МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ — ІСКЕ СЕРПІН

Дүйсенбі күні жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болған өңір басшысы Құмар Ақсақалов алдымен Казанка ауылдық округіндегі “Шатило және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын тіреді. 2012 жылдан бері егіншілікпен қатар, мал шаруашылығымен де айналысып келе жатқан серіктестіктің 220 гектар жері электр желісі бар қоршаумен төрт алаңға бөлініпті. Онда бүгінде 1750-ден астам асылтұқымды мал бақташының қарауынсыз жайылып, автоматты түрде жылытылатын науадан суарылады. Осындай әдіспен бағылған малдың қоңы жоғары болатынына көз жеткізген серіктестік директоры Олег Адам мал басын жыл соңына дейін 2,5 мыңға жеткізіп, тағы бір алаңды іске қосуды жоспарлап отыр.

– Өңірімізде етке сұраным зор. Қазір оның базарларға басқа жақтардан жеткізілетінін көріп жүрміз. Сол себепті, біз мал басын көбейтуіміз қажет. Мал шаруашылығы көптеген жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының аясында түрлі технологияларды қолданысқа енгізуіміз керек. Жалпы, алдағы уақытта облыс бойынша жеті заманауи тауарлы-сүт фермасын ашамыз. Мақсат – экспорттық әлеуетті арттыру, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Бұдан соң облыс әкімі Пресновка ауылындағы Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында аудан әкімі Иван Турков өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Өткен жылы аудандағы барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулері барысында 118 өтініш келіп түскен екен. Олардың 47-сі бақылауға алынып, шешімін тапқан.

Былтыр аудан диқандары 307,9 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18,5 мың гектарға көп. Егістік алқаптарды әртараптандыру ісі жүргізіліп, дәнді дақылдардың әр гектарынан 21,7 центнерден астық жиналса, майлы дақылдар 83,8 мың гектар жерге егілген. Дегенмен, ауданда бір гектар алқаптан 16-18 центнердей ғана өнім алған “Семеновское-Агро”, “Агросвет”, “Әжімбай-Агро” сияқты серіктестіктер де бар. Ал кейбір диқандар, тіпті, топырақ құнарлығын арттыруды ұмытып, тұқымды жаңартпаған. Өңір басшысы мемлекеттің қаржылай қолдауын пайдаланбаған бұл шаруашылықтардың басшыларын сынға алды. “Жер – мемлекеттікі. Ол ауыл шаруашылығы құрылымдарына пайдалы жұмыс істеу үшін жалға берілген. Қазір өнімді ауданның орташа көрсеткіш деңгейінен төмен алсаң, келісімшарт бұзылатыны заңмен қарастырылған. Биылдан бастап агроқұрылымдарға қойылатын талапты күшейтеміз”, – деп ескертті Құмар Іргебайұлы.

Ауданда шаруашылықтардың көбі малмен айналыспайды. Мұнда 248 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген болса, соның 60-ы үш мың гектардан астам жерге қожалық етіп, егін еккен. Дегенмен, олардың 43-і ғана мал ұстайды. Мемлекеттен миллиондап демеуқаржы алып, қолдау тауып отырған бұл серіктестіктерге Құмар Ақсақалов мал шаруашылығымен айналысуды тапсырды.

Бүгінде өндірісті автоматтандыру ісінде “Шатило және К”, “Атамекен-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері көш бастап отыр. Егістіктерінің жалпы ауданы 99 мың гектарды құраған кәсіпорындардың агротехникалық шараларды пайдалануларының нәтижесінде бір гектардан алынатын өнім 21,4 центнерге жетті. Алдағы уақытта шаруашылықта GPS навигация мен электрондық таразыны қолдануға “Ақ жер – 2010” және “Агротехника Жамбыл” компаниялары да ден қойып отыр.

Аудан әкімі өткен жылы жеті ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын хабарлады. Солардың бірі – “Айтуар – 2017” кооперативі сүт жинау бойынша жақсы нәтиже көрсеткен. Ақтың бір литрін 70 теңгеге бағалаған кәсіпкер жамбылдықтардан төрт айда жалпы мөлшері 61 тонна сүт қабылдаған. “Сергеевка сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен есеп айырысу арқылы тұрғындарға 4 миллион 600 мың теңге төлепті. Ал “Алисарай” жеке кәсіпкерлігі биыл Жамбыл ауылдық округінде 300 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын ашпақ. Бұл 12 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Алайда, сүт 13 ауылдық округтің сегізінен ғана жиналады. Құмар Іргебайұлы ақтың ел ішінде сұранысы жоғары екенін айтып, оны молайту үшін тұрғындардың ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуінің маңызын атап көрсетті.

Жамбылдықтар алдағы көктемде 2,5 мың гектар жерге – картоп, 600 гектарға көкөніс егуді жоспарлапты. “Мен әкімдерге көкөніс шаруашылығымен айналысуды тапсырдым. Әрбір ауылдық округте бақша болғанын бақылаймыз. Қазір өндіріп жатқан өніміміздің барлығы сатылуы тиіс. Аудан орталықтарында сервистік-дайындау пункттері ашылуы керек”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Осы орайда, Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Николай Волков көктемде 50 гектар жерге картоп екпек ниетте екенін жеткізді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына көмектеспек. Егіс жұмысына жергілікті агроқұрылымдарының бірі демеушілік білдіруге келісіпті. Өңір басшысы бұл бастаманың қолдауға тұрарлық екенін айтты.

Жиында жұмыссыздық мәселесі де қозғалды. Былтыр мұнда 1438 адам екі қолға бір күрек тапқан. Биыл тағы 1200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіпті. Облыс әкімі азаматтардың назарын омарта шаруашылығымен айналысуға аударды. Бүгінде ауданда үш-ақ адам осы кәсіптің арқасында табыс тауып отыр. “Біз қазір ниеттілерге омарташылық негіздерін үйретіп, микронесиелер береміз. Жақында өңіріміздің ара өсірушілері қауымдастығының басшысы Олег Гавриловпен кездескенімде жекелеген отбасылардың бір маусымда 80 килограмм бал өткізетінін білдім. Бүгінде өңірімізде бір килограмм балдың бағасы – 1,5-2 мың теңге. Ал Қытай оны 6 мың теңгеге сатып алады. Солтүстікқазақстандықтар жылына 300 тонна бал әзірлейді. Бұл – өте аз”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары Құмар Іргебайұлына көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Олардың қатарында жол, ауызсу, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бар. Азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған өңір басшысы барлық сұрақты бақылауға алатынын айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.