ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУ КЕРЕК

Мамлют ауданына да жаңа әкім тағайындалды. Бірнеше жыл ауданның тізгінін ұстап келген Ерболат Бекшенов облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалып, оның орнына бұған дейін Ақжар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Жастілек Сыздықов келді.

– Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға жету үшін төменгі сатылардың бәрінен өту қажет. Жастілек Болатханұлы еңбек жолын бухгалтерліктен бастап, кейін салық органдарында қызмет істеді. 2011 жылдан бері Ақжар ауданының әкімдігінде жауапты қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтады, – деді өңір басшысы.

Жастілек Болатханұлы өз кезегінде облыс әкіміне артқан сенімі үшін алғысын білдіріп, Президенттің алға қойған міндеттерін, өңір басшылығының тапсырмалары мен тұрғындардың тілек-аманаттарын орындауға барынша күш салатындығын жеткізді.

Өткен жылы Мамлют ауданының диқандары дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 18 центнерден өнім алған. Өңір басшысы жер қатынастары нормасына сәйкес үш жыл қатарынан мардымсыз жұмыс істеп, алқаптарды тиімсіз пайдаланған шаруашылық құрылымдарының меншігіндегі жерлерді қайтарып алуға болатынын еске салды.

– Көршілес Ресей елімен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнату мүмкіндігін пайдалануларыңыз керек. Жергілікті кәсіпкерлердің қайта өңдеу ісіне ден қойғаны жөн. Аудандағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі 600 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт кешенін іске қоспақ. Ол – аудандағы сүт өңдеуге бағытталған жалғыз кәсіпорын. Сондықтан бұл әлі де аздық етеді, – деді Құмар Іргебайұлы.

Аудан облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалардан тыс қалмай, әр сала бойынша жаңа технологияларды қолдану, бизнес-әріптестермен ынтымақтастық орнату, көлік-логистикасын дамыту сынды істерді қолға алуы тиіс. Биыл ауданға оңтүстік өңірлерден 59 отбасы көшірілмек. Сондықтан тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де ойластырылуы тиіс.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика