САН ЕМЕС, САПА МАҢЫЗДЫ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, оның барысында екі мәселе қаралды.

Отырыста облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко баяндама жасады.

– Атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылдың қаңтарынан бастап жаңа форматта жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сәйкес әлеуметтік көмек тек мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетін болады. Отбасында азаматтар еңбек етуге қабілетті болса, онда көмек әлеуметтік жұмыс ұсыну аясындағы келісімшарт негізінде жасалады. Бұл ретте отбасының еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға міндетті болады. Төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасылар мен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек төлемдері жүзеге асырылмақ. Атаулы әлеуметтік көмек азаматтарға табысы күнкөріс шегінің 50 пайызынан төмен болған жағдайда ғана көрсетіледі. Жүзеге асырылатын бұл жаңашылдық тұрмысы төмен азаматтарды жұмыспен қамтуға оң ықпал етпек, – деді Сергей Яковенко. Оның айтуынша, облыста “Өрлеу” қанатқақты жобасы 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып, оның аясында аз қамтылған 668 отбасына көмек көрсетілген. Сондай-ақ, тұрғындар арасында ұйымдастырылған ақпараттық түсіндіру жұмыстары нәтижесінде аз қамтылған 4196 отбасы, яғни 16716 адам жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алудан үмітті. Ал оған республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 319,9 миллион теңге қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар ауылдық округ әкімдіктері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарынан барлық ақпаратты ала алады. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі азаматтардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғам мен еліміздің экономикалық дамуына оң ықпал ететінін басқарма басшысы ерекше атап өтті.

– Атаулы әлеуметтік көмек – өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік көмек шынайы мұқтаж адамдарға ғана төленуі тиіс.

Сондықтан еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа орналастыруға кәсіпорындар мен серіктестіктерді тарту керек. Адамдар үйде қол қусырып, үкіметтен көмек күтпегені жөн. Осыған дейін айтылған мал, бал шаруашылықтарын дамытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бірігіп күш салған абзал. Аз қамтылған отбасылардың санын қысқарту үшін нақты әрі жүйелі жұмыс істейік, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Осыдан кейін отырысқа қатысушылар биыл барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері бойынша атқарылған жұмыстар жайына ойысып, облыс әкімінің аппарат басшысы Қанат Сәрсенбаев хабарлама жасады. Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына ерекше басымдық берілуі тиіс екенін айтқан аппарат басшысы жаңа жылдағы есепті кездесулерге дайындық жұмыстарына тоқталды. Қанат Сәрсенбаев 2017 жылы барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен 649 есеп беру кездесуі өткенін айтты. Кездесуге қатысқан 66807 адамның 1725-і сөз сөйлеп, әлеуметтік, экономикалық және мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша сауалдар жолдаған. Оның ішінде елді мекендердің санитарлық жағдайы, абаттандырылуы, жол, әлеуметтік нысандар құрылысы, құқық қорғау, жер қатынастары, жұмыспен қамту мәселелері бар. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты да облыс жұртшылығы көп сауал жолдаған. Кездесу барысында айтылған 2140 ұсыныстың 959-ы бақылауға алынып, 1181-і сол жерде шешілген. Ал бүгінгі таңда негізгі 959 сауалдың 98 пайызы шешімін тапқанын жеткізген Қанат Маратұлы Петропавл қаласы, Қызылжар, Тайынша, Уәлиханов, Ақжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев сияқты аудандарда нақты жұмыстар орындалғанын тілге тиек етті. Осы орайда, өңір басшысы жауапты тұлғаларға сан емес, сапаға мән беріп, халыққа нақты атқарылып жатқан жұмысты көрсету керектігін ескертті. Орындалған жұмыстарды асыра көрсетіп, сандық көрсеткішті еселеудің қажеті жоғын айтты.

– Туындаған күрмеуі қиын мәселелердің барлығын бір мезгілде шешу мүмкін емес. Есеп беруде жауапты тұлғалар сандық көрсеткіштерге абай болғаны жөн. Халықты алдау, көзбояушылықтың қанша қажеті бар. Әдемі есептің түкке керегі жоқ. Нақты істелген жұмыстың қорытындысы болуы тиіс. Орындалмай қалған жұмыстар баршылық. Бірақ шешілмейтін мәселе жоқ. Бәріне уақыт керек. Ал адамдар біздің нақты жұмысымызды көруі тиіс, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындармен есепті кездесулерде жауапты тұлғаларға бюджет қызметкерлерін залда отыруға міндеттемей, мұң-мұқтажымен бөлісер жергілікті халықтың болуын қадағалауды тапсырды. Облыс орталығы мен аудандарды абаттандыру, көркейту мәселесін де назарда ұстап, бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, тиісті мекемелер Жаңа жылда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, ауа райы қолайсыздық тудырса, қажетті техникалар дайын тұруы тиіс екенін айтты. Отырысты жақсы тілекпен қорытындылаған өңір басшысы 2017 жылдың табысты болғанын айтып, келер жылдан күтер жақсылық көп екенін жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.