ЖАҢА ТӨРАҒА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Кеше “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда оның жаңа төрағасы таныстырылды.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясы жаңа жылды тың өзгерістермен бастап отыр. Былтырғы жылдың соңында өткен Бас кеңес отырысы барысында федерацияның жаңа төрағасы сайланса, одан кейін кадрларды ротациялауға байланысты бірқатар облыстық кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің төрағалары тағайындалды.

Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысқан Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінекеев “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жаңа төрағасы Ерік Нұрақаевты таныстырды.

– Солтүстікқазақстандықтарға Ерік Есімұлының есімі жақсы таныс. Бұған дейін ол Петропавл қаласының, Ақжар, Есіл аудандарының әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Осы өңірдің тумасы өзге де мемлекеттік қызметтерді атқарды, “Нұр Отан” партиясының қалалық филиалын басқарды, – деді ол.

Өз кезегінде Ерік Есімұлы орталық органның артып отырған сеніміне алғысын білдіріп, жиналғандарды өзінің бар күш-жігерін Елбасы Жолдауында еңбек қатынасын жетілдіруге байланысты алға қойылған міндеттерді орындауға жұмылдыратынына сендірді.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев облыс әкімдігі мен кәсіподақтар бірлестігі, ұйымдар үш жақты келісім негізінде табысты жұмыс атқарып жатқандығын айтты. “Осы күнге дейін 90 мыңға жуық жұмысшыға тұрақтылық кепілдігін беретін 1959 меморандум және 3800 ұжымдық келісімшарт жасалған. Биыл аталған келісімді алдағы үш жылға жаңарту міндеті тұр. Онда Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерді қамтып, еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктің сақталуы үшін бұрынғыдан да көбірек күш салуымыз керек”, – деді Асқар Жоламанұлы.

Отырысқа қатысушылар кәсіподақтың тізгінін ұстап келген Жамал Ахметоваға көпжылғы адал еңбегі, көпшілікке берген тәлімі үшін алғыстарын айтты.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика