БИЗНЕСКЕ ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы саяси-экономикалық байланыстар өрістеп, мәдени қарым-қатынастар нығайып келеді. Ол туралы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайммен кездесуі кезінде айтылды.

Елбасының осы жылдың қаңтарында Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты құжатқа қол қойылған болатын. Екі елдің іскер топтарын жақындастыру жұмыстары өңірімізде де жүзеге асырылмақ.

Бүгінде Американың 300-ден астам компаниясы Қазақстан нарығында еңбек етуде. Солтүстік Қазақстан облысы АҚШ компанияларымен тікелей байланыс орнатпағанымен, америкалық ауыл шаруашылығы техникаларының игілін көріп келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Алқапта астық жинап жүрген 800-дей комбайн, 700-ден астам трактор, 600-ге жуық себу кешені – америкалық зауыттардың өнімдері. Олардың көмегімен өткен жылы өңір қамбасына 5 миллион тоннадан астам астық құйылған.

– Елімізде шетелдік инвесторларды бірқатар салық түрлерінен босату, салған нысандарына инженерлік коммуникация тарту сияқты жеңілдіктер қарастырылып отыр. Облыс орталығында инвесторларға арналған 20 алаң бар. Көрші мемлекеттің үш бірдей өңірімен шекаралас орналасқан облыстың көліктік-логистикалық әлеуеті де жоғары. Осы кездесуден кейін екі ел арасындағы байланыс басқа бағыттар бойынша да жақсара түседі деген сенімдемін, – деді өңір басшысы.

АҚШ елшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм облыс әкіміне жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп:

– Қазақстан – қарқынды түрде дамып келе жатқан мемлекет. Бүгінгі таңда АҚШ – елдеріңіздегі ең ірі инвестор болып отыр десем, артық айтқандық емес. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени байланысты нығайтуға атсалысатын боламыз, – деді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика