ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың өкімімен Қызылжар ауданының әкімі қызметіне Жанат Сәдуақасов тағайындалды. Аудан активінің жиналысында облыс әкімі жаңа басшыны таныстырып, алдына бірқатар міндеттер қойды.

Қызылжар ауданын төрт жылға жуық басқарған Болат Жұмабековтің Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі болып тағайындалуына байланысты, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жаңа әкімнің кандидатурасы қаралды. Бұл қызметке Құмар Ақсақалов бұған дейін облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып істеген Жанат Сәдуақасовты ұсынды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді инженер-механик мамандығы бойынша тамамдаған Жанат Ғаббасұлы соңғы он жылда облыстық әкімдікте түрлі лауазымдық қызметтер атқарды.

– Қызылжар ауданының индустриялық даму мүмкіндігін ескере келе, жергілікті әкім қызметіне аталған сала бойынша білімі мен тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшіні ұсынып отырмын, – деді Құмар Ақсақалов. Депутаттар облыс әкімінің ұсынысын бір ауыздан қолдап, жаңа басшыға сәттілік тіледі. Ал Болат Жұмабековке ауданға сіңірген еңбегі үшін алғыстарын білдірді.

Аудан активімен кездесуінде облыс әкімі Жанат Сәдуақасовқа бірқатар тапсырмалар берді. Қызылжар ауданында агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіру, инвесторларды тарту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс.

– Ауданда индустриялық аймақ құру жобаларын қарастырып жатырмыз. Ресейлік өндірушілермен бірлесіп авиация зауытын салуды қолға алмақпыз. Бұдан басқа, қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізілген болатын. Жаңа әкімнің алдында осындай маңызды шараларды жүзеге асыру міндеті тұр, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс орталығына іргелес орналасқан аудан қалаға қажетті барлық азық-түлік өнімдерін де ұсына алуы тиіс. Ол үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары өндіретін өнім түрлерін көбейтіп, көлемін ұлғайту қажет.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер экспорттық әлеуеті бар өнімдерге бет бұруы тиіс. Сонымен бірге аудандықтар алдына майлы дақылдар өсірілетін алқаптарды 44 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Құмар Ақсақалов Бескөлдегі 15 мекеме мен 70 көпқабатты үйді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосып, алты жылға созылып кеткен бұл істі біржақты етуді тапсырды. Көмірді биотынға ауыстыруды қолға алу қажеттігі де айтылды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.