НАУРЫЗ — ЖЫЛ БАСЫ

Жаңару мен жасампаздықтың мерекесі – әз-Наурызда көптен бері сан құбылған ауа райы шайдай ашылып, Орталық алаңға жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік бағдарламаны С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының өнерпаздары салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге бағытталған театрландырылған көрініспен бастауды жөн көріпті. Олар ежелден келе жатқан аластау салтын көрсетті. Мақсат – келіп жеткен Жаңа жылда еліміз жамандық атаулыдан аулақ болып, басымыздан береке мен бірлік таймасын деген ниет. Көшетке ақ тамызғандары да – көктемнің келгені мен жаңарудың белгісі. Ал Қыдыр ата Ұлыстың ұлы күні келгендігін білдіру мақсатында көкке кептер ұшырып, жиналған қауымға ақ батасын берді. Жаңа жылды қарсы алуға келген жұртшылықты өңір басшысы Құмар Ақсақалов құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Баршаларыңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – бізге ата-бабаларымыздан жеткен мұралардың бірі. Халқымыз Наурызды жылдың басы деп есептеген. Адам да, табиғат та осы күннен жаңарады. Наурыз – татулық пен бірліктің мерекесі. Елімізде тұрып жатқан 100-ден астам этнос өкілі үшін маңызды күн. Тәуелсіздік жылдары Наурыз жалпыұлттық мереке болып қалыптасты, – деген Құмар Іргебайұлы бұл күні мейрамды тойлауға облысымызға Ресейдің Түмен, Омбы және Қорған облыстарынан қонақтар келгенін айтты. Тұрғындарды өткен жылы атқарылған жұмыстармен таныстырып, қол жеткізген жетістіктер, түрлі салаларда орын алған оң нәтижелер туралы айтып, биылғы жоспардың ауқымдылығына тоқталды. – Өнеркәсіпте қызықты әрі өршіл жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Ескі нысандар сүріліп, орнына көпқабатты, қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үйлер бой көтереді. Осылайша, қаланы жақсартамыз. Оның әдемі, заманауи, әрі тұрғынға ыңғайлы болуын қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік салада көптеген нысандар тұрғызылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасымен барлығымыз танысқан болатынбыз. Оған сәйкес, жұмыс істейтін әр қазақстандық баспана мәселесін шеше алады. Сонымен қатар университеттегі білім гранттарының саны көбейеді. Университетке қатысты басқа да жоспарларымыз бар. Осылай облыс әкімі өңіріміздегі жоғары оқу орнында жаңа мамандықтар ашылып, жатақханалар тұрғызылатынын айтып, студенттерді қуантты.

Осыдан кейін Құмар Іргебайұлы этноауылды аралады. Мұнда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық дәстүрлерін насихаттайтын киіз үйлер тігілген. Онда үйлену, сәбидің дүниеге келуіне қатысты салт-дәстүр мен жоралғылар, қазақтың халық аспаптары, әскери өнер мен аңшылықтың түрлері, қазақтың ұлттық киімдері мен әшекейлері, ұлттық ыдыс-аяқтары ұсынылған. Өңір басшысы киіз үйлердің бірінде жас ақындардың айтысын тамашалады. Жаңа жылымызды жырмен өрнектеп, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген жастардың өнеріне, сөз саптауына тәнті болды. Облыс орталығындағы жас ақындар мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпархан Құмар Іргебайұлына жұмыстары жайлы баяндап, жас өнерпаздармен таныстырды.

Киіз үйлердің енді бірінде келін түсіру салты көрсетілді. Құдалар Ұлыстың ұлы күнінде төс қағыстырса, жастар “Қара жорға” билеп, мерекенің сәнін келтірді. Айта кетерлік жайт, биыл барлық киіз үйлер қала тұрғындары үшін ашық болды. Мұндай міндетті облыс әкімі Құмар Ақсақалов қойған болатын. Ал киіз үйлердің жанына бауырсақ, наурызкөже, палау, шай мен тәттілер қойылған. Ресейден келген делегация жергілікті жұртшылықпен бірге киіз үйлерді аралап, құттықтауларын жеткізді.

– Жарқын мереке – әз-Наурыз құтты болсын! Барша қазақстандықтарға амандық, дендеріне саулық тілейміз. Әрқашан молшылықта, бейбітшілікте өмір сүрейік. Ұлыстың ұлы күні Түмен облысында да аталып өтуде. Өңіріміздің алты ауданында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, – деді “Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық ұйымының президенті Есенғали Ыбыраев.

Сонымен қатар бұл күні еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар келген екен. Киіз үйлердің бірінде Жамбыл облысының шеберлері қолөнер бұйымдары көрмесін ұйымдастырыпты. Онда ат әбзелдері, ыдыс-аяқтар мен картиналар қойылған.

– Тараздан екі шебер келдік. Екеуіміз де суретшіміз, қолөнершіміз. Өзіміз жасаған қолөнер бұйымдарын алып келіп, халықтың назарына ұсынып отырмыз. Жергілікті тұрғындардың қызығушылығы өте жоғары. Қызылжарға алғаш рет келіп тұрмыз. Наурыз мейрамы жоғары деңгейде тойлануда, – деді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Қасым Аманқосов.

Әз-Наурызды атап өтуге Орталық алаңға жиналған қауым спорттық ойындарды да тамашалады. Тәуелсіздік стеласының маңында қазақ күресінің шеберлері сынға түссе, тоғызқұмалақ ойнап, қой көтеріп, үздіктерді анықтағандар да болды.

Бұл күні мереке шағынаудандар мен көшелерде, аулаларда да тойланды. Былғары зауыты шағынауданының тұрғындары әзірлеген мерекелік бағдарламаға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов өткен жылғы су тасқыны кезінде түсіністік және сабырлық танытқандары үшін алғысын білдірді. Тұрғындар жаңа салынған бөгеттің сапасы жайлы сұрап, өткен жылғы жағдай қайталанбаса екен деген тілектерін жеткізді. “Өткен жылы көп қиындық көрдік. Ал қазір төтенше жағдайдың алдын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа салынған бөгеттің сапасы да жақсы”, – деді Құмар Іргебайұлы. Сондай-ақ, шағынаудан тұрғындары өңір басшысынан өткен жылы ауыр техника жүріп, бұзылған жолды жөндеп беруін сұрады. Құмар Ақсақалов осы жылы жолдар жөнге келтіріліп, көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін табатынын айтты.

Шағынаудандағы киіз үйлер тігілген мектептің маңына жиналған халықтың қарасы қалың. Өнер ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, спорттық жарыстар мерекенің сәнін аша түсті. Шағынауданның тұрғындары мен қонақтар үшін палау және наурызкөже әзірленіп, мерекелік дастарқан жайылды. Ал облыстық ішкі істер департаменті полиция бөлімшелері қызметкерлерінің арасында “Бауырсақ шоу” конкурсы ұйымдастырылды. Облыс полицейлерінен құралған 12 топ бауырсақ пісіріп, аспаздық өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде жедел әрекет ету арнайы жасағының сақшылары бас жүлдені ұтып алды. Жарыс аяқталғаннан кейін ыстық бауырсақтар тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарды қабылдау-тарату және түнеу орталығына, аналар үйіне таратылды.

Заречный шағынауданы тұрғындарының да мерекеге әзірліктері жоғары. Жергілікті өнерпаздар мектептің алдына жиналған қауым үшін әсем ән мен биден шашу шашып, мерекелік дәм ұсынды.

Былтыр облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен көптеген аулаларда Наурыз мейрамы тойланған болатын. Биыл бұл шара 300-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің ауласында ұйымдастырылды. Облыс әкімі Уәлиханов көшесінің бойындағы 48-үйдің ауласында болып, тұрғындарды көктемгі мерекемен құттықтады.

– Бұл барлығымызға ортақ мейрам болғандықтан, мерекелік шаралардан ешкім тыс қалмауға тиіс. Менің ойымша, тұрғындардың белсенділігі тек Наурызда ғана емес, басқа да мерекелерде көрінуі қажет. Алда 1 мамыр – ынтымақ пен бірлік күні келе жатыр. Мұндай шаралар адамдарды жақындастырады, – деді Құмар Іргебайұлы.

* * *

Аңсап жеткен егемендікпен бірге еңсеміз көтеріліп, тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, ғұрпымыз қайта жанданып, қанат жая бастады. Жыл басы болып саналатын Наурыз мейрамының ортамызға қайта оралуының себебі де Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы.

Бір кезде қазақ арасында ұмыт болып бара жатқан ғұрып жайында Ахмет Байтұрсынов: “Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата ғұрыптарымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді”, – деп тайға таңба басқандай жазып кеткен. Сол арман бүгінде ақиқатқа айналды. Алаш ардақтысы жазып кеткен “Белгілі бір күн” дегеніміз ол – 22 наурыз. Жер-Ана құрсауынан босап, қазақтың көңіліндей аппақ қар еріп, тоң болып қатқан мұз жібіп, қазан көтеріліп, жақсы тілектер айтылып, өкпе-наз кешіріліп, “жиған-тергенің тойға бұйырсын” деген бата-тілектер беріліп, үлкен мен жас құшақтасып көрісетін мереке.

Күн мен түн теңеліп, қыс пен көктем қауышқан осындай тамаша той ертеңгі күнге деген сенімді шыңдап, адамдар арасындағы татулық, ынтымақ, бірліктің тамырын одан сайын тереңдете түсетіні сөзсіз. Жыл сайын кең ауқымда аталып өтетін Наурыз мерекесі биыл да өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Жаңа жылды әр аулада көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен бірге қарсы алу шаралары да жүзеге асты. Мұндай жаңашылдық ұлттық дәстүрімізді насихаттай отыра, рухани жаңғырудың көрінісі болып табылады.

Қақаған қыстың ызғары басылып, көктемнің лебі біліне бастағанына қуанған қала тұрғындары мен қонақтары мерекеде көшеге шығып, бір-біріне деген жақсы тілектерін жеткізіп, арқа-жарқа болды. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін есігі айқара ашылған киіз үйлерге кіріп, ұлттық салт-дәстүрлерді тамашалады. Ақ кимешек киген әжелер мен жас келіндер “Бесікке салу”, “Қырқынан шығару”, “Тұсау кесу” сияқты дәстүрлерді көрсетіп, олардың мән-мағынасын айтты. Ұрпақ жалғасының осындай тамаша көріністеріне куә болған үлкендер жағы ризашылықтарын жасырмады.

– Наурыз мейрамын бала-шағамыздың ортасында бірге қарсы алу үшін Астанадан Қызылжарға әдейі келдік. Биылғы Жаңа жыл ерекше өткізіліп жатыр. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантты. Осынау Ұлыстың ұлы күнінде елімізге тыныштық, жұртымызға аманшылық тілейміз, – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты қария Зәбира Абатова.

Бақыт Қайназарова Наурыз мерекесіне әдейілеп Алматыдан келген екен. Он саусағынан өнер тамған ісмер бұл күні көптің назарына ұлттық- нақышта тігілген бас киімдер, әдемі өрнектермен көмкерілген аяқкиімдер ұсынды.

– Қолөнермен отбасымызбен айналысамыз. Жасаған бұйым жарасымды, келісімді болуы үшін алдымен тарихқа көз жүгіртіп, әр оюдың, әр сырмақтың түп-тамырын зерттеп, мән-мағынасын білу керек. Әр оюдың өзіндік айтатын ойы бар. Соны ескерген жөн. Ата-бабаларымыз қолөнерді дәріптеп, оған көп көңіл бөлген. Қазір осының бәрі қайта жаңғыруда. Осындай өзгеріске қалайша қуанбасқа?! –дейді ағынан жарылған өнер иесі.

Қазақ эстрадасының жұлдызы Айқын Төлепберген мен жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары мерекенің ажарын ашып, күн сәулесімен бірге көптің көңіліне жылылық сезімін ұялатты. Қолөнер шеберлерінің көрмесі, мерекелік сауда, спорттық жарыс және ұлттық ойындар байқауы да ұйымдастырылды.

Мерекеде, әсіресе, балаларға көп көңіл бөлінгенін айта кеткен жөн. Бұл күндері алаңға шыққан кішкентай бүлдіршіндер “Қара жорға” биін билеуге қатысса, сурет салып, бұрымдылар мен тұлымдылар шығармашылығын шыңдауға да мүмкіндік алды. Сонымен қатар кішкентай қонақтар Тәуелсіздік стеласы жанынан шағын пойызбен тегін саяхатқа шығып, мәз-мейрам болды.

Көп тілегі көл болып, Жаратқан иеміз жарылқайтын мерекеде жеті түрлі тағам қосылған 800 литр наурызкөже, екі тонна палау, 300 килограмм бауырсақ дайындалып, “Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын” , “Наурыз құт-береке әкелсін” деп жақсы тілектермен қонақтарға ұсынылды. Әйтсе де, бұл көже ішіп, ойын-сауық құратын мереке ғана емес. Жаңару мен жаңғырудың белгісі болып табылатын Наурыз – береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, бауырмалдықтың мерекесі.

Балалардың шат күлкісі, жастардың жарасымды ойын-сауығы, үлкендердің батасымен ерешелене түскен мерекеде күмбірлеген домбыраның әуені төгіліп, ақ тілектердің тиегі ағытылды. Міне, Шығыстың барша халқы тойлайтын Жыл басы – Наурыз мейрамын өңір тұрғындары осындай тамаша көңіл-күймен қарсы алды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика