ДАМУҒА — ТЫҢ СЕРПІН

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Мәжіліс төрағасы мен өңір басшысы Құмар Ақсақалов алдымен өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – Киров атындағы зауытқа атбасын бұрып, кәсіпорында “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында қолға алынған жаңа жобалармен танысты.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында Нұрлан Зайроллаұлы өндірісті жаңғыртудың маңыздылығын алға тарта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған әлеуметтік бастамаларға айрықша назар аударды. Тұрғындар алдында баспаналы болудың, салықты азайтып, жалақыны көбейтудің, жаңа табыс көздерін ашудың мүмкіндіктері турасында жан-жақты баяндады. Сапалы білім алу жайын сөз еткен Нұрлан Нығматулин:

– Жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант қосылады. Оның көбі техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге арналады. Бұл жоғары білім алудың қолжетімділігін арттырумен қатар, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында сұранысқа ие болатын жаңа мамандарды даярлауға жол ашады. Сонымен бірге, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін оңтайлы шешетін болады, – деді.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасына кеңінен тоқталған Палата спикері Үндеуде айтылған ұсыныстардың барлығы отандық экономиканың нақты есебіне негізделгенін, жүзеге асыру мүмкіндіктері алдын ала қарастырылғанын атап өтті.

– Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет арнайы Жол картасын жасады. Бұл – Президентіміздің бастамаларын жүзеге асырудың нақты, жоспарлы қадамдары. Оған сәйкес, орындау тетіктері мен мерзімі белгіленіп, жауапты министрліктер мен құрылымдар бекітілген, – деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.

Осы ретте Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Парламентте әлеуметтік жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстары басталғанына тоқталды.

– Президенттің бес әлеуметтік бастамасының сапалы құқықтық-нормативтік базасын құру Парламент депутаттарының осы сессиядағы жұмысының негізгі басымдығы болып табылады, – деді ол. Мәжіліс төрағасының пікірінше, Парламент 15 шақты заңға өзгерістер енгізбек. Олардың қатарында азаматтық, бюджеттік, салық кодекстері, білім беру, банк және төлемдер туралы заңнамалық құжаттар бар. Сонымен бірге, 2019-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарап, қазіргі бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.

Мәжіліс төрағасының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен кездесуінде де Елбасының бес әлеуметтік бастамасы әңгіме өзегіне айналды.

Кездесу барысында, әсіресе, шағын несие беру, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, халықты еңбекпен қамту мәселелеріне айрықша назар аударылды.

– Елбасының тапсырмасы бойынша осы жылы қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жететін болады. Бұл өз ісін ашқысы келетін азаматтарға зор мүмкіндік. Сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін қаржы өте қажет. Сондықтан аталған әлеуметтік жоба ауыл тұрғындарының саны басым сіздердің облыс үшін өте маңызды, – деді Мәжіліс төрағасы.

Президенттің бес бастамасы ауыл тұрғындарының ерекше қызығушылығын туғызғаны анық. Кездесу барысында ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны енгізу жайы да назардан тыс қалмады. Ол өнімділікті арттырумен қатар, сапасын күшейтуге де жол ашатыны сөзсіз. Нұрлан Нығматулин Елбасының әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру әрбір өңірге тың серпін беретінін және халықтың әл-ауқатын көтеруге зор ықпал ететінін атап өтті.

Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика