КЕҢЕЙГЕН КӨКЖИЕКТЕР

Кеше М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен облыс активінің жиыны өтті. Шара барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес әлеуметтік бастамадан туындайтын міндеттер талқыланды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Елбасының бес бастамасына жеке-жеке тоқталып, осы бағыттар бойынша облыста атқарылуы тиіс міндеттер жайлы баяндады.

– Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында жария етілген “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуінде көтерілген мәселелер әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге, қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтуға бағытталған. Сондықтан оның бәрі де егемен еліміздің, оның ішінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Тұңғыш Президентіміз атап айтқандай, бұл міндеттерді жүзеге асыру әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа әлеуметтік жобаларға жол ашуымызға мүмкіндік береді. Біз бұл бағытта белсенділік танытуымыз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, баспананы қолжетімді етуге бағытталған “7 – 20 – 25” бағдарламасы өңірлердегі тұрғын үй құрылысына жаңа қарқын бермек. Себебі, жұмыс істеп жүрген әрбір азамат жеңілдетілген шарт бойынша ипотекалық қарыз алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз болса, алғашқы жарна 20 пайыздан аспайды. Ал несиені төлеу мерзімі 25 жылға созылады. Бағдарламаны жүзеге асыруға ел бюджетінен 1 трлн. теңге бөлініп, бір миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласында он үш мың адам пәтер кезегінде тұр. 2017 жылы мемлекет тарапынан және жеке қаржыландырудың есебінен 200,1 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа енгізу мүмкіндігі туды.“Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы бағдарламасы мен “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында жалпы аумағы 118,3 мың шаршы метрді құрайтын 19 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өткен жылы Ұлттық қордың қаражаты есебінен сатып алу құқығынсыз төрт тұрғын үй немесе 400 пәтер пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы осындай 200 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, өңір аумағында 1600 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осыған орай, облыс әкімі екінші деңгейдегі банктердің тұрғын үй құрылысына белсенді түрде тартылуы тиіс екенін атап көрсетті.

Сонымен бірге, Құмар Ақсақалов ел Президентінің салық жүктемесін азайтуға қатысты бастамасын ерекше атап өтті. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 125 теңгеден төмен жалақы алатын қазақстандықтар үшін салық жүктемесі 10 есе азайтылып, 1 пайыз ғана салық салынбақ. Бұл – үлкен жеңілдік.

– Бүгіндері табысын жасырып жүрген азаматтар, көлеңкелі бизнестегі кәсіпкерлердің көбі – салықтың ауырлығынан лажсыз жалтарып жүргендер деуге болады. Ауылды жердегі кейбір шаруа қожалықтарының басшылары жұмысшыларына ең төменгі жалақыны белгілеп, еңбекақыны конвертпен беріп жүргенін білеміз. Салық жүктемесінің азайтылуының нәтижесінде 867 млн. теңгенің шығыны болатындығына қарамастан, тұрғындардың кірісі артады. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар күнделікті қажет азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеулері қажет. Енді табысын жасырмай көрсететіндер мен жалақысы жұмыс берушіге ауыртпалық салмастан көбейетіндер қатары артады деген үмітіміз бар, – деді өңір басшысы.

Облысымызда шағын және орта бизнесті дамыту ісі де жергілікті биліктің тұрақты бақылауында. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешетін болады. Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие берудің неғұрлым тиімді тетіктері қарастырылуда.

Елбасы 2018 жылы қосымша 20 млрд. теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырды. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Өткен жылы облыста 2 млрд. теңгенің 437 шағын несиесі берілсе, оның 425-і ауыл тұрғындарына тиесілі болды. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 2,8 млрд. теңге бөлінсе, оның 1,7 млрд. теңгесі елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталмақ. Сондай-ақ, “Бизнес бастау” жобасы аясында 937 жерлесіміз оқыту курстарынан өтсе, биыл олардың санын екі мыңға жеткізу көзделген. Алдағы уақытта несиелеу қаржысы 5 млрд. теңгеге дейін жеткізілмек. Осыған орай, облыс әкімі басшыларға жаппай кәсіпкерлікке бет бұру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тасырды.

Бұған қоса өңір басшысы бес әлеуметтік бастамада атап айтылған студент жастардың өмір сүруі мен білім сапасының мәселелеріне тоқталды. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарына жыл сайын 54 мың грант бөлініп келсе, 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінетін болып шешілді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болмақ. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын мыңдаған жаңа маманды даярлауға мүмкіндік бермек. Ең алдымен, инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандарына басымдық берілмекші. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.

– Бүгіндері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 48 мамандық бойынша мыңдаған студент білім алуда. Биылғы жылы оқу ордасында ауыл шаруашылығы және медицина факультеттері ашылып, 23 мамандық бойынша студенттерді қабылдайды. Нәтижесінде еліміздің басқа өңірлеріндегі медициналық академияларда оқып жатқан солтүстікқазақстандық студенттер қарашаңырақта интернатурадан өту мүмкіндігіне ие болады, – деді Құмар Ақсақалов.

Қазақстан Президенті бастамаларының бесіншісінде газбен қамтамасыз ету мәселесі айтылған. Қазір елімізде тұрғындардың тек 50 пайызға жуығы газ қолданады. Ендігі кезекте Елбасы еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің 2,5 млн. тұрғынын көгілдір отынмен қамту мәселесін көтерді. Осыған орай алдағы бір-бір жарым жылдың ішінде магистральды газ құбырлары салынатын болады.

– Біздің облысымызда өндіріс және үй шаруашылығында негізінен сұйылтылған газ қолданылады. Табиғи газдың тапшылығы өңір тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруді, өңір экономикасын дамытуды шектеп отыр. Сондай-ақ, көмір жағудың нәтижесінде экологияға зияны келтірілуде. Көгілдір отын біздің облысымызға Астанадан Көкшетау қаласы арқылы жеткізілетін болады. Газ магистралінің жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымды құраса, оның 141 шақырымы облысымыздағы тасжолдың бойымен тартылады. Магистраль Қызылжар, Аққайың және Тайынша аудандары арқылы өтеді. Өңірімізді табиғи газбен қамтамасыз ету көптеген әлеуметтік мәселелерді шешіп, экологиялық жағдайды жақсартатын болады, – деп сөзін қорытындылаған Құмар Ақсақалов аталған бастамалардың орындалуы жергілікті атқарушы органдардың міндеті екенін ескертіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Жиынға қатысқан “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Владимир Кожевников тұрғын үйдің қолжетімділігі туралы, банк шарттары жайлы баяндаса, жоғары оқу орнының ректоры Серік Өмірбаев гранттар санын арттыру және медицина факультетін ашуға қажетті клиникалық база құру мәселесін көтеріп, оқу орнына бес жүз орынға шақталған екі жатақхана қажеттігін алға тартты. Ал “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалының басшысы Әсемгүл Қайырденова өңірімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстарының барысы жайлы әңгімеледі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика