ҚАЛА КЕЛБЕТІ ЖАҚСАРУДА

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен кеше өткен қала құрылысы кеңесінде Петропавлдың сәулеттік келбеті мен шаһарды абаттандыру мәселесі қаралды.

Кеңесте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шитқановтың есебі тыңдалды.

– Соңғы екі жылда Петропавл қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. “Жас өркен”, “Береке” және “Юбилейный” шағынаудандарында 1768 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Биыл жалпы аумағы 77,5 мың шаршы метр болатын 11 үй пайдалануға беріледі. “Жас өркен” шағынауданында әлеуметтік-тұрмыстық және спорттық нысандар – теннис орталығы мен Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде, – деді Серікжан Шалабайұлы.

Үстіміздегі жылы қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, тұрғын үй кешендері алаңдарын дайындау бойынша жұмыстар атқарылмақ. Осыған орай баяндамашы тұрғын үй қорының кешенді құрылысын тоқсан бойынша бөліп жүргізу тұжырымдамасын ұсынды.

Облыс орталығын абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстар жайын баяндаған Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов жаңа құрылыс нысандары қаланың ескі ғимараттарымен үйлесім табуына ерекше назар аударды. Бүгіндері “Тұрғын үй құрылысын жаңғырту” бағдарламасы аясында Петропавлдағы тозығы жеткен бірқатар көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеті ашық түстерге боялды. Жыл соңына дейін осындай үйлердің саны екі жүзге жақындамақ. Марат Иманбайұлының айтуынша, алдағы уақытта облыс орталығы көшелерінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, заманауи аялдамалар мен жаңа бағдаршамдар орнату жұмыстары жалғасын таппақ.

Отырыста “Основание”, “Строй ТрансИмпорт”, “Жак-Трейд” және “Градкомплекс” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары кеңес мүшелеріне Оқушылар сарайы, Теннис орталығы және көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жобаларымен таныстырды.

Кеңесте республикалық тас жолдардың бойында орналасқан сервистік қызмет көрсететін нысандардың қасбетін жаңарту жайы да қаралды. Бұл мәселе бойынша Қызылжар, Мамлют, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандарының әкімдері есеп берді. Өңір басшысы бұл ретте орын алып отырған кемшіліктерге назар аударды.

Кеңес соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған аудандардың әкімдеріне тас жол бойында орналасқан сауда нүктелерінің, мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының басшыларын жауапкершілікке тартып, өздеріне тиесілі орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын қолға алуға міндеттеу қажеттігін ескертті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика