АРУЛАР — АЯУЛЫЛАР, АРДАҚТЫЛАР

Тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын діңгегі, жарық дүниедегі әдемілік пен сұлулықтың символына айналған аналар мейрамы қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов қыз-келіншектерді шуақты мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан нәзік жандар мен көпбалалы аналарды марапаттады.

– Әйел – адамзаттың анасы. Қанша жасқа келсең де, ананың орны бөлек. Әлемдегі әсемдік пен сұлулық – әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған деген даналық бар. Сіздермен күн шырайлы, өмір қызық. Өмірге бала әкелу, тәрбие беру, отбасын ұстау Сіздерге жүктелген. Соған қарамастан, ер-азаматтармен қатар жұмыс істеу қолдарыңыздан келеді. Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында еңбек етуде. Облыстың өркендеу жолында тер төгіп жүрген барлық аналарға, қарындастар мен қыз-келіншектерге ризашылығымды білдіремін, – дей келе Құмар Ақсақалов облыстық ішкі істер департаментінің штаб бастығы Сәуле Андағұлованың, “Sensitive” би ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикованың қажырлы еңбектерін, Уәлиханов ауданында тұратын көпбалалы ана Алтын Жолдаспаеваның ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесін тілге тиек етті. Ел мақтанышына айналған белгілі спорт саңлақтары Жанат Жақиянов, Александр Винокуровты дүниеге әкелген аналардың есімдерін де ерекше құрметпен атады.

Бүгінгі таңда өңірде бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған 4,5 мың көпбалалы ана бар. Оның 1556-сы – “Алтын алқа” алқасының иегері. Бұл орайда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды бауырына басып, ана махаббатына бөлеген Тұяқ Есқожинаны қалай атап өтпеске? Батыл қадам жасап, 360 балаға қамқор болған ержүрек ананың қайырымды ісі – баршаға өнеге.

Салтанатты жиында отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, ұрпағымен өмірін мәнді де сәнді еткен ардақты жандарға лайықты құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Петропавл қаласының тұрғыны Роза Аманбаеваға “Алтын алқа” алқасы табысталды. 39 жастағы ана дүниеге сегізінші перзентін әкелген. Сонымен қатар шарада Анастасия Кельбах, Александра Омарова “Күміс алқа” алқасының иегері атанды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, қоғамның рухани негізін нығайтуға үлес қосқан нәзік жандардың еңбегі де елеусіз қалмады. Түрлі салаларда жұмыс істейтін Гүлзия Едіресова, Әлия Ыбыраева, Сауда Нұрмұқанова, Надежда Шутюк, Гүлмира Қоңқабаева, Бибігүл Райынбекова, Валентина Самковская, Әлия Әбенова, Зәуре Нұрмұқанова, Ирина Чиркова өңір басшысының Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатары облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Бұл күні әже, ана, жар, әпке-қарындастарға айтылған жүрекжарды лебіздер толастамады. Күннің шуағындай айналасын нұрға бөлеген аяулы жандарға көтеріңкі көңіл-күй, қуаныш сыйлаған мерекелік концертте аналардың құрметіне әсем ән қалықтап, күмбірлеп күй төгілді. Салтанатты шарада Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры әртістерінің музыкалық-поэтикалық қойылымы ұмытылмас әсер қалдырды. Жиналғандар эстрадалық-джаз, эстрадалық-симфониялық оркестрлердің, “Sensitive”, “Туған жер”, “Қарлығаш”, “Айналайын” ән, би ансамбльдерінің өнерлерін де жылы қабылдады.

Облыстағы мәдениет мекемелерін басқарып отырған ер-азаматтардың орындауындағы “Сен сұлу” әні көңілден шықты. Басшылық қызметте жүрген Темірғали Әбілмәжінов, Евгений Глотов, Ермек Рахимов, Арман Бердағұлов аяулы аналар, қырмызы қыздар мерекесінде әннен шашу шашып, көпшілікті тамсандырды. Облыстық ішкі істер департаментінің өнерпаздары да шырайлы мерекенің ажарын аша түсті.

Кеш барысында өмірдің шуағына айналған қыз-келіншектердің жүздерінен қуаныштың, бақыттың шынайы күлкісін аңғардық. Аналардың мейірімімен айнала алтын нұрға боялып, сұлулығын шашып тұрғандай.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика