ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ТАРТУ

Тәуелсіздік күнінде Петропавл қаласында заманауи “City Mall” ойын-сауық кешені ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарын осынау оқиғамен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Еліміз үшін айтулы, халқымызға қастерлі мереке Тәуелсіздік күнінің әрқашан мәртебесі биік, алар орны ерекше. Тұғырлы тәуелсіздіктің арқасында халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыс орталығында зәулім де заманауи нысандар бой көтеруде. Тұрғындардың игілігі үшін өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, тамаша тарту ретінде ойын-сауық кешенінің ашылуын ерекше атап өткен жөн.

Алдымен, “City Mall” ойын-сауық кешеніндегі “Магнум” сауда желісінің жұмысымен танысқан облыс әкімі азық-түлік өнімдерінің бағасы мен сапасына баса мән берді. Заманауи үлгіде салынған сауда орындарының тұрғындар үшін маңызы зор және басқа сауда орталықтарына қарағанда мұнда тауарлар қолжетімді бағамен сатылуы тиіс екенін айтты. Кешеннің ішін аралап көрген өңір басшысы жергілікті өнімдердің үлесіне басымдық берілуі тиістігін ескертіп, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударды.

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымызда елуден астам нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде өндірістік кәсіпорындар, сауда орталықтары, білім беру кешендері, демалыс орындары, цехтар, тұрғын үйлер бар. Ал айтулы мерекеде осындай барлық талаптарға сай заманауи ойын-сауық кешенінің ашылуы облыс тұрғындары үшін зор қуаныш екенін айтқым келеді. Қазіргі таңда аталмыш кешенде 600 адам жұмыс істейді. Ал, жалпы, 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ, – дей келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов бүгінде заманауи сауда орталықтарының ашылуына өңірде ерекше мән берілгенін айтып, осындай тағы бір жоба іске асырылатынын хабарлады. Сондықтан игі істер әрі қарай жалғасын тауып, келесі жылдың күзінде тағы бір орталық пайдалануға берілмек. Құмар Іргебайұлы заманауи орталықтың ашылуына қатысқан қала қонақтары мен облыс тұрғындарын өңірде атқарылып жатқан игілікті істермен таныстыруды да жөн көрді. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен облыстың экономикалық дамуын тілге тиек етті.

Басты мақсат – облыс халқының әл-ауқатын көтеріп, қаланың көркеюін қамтамасыз ету екенін айтқан ол былтыр 800 пәтер берілсе, биыл 1463 баспана беру көзделіп отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 100 аула қалыпқа келтірілсе, ендігі жылы бұл жұмыс екі есе артық орындалмақ. Петропавлдағы барлық аулаларға асфальт төселіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бақылау камералары орнатылмақ. Бүгінде облыс орталығындағы аулаларда 70 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 340 камера орнату көзделуде. Осылайша, өңірдің тыныс-тіршілігіне тоқталып өткен облыс әкімі барша қауымды айтулы мерекемен құттықтап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына тілектестігін білдірді.

“МДМ сауда компаниясы” ЖШС-і құрылтайшыларының бірі Мехти Дадашов аталмыш ойын-сауық кешенін салудағы басты мақсат петропавлдықтар үшін қолайлы демалыс орнын ашу екенін атап өтті. Жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешеннің құрылыс жұмыстарына 2 миллиард 700 миллион теңге инвестиция жұмсалды. Үш қабатты кешенде “Магнум” супермаркеті, тұрмыстық техника мен құрылыс заттары, өндірістік тауарлар дүкендері жұмыс істейді. Келушілерге қызметтің түр-түрі көрсетілетінін де атап өткен жөн. Сондай-ақ, брендік киімдер дүкендері, кинопарк, мейрамхана, дәмхана, балалар ойын алаңы, боулинг те бар. Кешеннің жұмысына оң бағасын берген облыс әкімі ойын-сауық орталығы тұрғындардың сұранысына сай қызмет ететініне сенім артып, жұмысына сәттілік тіледі. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін аталмыш кешеннің қызығын тамашалап, Тәуелсіздік мерекесінде көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Елде осындай ілкімді істер, жақсы жобалар жүзеге асып, жағымды жаңалықтар көп болуына жұртшылық та тілектестігін білдірді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.