МЕКТЕПТЕРДЕ МҰҒАЛІМ ТАПШЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында білім саласы қызметкерлерінің алдына келелі міндеттер қойылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде бұл саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Айман Мамырханова қатысты.

Өңіріміздегі 1154 білім беру ұйымында барлығы 146 мыңнан астам жеткіншек тәлім-тәрбие алуда. Облыс мектептерінде 70533 оқушы білім нәрімен сусындауда. Бұл салада қиындықтар да жоқ емес. Петропавл қаласының төрт мектебі үш ауысыммен оқуда. 16 ауылдық мектепке күрделі жөндеу қажет. Қуантарлығы, 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбие және біліммен толық қамтылған. Ал кезекте тұрған 2-3 жас аралығындағы балғындардың саны – облыс орталығында 2699 бала. Үстіміздегі жылы кезекті азайту үшін бөбекжай-балабақшаларда 9 кіші топ ашу көзделуде.

– Жаңартылған бағдарлама бойынша білім беру үшін 8 мыңнан астам мұғалім қайта даярлықтан өтті. Ағылшын тілін оқыту бойынша 544 ұстаз курсқа қатысып, 207-сі тілді меңгерудің В1, В2 деңгейін дәлелдеді. Алдағы оқу жылында 3, 6 және 8-сыныптар жаңа бағдарламамен оқи бастайды. Оларды оқулықтармен қамтамасыз етуге облыс бюджетінен 466,5 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл мақсатқа аудандар мен Петропавл қаласы әкімдіктерінен бөлінген қаржы жеткіліксіз. Тағы да 159,5 млн. теңге қосымша қаражат қажет, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.

“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы білім беретін бірінші лицей негізінде “ІТ-лицей” ашу жұмыстары қолға алынған. Халықаралық тәжірибе зерттеліп, “CISKO” жүйелік академиясымен кадрларды оқытып, сертификат алу үшін келіссөздер жүргізілген. “Smart-балабақша”, “smart-мектеп” жобаларын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлық және сервис колледжінде мектептердің мүмкіндігі шектеулі түлектері мамандық алатын болады. Мұндай тәжірибе еліміз бойынша алғаш жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. 2018 жылдың тамыз айынан Петропавл қаласы мен аудан орталықтары мектептеріне қабылдау электронды форматта жүргізіледі.

– Облыстың 52 мектебінде “Робот техникасы” элективтік курсы оқытылады. Курс санын 149-ға жеткізу көзделген. Барлық мектептерді қажетті жабдықтармен қамтуға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілсе, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Хасенова.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев білім ордасында ауыл шаруашылығы, фармация, жалпы медицина мамандықтарын ашу қолға алынып жатқанына тоқталды. Қазіргі таңда университет оқытушылары мен білім басқармасының мамандары түлектердің басқа облыстарға немесе шетелдерге кетуінің алдын алу үшін Мағжан Жұмабаев, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарында кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізуде.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өткен жылы Ақжар ауданында “Серпін” бағдарламасымен колледж бітіргендердің бірде-бірі өңірімізде қалмағанын сынға алды. Осыған байланысты кәсіптік бағдарлау жұмысын күшейтіп, түлектердің шетелге кетуін тежеуді және “Серпін” бойынша оқыған балалардың өңірде қалып, еңбек етуін қадағалауды қатаң тапсырды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өңіріміз 2016 жылы республика бойынша 6-орында болса, 2017 жылы 15-орынға түскендігін ескеріп, бұл бағытта да жұмысты ширату қажеттігін айтты.

– Білім саласына облыс бюджетінің 25 пайызы жұмсалады. Бір баланы оқытуға жылына 669 мың теңге қарастырылған. Бұл қаражат біздегі шағын жинақты мектептерге байланысты еліміздегіден көп. Оқушылардың 93 пайызы кең жолақты интернетке қосылған мектептерде білім алады. Петропавл қаласындағы үш ауысымда оқып жатқан мектептер мәселесін “Береке”, “Жас өркен” шағынаудандарында салынып жатқан мектептер есебінен шешетін боламыз. Бүгінгі күні облыс бойынша 63 орыс тілі пәнінің мұғалімі жетіспейді. Осы мамандық бойынша 23 қана түлек оқу бітіреді. 72 математика пәнінің мұғалімі қажет болса, оқу бітіретін түлек – 37. Физикадан 24 маман қажет, биыл бітіретіні – 7 түлек. Мұғалімдер жетіспеушілігінің орнын толтыру мақсатында облыстық бюджеттен 75 грант бөліп отырмыз. Биыл педагогтер қатары 127 “серпіндікпен” және 192 колледж түлегімен толығады, – деді Құмар Ақсақалов.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан мүмкіндігі шектеулі балалардың үздіксіз оқуын қамтамасыз ету үшін өңірімізде инклюзивті білім беру ресурстық орталығын, білім беру саласы қызметкерлерінің мұражайын ашу, суық кездері және шағын жинақты мектептердегі оқушыларды онлайн-режімде оқыту мүмкіндіктерін қарастыру туралы ұсыныстар айтылды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика