ТУРИЗМ — ТАРТЫМДЫ САЛА, ТАБЫС КӨЗІ

Облыстағы кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен кеңейтілген алқа отырысына өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Алқа отырысында есеп берген облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.

– Өңірімізде 27 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің саны бойынша Аққайың, Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев аудандары көш бастаса, бұл бағыттағы жұмыс Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандарында сылбыр жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілері 323,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Жалпы, 101 мың адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер бюджетке 40,8 млрд. теңгенің салығын төледі, – деді Құралай Амангелдіқызы.

Мемлекеттік қолдаудың тетіктерін пайдалана білген кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктерден 54,8 млрд. теңге несие рәсімдеген. Осындай қолдауға ие болған жерлестеріміз өңірімізде былтыр 30 өндіріс орнын ашыпты.

Туризм саласында айтуға тұрарлық жетістіктер бар. Басқарма басшысы өткен жылдың тоғыз айында бұл салада 705,3 млн. теңгенің пайдасы түсіп, бюджетке 140 млн. теңгенің салығы төленгенін хабарлады. Айыртау, Есіл, Қызылжар, Тайынша және Шал ақын аудандарында орналасқан туризм нысандарына 668,5 млн. теңгенің инвестициясы тартылған. “Нұр-Ас холдинг” ЖШС-і Қызылжар ауданында 720 млн. теңгенің жобасын жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр.

Жалпы, сала өкілдері демалушыларға 393 млн. теңгенің қызметін көрсеткенімен, ішкі туризмде әлі де шешімі табылмаған өзекті мәселелер мен кемшін тұстар баршылық. Осыған орай облыс әкімі демалыс орындарының бүгінгі жағдайын сынға алды.

– Статистикалық дерек бойынша, былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығында облысқа 53,2 мың турист келген. Яғни, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48 пайызға артық. Дегенмен, бес ауданда шоғырланған туристік нысандардың 91 пайызы талапқа сай емес. Туристерге көрсетілетін қызмет сапасы да төмен. Қосымша қызмет түрлері көрсетілмейді деуге болады. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілмегендіктен, біз өңіріміздің бар мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан әр ауданда ішкі туризмді дамыту картасын жасау қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.

Алдағы уақытта демалыс базалары мен қонақүйлер жаңғыртылып, оларға апаратын жолдар күрделі жөндеуден өтпек. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, қаңырап бос тұрған нысандар мен пайдаланылмай жүрген жер телімдері мемлекетке қайтарылады. Туристерді көптеп тарту үшін мұражайларға кіруге ақы алынбауы керектігін айтқан облыс әкімі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына бұл мәселеге байланысты нақты ұсыныс жасауды тапсырды.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Асанов өңірімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын облыстың серпінді дамуына оң әсерін тигізуде.

Жеңiс Мұхтарұлы облыстағы қайта өңдеу саласында серпін барын атап көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің 70,4 пайызы осы саланың еншісінде. Өңірімізде 67 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асырылып, 2,2 мың жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда 27 жоба жүзеге асырылса, 7 кәсіпорынға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Инвестиция тарту бағыты бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалардың арқасында 16 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, 700 жұмыс орнын ашу мүмкін болды. Соның нәтижесінде былтыр 50 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, 147,8 млн. АҚШ долларының өнімі шетелге экспортталды.

Елімізде бизнесті қолдау тетіктері жетерлік. Алайда, өңірімізде бұл салада өрлеу байқалмайды. Облыста өндіріс және құрылыс жұмыстарымен айналысатын бизнесмендердің нарықтағы үлесі тым аз екендігін атап өткен облыс әкімі алдағы уақытта өндіріске мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.

– Әлі күнге дейін тұтынушылық психологиядан арыла алмай келеміз. Тағамдар мен киімдер, басқа да бұйымдардың басым бөлігі шетелден жеткізілуде. Соңғы бес жылда ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі өспей тұр. Өңір экономикасы 2,8 пайызға ғана көтерілген. Біз барлық көрсеткіштер бойынша көштің соңында қалып қойдық. Өңірдегі машина жасау зауыттарында өндіріс қуаттылығы артқанымен, жұмысшылардың қатары азайып барады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Алқа отырысын қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов салада атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағасын беріп, басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.