ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ — ЕРТЕҢГЕ БАҒДАР

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен кеше облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімі барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерінің қорытындысына тоқталып, алда келе жатқан наурыз айындағы мемлекеттік мерекелерге дайындық барысына баса мән берді.

– Жыл басынан бері облыстық басқармалардың кеңейтілген алқа отырыстары өтіп, оның төртеуіне өзім қатыстым. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы айтылып, алда тұрған ауқымды міндеттер сараланды. Біраз жұмыс атқарылғанымен, кейбір экономикалық көрсеткіштеріміз республикалық деңгейден төмен. Сондықтан ширақ жұмыс істеп, өзіміздің мүмкіндігімізді көрсетуіміз керек. Жүзеге асуы тиіс бірқатар ауқымды жобалар бар. Биыл барлық бағыт бойынша нәтижелі жұмыс күтіледі, – дей келе Құмар Ақсақалов есепті кездесулерде тұрғындар тарапынан елді мекендердің жағдайы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол құрылысы, сапалы ауызсу, әлеуметтік салалар бойынша көптеген сауалдар жолданғанын жеткізді. Әсіресе, өңір басшысы емханалардағы ұзын сонар кезектің әлі де жойылмай отырғанын айтты.

Отырыс барысында алда келе жатқан Алғыс айту, Халықаралық әйелдер күні және Наурыз мейрамына дайындық шаралары туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова баяндама жасады. 1 наурыз – Алғыс айту күнін атап өтуде Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше басымдық берілуі тиіс екені айтылды. Қазіргі таңда біздің өңірде Достық үйінде – 26, аудандарда 169 этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін жеткізген баяндамашы шараны өткізу барысында аталмыш қоғамдық құрылымдардың әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігін атап көрсетті. Алғыс айту күнінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен облыстық форум, жастар клубтарының ұлттық киімдер фестивалі, мерекелік концерт, Тайынша ауданына қарасты Ясная Поляна ауылында “Қайырымды көршіге рақмет!” атты жалпыреспубликалық акция өткізілмек. Тұрғындардың әлжуаз тобына арналған “Қайырымды ел” қайырымдылық шарасы ұйымдастырылмақ. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қорғау мекемелерінде де “дөңгелек үстел”, кездесу, байқау, көрме өткізу жоспарлануда.

Отырыс барысында мемлекеттік мереке 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін атап өту мақсатында өңірлік шаралар жоспары әзірленгені белгілі болды. Ұжымдарда салтанатты кездесулер ұйымдастырылып, салаға сүбелі үлес қосқан қыз-келіншектерге құрмет көрсетілмек.

Мерекелік шарада көпбалалы, ардагер аналарға, соғыс ардагерлерінің жесірлеріне сый-құрмет көрсетілсе, құқық қорғау органдары мен әскери салаларда қызметтік парызын өтеу барысында қайтыс болған азаматтардың зайыптары, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар қайырымдылық шараларына қатыстырылмақ. Көпбалалы аналарға “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілері салтанатты түрде табысталатын болады. Өзге де шаралар өткізіліп, өздерінің табанды еңбектерімен танылған қыз-келіншектерге құрмет көрсетілмек.

Сонымен қатар жаңару мен тазарудың, жақсылық пен молшылықтың, ырыс пен құт-берекенің бастауы болар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын сән-салтанатымен атап өту үшін бірқатар ауқымды шаралар жоспарланған. Көрмелер ұйымдастырылып, танымдық және ойын-сауықтық бағдарламалар, театрларда қойылымдар көрсетіліп, сынып сағаттары, ертеңгіліктер, салтанатты отырыстар ұйымдастырылмақ.

Облыс орталығында да Наурыз мейрамы кең ауқымда аталып өтілмекші. Этноауыл құрылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі, мерекелік сауда, спорттық жарыс, ұлттық ойындар, байқаулар өтеді. Петропавл қаласында былтыр бастау алған әр аулада Наурызды тойлау биыл да жалғасын таппақ. Өз кезегінде облыс әкімі Құмар Іргебайұлы көпшіліктің көңілін табу үшін Орталық алаңда құрылатын киіз үйлердің есігі кез келген адамға ашық болуы тиіс екенін айтты.

Отырыста сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ермек Рахимов наурыз айында жалпы саны 1500-ден аса мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылып, оның 700-і қайырымдылыққа негізделетінін жеткізді. Түрлі бағыттағы жиын, отырыс, кештерді айтпағанда, Сегіз серінің 200 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен жазушылардың қатысуымен ғылыми конференция өткізу көзделуде.

Ал күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Наталья Дышкант өңірдегі коммуналдық меншікті жекешелендіру барысына тоқталды. 2016-2018 жылдар аралығында 15 мекеме сатылып, 73 миллион теңгеден астам пайда түсті. Жекешелендірудің нәтижесінде 129,6 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Ақық 2018-02-28 06:36
Өңір басшысы Құмар Ақсақлов ырыс пен рухани жаңғырудың мерекесі - Наурызды тойлау жөнінде жақсы бастама көтерген екен. Шынымен де, бұған дейін тігілген киіз үйлер, қазан-қазан асылып жатқан ет, ошақ жанындағы самауыр, бір сөзбен айтқанда Наурыз дастарқаны тек шенеуніктер үшін ғана жайылатын. Ал мерекеге барған халық тоңып-жаурап үйіне қайтатын. Биылғы Наурыз жылдағыдан өзгеше болғалы тұр.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика