Көзімнің қарасы” әндері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Жанар Дұғалова қалың жұртшылыққа “Ризамын”, “Сәлем саған, туған ел” әндерін тарту етті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.