ОРТАЛЫҚ САЛЫНБАҚ

Өңір басшысы, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға келушілер облыс орталығында жаңа нысандар тұрғызу, қаланы абаттандыру бойынша ұсыныстар жасады. Бұл жолы партия филиалы төрағасының жеке қабылдауында алты адам болды.

“Архстрой” ЖШС-нің өкілі Василий Стихин спорттық-туристік аймақ ашу үшін жер телімін, яғни “Журавушка” кооперативінің қолданылмай бос жатқан саяжай учаскелерін бөлуді сұрады. Жоба құптарлық, бірақ Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов ескерткеніндей, жер телімі облыс орталығынан тым алыста жатыр. Сондықтан сәулетшілерге бұл бастама күтілгендей нәтиже бермеуі мүмкін деген жауап қайтарылды.

Ал Петропавлда заманауи көпсалалы аурухана салу бойынша Ресейдің Қазан қаласының медицина және денсаулық сақтау саласындағы жоғары технологиялар институты өкілінің ұсынысы қолдау тауып, оны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылатын болды. Өңіріміздің тумасы, профессор Анатолий Митрофановтың айтуынша, ресейлік институт облысымызда құны 350 миллион еуро болатын денсаулық сақтау орталығын ашу үшін инвестиция салуды көздеп отыр екен. Жоба бойынша бұл онкологиялық орталықтан, ортопедия, хирургия және балалар ауруханасынан тұратын кешен болады. Сонымен қатар мұнда медицина мамандарын даярлау ісі де қарастырылмақ.

– Заманауи медицина орталығын құру жоспарымызда бар іс. Оның жанынан дәрігерлерге арналған үй тұрғызылуы керек деп шешкенбіз. Сондықтан инвесторлардың ұсыныстарын саралап, тиімдісін таңдап, жұмыс істеу керек, – деді Құмар Іргебайұлы.

“Наурыз СҚО” ЖШС-інің басшысы Нұржан Баймұқанов облысымызда өсімдіктерді қорғайтын химиялық заттар мен минералды тыңайтқыштарды сақтау және олардың бос ыдыстары мен медициналық қалдықтарды жою ісін жолға қоюды көздеуде. Ойлағанын жүзеге асыру жолында біраз уақытын да шығындаған екен. Өйткені, ешбір жерден несие ала алмай әлекке түскен. Облыс әкімі бұл істі бастауға тек кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары ғана көмек бола алатынын айтты.

Партия филиалы төрағасының қабылдауына келген ардагерлер кеңесіне қарасты “Досуг” шахмат клубының өкілі Серік Ыбыраев мекемелерінің маңын асфальттап беру жөнінен өтініш жасады. Қала басшысы бұл істі үстіміздегі жылдың жұмыс жоспарына енгізуді тапсыратындығын айтты. Облыс әкімі биыл қалаішілік жолдармен қатар, тұрғын үй аулаларының, мекеме-ұйым алды асфальт жабындыларының жағдайы назарға алынып, оларды ауыстыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Тек қаланы абаттандыру жұмыстарына тұрғындар мен ғимарат иелері де атсалысулары тиіс екенін ескертті.

“Основание” ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеев “Казаэрогеодезия” фирмасы өкілдерімен бірге қала құрылысы, инженерлік желілері мен апаттық орындарының электрондық картасын ұсына алатындықтарын айтып, тиісті ақпараттық қызмет көрсету бойынша әріптестік орнатуға даяр екендіктерін жеткізді. Құмар Ақсақалов құрылыс бөлімімен бірлесе отырып, жобаны жетілдіру қажеттігін айтты.

– Құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жобалау ісінде мұндай электрондық құжаттың қажет екендігі сөзсіз. Алайда, оны жасау ісі созылыңқырап кетті. Сондықтан өзге мамандардың тәжірибесіне сүйеніп, қажеттісін алу артықтық етпейді, – деді облыс әкімі.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика