ФОРУМҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Биыл күзде Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, форумға дайындық барысымен танысты.

Жұмыс сапары Петропавл қаласының халықаралық әуежайынан басталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әуежайдың ұшу-қону жолағына және аэровокзал ғимаратына жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы баяндады.

– 2016 жылы Үкімет резервінен бөлінген 7 млрд. теңгеге ұшу-қону жолағының төсеніші жаңартылды. Жолаушылар терминалы қайта жөнделіп, жарықпен белгі беретін құрылғылар орнатылды. Бұған қоса барлық инженерлік-коммуникациялық желілер алмастырылды, рентген-телевизиялық тексеру құрылғысы сатып алынып, видеокамералар орнатылды. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Петропавл халықаралық әуежайы кез келген санаттағы әуе кемелерін қабылдай алатын мүмкіндікке ие болды, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы биыл жолаушыларды әуежайға жеткізетін тасжолға күрделі жөндеу жүргізу үшін 985 млн. теңге жұмсау жоспарланғанын атап өтті. Алдағы уақытта әуе кемелерінің тұрағын 2-ден 6 орынға дейін кеңейту керек. Сондай-ақ, әуежайдың балансында тұрған арнайы техниканың ескіруіне байланысты форумның қарсаңында 370 млн. теңге тұратын 7 арнайы техника сатып алу қажеттігі туындап отыр. Асқар Ұзақбайұлы өз кезегінде әуежайдың тұрағын кеңейту және арнайы техника сатып алу мүмкіндіктерін қарастыруға уәде берді.

Содан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына үстіміздегі жылы облысымызда жол жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндалды. “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ның бас инженері Арман Қайырбековтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде 142 шақырым тасжол жөнделіпті. Қазіргі уақытта 60 шақырымға созылатын Петропавл қаласы мен Ресей Федерациясы шекарасы арасындағы жол учаскесі жөнделу үстінде. 27 млрд. теңге бюджет қаражаты бөлінген. Жөндеу 2019 жылы толық аяқталмақ. Сонымен қатар Петропавл қаласының кіреберісіндегі жол өткелін қайта құру жұмыстары қолға алынған. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 1,2 млрд. теңгені құрайды. Биылғы жылдың күзінде бұл жұмыстар толық аяқталады.

Астаналық мейман “Жас өркен” шағынауданына ат басын бұрып, Оқушылар сарайының құрылысымен танысты. Бас мердігер – “BI Civil Construction” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Виктор Богма нысанның бірінші және екінші қабаттары көтерілгенін хабарлады.

Ғимаратқа коммуникациялық желілер тартылыпты. Наурыз айының ортасында нысанның кіреберісі қолға алынатын болады. Өңірімізде балалар туризмін дамытуға септігін тигізеді деп күтілген ғимараттың құрылысына 3,6 млрд. теңге бағытталған.

Оқушылар сарайы IT-технологиялармен жарақтандырылатын болады. Бұл жерде танымдық және ойын-сауықтық қызметтердің түр-түрі көрсетіледі. Сондай-ақ, киностудия, киберқауіпсіздік және виртуалды шындық кабинеті, бағдарлау зертханасы, кинотеатр және тағы басқа кабинеттер оқушылардың көңілінен шығары сөзсіз. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,4 млрд. теңге жұмсалатын болады.

Бұдан бөлек, шағынауданда “Казградстрой-НС”, “Основание”, “СтройКомпания” және “Кокчетауская топливная база” құрылыс компаниялары 144, 192 және 312 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуде. Алдағы уақытта шағынауданда 2700 пәтерлік тұрғын үй кешендері, мектеп, театр, басқа да әлеуметтік нысандар салу жоспарланған. Қазірдің өзінде теннис орталығының құрылысы аяқталды. Нысандарды аралаған Премьер-Министрдің орынбасары форумның басталуына алты ай ғана уақыт қалғанын еске салып, құрылыс жұмыстары барысында жылдамдық пен сапаға мән беру қажеттігін ескертті.

Содан кейін Асқар Мамин бастаған топ “Скиф” қонақүйінің мәжіліс залында өткен жиында Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындық жұмыстарының барысын талқылады. Жиналысты ашқан бірінші вице-премьер былтыр Ресейдің Челябі қаласында XIV өңіраралық ынтымақтастық форумының жақсы ұйымдастырылғанын атап айтып, сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланатын форум Петропавл қаласында да жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

– Былтыр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге келесі өңіраралық ынтымақтастық форумның тақырыбын “Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар” тақырыбына арнап, оны Петропавл қаласында өткізуді ұсынған болатын. Бұл жолы туризм тақырыбының таңдалуы кездейсоқ емес. Қызылжар өңірі бұл салада үлкен мүмкіндіктерге ие. Форум өңірдің және жалпы Қазақстанның туризмдегі бар әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп отыр, – деді Асқар Ұзақбайұлы.

Бұдан соң облыс әкімі Құмар Ақсақалов форумға дайындық барысы және ішкі туризм саласында қолға алынып жатқан жобаларға кеңінен тоқталып өтті. Өңір басшысының айтуынша, облыс орталығында жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қаланың кіреберіс көшесі бойында 1950-1960 жылдары салынған жер үйлер сырылып, олардың орнына заманауи ғимараттар бой көтеруде.

– Форум қарсаңында қаламыз жаңа кейіпке еніп, көркейе түспек. Атап айтқанда, былтыр Үкіметтің қолдауымен бөлінген бюджет қаражатына Петропавл қаласының 10 орталық көшесінің 35 шақырымы қалпына келтірілді. Дегенмен, әлі де шеткері орналасқан көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, көше шамдары ауыстырылып, екі мыңнан астам электр энергиясын үнемдегіш жарықдиодты шам орнатылды. Нәтижесінде жылына 15 млн. теңге үнемдеу мүмкіндігі туды. “Ресей темір жолы” ашық акционерлік қоғамының филиалы алдағы екі жылдың ішінде темір жол вокзалын жаңғырту және вокзал алаңын абаттандыру жұмыстарына 666 млн. теңге бағыттап отыр. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларының 80 пайызын абаттандыруға бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінді, – деді Құмар Іргебайұлы.

Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорт аймағында демалыс орындары салынады. Тағы бір жоба Қызылжар ауданында жүзеге аспақ. Ал Петропавлда “Dostyk Mall” сауда ойын-сауық кешенін ашу жоспарланған.

Жиын барысында форумға келетін қонақтарды мейманханаларға орналастыру мәселесі де қаралды. Бүгінде бұл мақсатқа 19 қонақүйде 750 орын қарастырылған. Қазіргі уақытта тағы екі қонақүйдің құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, 1200-1300 қонақ келеді деп күтіліп отырған форум барысында жатын орын тапшылығы туындауы мүмкін. Сондықтан бұл бағытта әлі де біраз жұмыс жүргізілуі керек.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика