ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАЛЫНА ҚАТЫСТЫ

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы жаңажылдық қайырымдылық балына қатысты.

Мемлекет басшысы кешке қатысушыларға арнаған сөзінде Жаңа жыл мерекесі əрдайым көтеріңкі көңіл-күй мен бақытты болашаққа деген үміт сыйлайтынын атап өтті.

– Өтіп бара жатқан жыл жарқын жəне ауқымды оқиғаларымен есте қалады. Қысқы Универсиада мен халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесі қазақстандықтарға жəне шетелдік қонақтарға спорт пен технологияның тамаша мерекесін тарту етті. Біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің бейбіт бастамаларын ілгерілету мəселелеріне жəне алдағы жылы Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуінің перспективаларына ерекше тоқталды.

– Бұл – əлемнің екі жүзге жуық елінің жас мемлекетке білдірген айрықша сенімі. Келесі жылы Қазақстанда Əлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара ықпалдастық жəне сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ, басқа да көптеген маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл жеңістердің барлығы – əрқайсымыздың күш-жігеріміз бен қажырлы еңбегіміздің нəтижесі. Əрбір азаматымыз Қазақстанның жетістіктеріне қатысы бар екенін сезінгені маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кешке қатысушыларды келе жатқан жаңа 2018 жылмен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, қуаныш пен шаттық тіледі.

– Бəріміздің үйіміз мейірім шуағына бөленіп, бақ-берекеге толы болсын! – деді Қазақстан Президенті.

Жаңажылдық балды өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа бағытталатын болады.

“Akorda”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.