БАЛА ҚУАНЫШЫ — БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Ата-ананың басты байлығы – балапандардың шат күлкісі бәрінен қымбат. Сондықтан балаға күн сайын қуаныш сыйласақ та, еш артығы жоқ. Әсіресе, Аяз Ата, Ақшақармен қауышуды асыға күтетін балғындар үшін жыл соңы қуанышты сәттерге толы. Жаңажылдық көңіл-күй, қуаныш сыйлау мақсатында жыл сайын Президенттік шырша ұйымдастырылып, естен кетпес таңғажайып оқиғалар орын алады. Биыл бұл шара облыс орталығындағы Спорт сарайында өтіп, оған өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Спорт сарайының табалдырығынан аттаған сәттен-ақ өзіңді ертегі әлеміне тап болғандай сезінесің. Әсем безендірілген шырша балалардың ғана емес, ересектердің де көңілін көтеріп, ерекше сезімге бөледі. Ал түрлі жан-жануар, ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі костюмдер киіп, жүздері бал-бұл жанған балалардың қуанышында шек жоқ. “Астана – мақтанышым менің” атты тақырып аясында өткен жаңажылдық шыршада елорданың 20 жылдығы көрініс тапты. Әсіресе, театрландырылған қойылым, балалардың үстіне киген жаңажылдық костюмдері де мерейлі жылдың белгісін айшықтады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бейнежолдау арқылы балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

– Қымбатты балалар, баршамыз асыға күтетін жарқын мереке – Жаңа жылға санаулы күндер ғана қалды. Осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Сендер берекелі, бейбіт елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз: “Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды”, – деген сөзді бекер айтпаған. Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын да, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да мына сендер. Сондықтан біз ақылды да алғыр, зерделі де зерек болғандарыңызды қалаймыз.

Мен сіздерді алда келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын, – деп тілегін білдірген Мемлекет басшысының сөздері балаларды жігерлендірді. Мерекелік шарада облыс әкімі Құмар Ақсақалов та келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне арналған жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Жаңа жыл қарсаңында Президенттік шыршаның өткізілуі – жақсы дәстүр. Сіздер – тәуелсіз мемлекетіміздің бақытты ұрпағысыздар. Елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы сіздер үшін. Сіздердің спорттық, шығармашылық мүмкіндіктеріңді дамыту мақсатында жаңа білім ошақтары, заманауи спорт кешендері салынуда. Сондықтан дені сау, рухы биік, Тәуелсіз еліміздің білімді ұрпағы болуға тиіссіздер, – дей келе облыс әкімі Құмар Іргебайұлы оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсенді, алғыр да зерек балаларға өзінің ризашылығын жеткізді. Әсіресе, балақайлар Аяз Ата мен Ақшақарды қуана қарсы алды.

Мерекенің айшықты белгісіндей қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған шырша баршасын қуанышқа бөлесе, театрландырылған көрініс жаңажылдық шараның сәнін келтіріп, ажарын аша түсті.

“Қуанса, бала қуансын” демекші, Петропавл қаласының шығармашылық ұжымдары мен театр әртістері, сондай-ақ, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін арнайы шақыртылған көкшетаулық өнерпаздар мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан тамаша өнер көрсетіп, мерекенің көркін ашты. Еңсесі биік, тұғыры жоғары, ырыс пен ынтымағы, береке мен бірлігі жарасқан елдің осындай бақытты ұрпағы кішкентай жүректерінен жарып шыққан үлкен тілектерін айтып, ел ертеңін ойлаған аға ұрпаққа алғыстарын білдірді. Әсіресе, балалардың атынан сөз алған Аделия Құсайынованың жүректен шыққан жылы сөздері барша қауымды толғандырды. Білім көкжиегінде биік белестерді бағындырған, қоғамдық шараларға белсенді қатысқан, тағдырдың жазуымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасылардың балалары, жалпы саны 600-дей оқушы облыс орталығы мен аудандардан келіп, қызықты әрі мазмұнды өткен мерекелік шараның куәсі болды. Тағы бір айта кетерлігі, Астананың жиырма жылдығына арналған үздік жаңажылдық костюмдер байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Айыртау балалар үйінің тәрбиеленушісі Алина Богданова бас жүлдеге ие болды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.