ПАРЛАМЕНТ ПЕН ҮКІМЕТТІҢ ҚЫЗМЕТІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗІЛУГЕ ТИІС

Президент Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдау аясында қойылған міндеттердің іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

Елбасы инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ, бұл үрдіске “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасына қатысушылардың креативті әлеуетін пайдалану қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.

– Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Олар үшін ілеспе аударма жасау мүмкіндігін қарастырған жөн, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы латын қарпіне кезең-кезеңмен көшудің маңыздылығын айтып, қазақ тілін үйрету әдістемелерін жетілдіру мәселелерін жан-жақты зерттеуді тапсырды. Бұдан бөлек, Елбасы киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселелеріне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің телеарналарындағы сериялық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, массмедиа жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кездесу барысында Дәурен Абаев Қазақстан Президентіне “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын іске асыру жоспары туралы баяндап, оның басым бағыттарын түсіндіруге байланысты шаралар жөнінде мәлімет берді.

“Akorda”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика