КӨШ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Әкімдік отырысы алдымен тағайындаулардан басталды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кеңеске қатысушыларды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің директоры қызметіне тағайындалған Ерлан Әбілдинов пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жаңа басшысы Алмаз Тілеухановты таныстырды.

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко жұмыс күші көп өңірлерден тұрғындарды көшіру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2018 жылы өзге өңірлерден облысқа 767 отбасын, яғни 3445 адамды көшіруге квота бөлінген.

– Бүгінгі таңда 203 адам, яғни елу отбасы көшіп келді. Олар – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарының тұрғындары. Бұл жылдық жоспардың 7,2 пайызын құрайды. Үстіміздегі жылдың басынан Мағжан Жұмабаев ауданына – 9, Жамбыл ауданына – 7 отбасы, қалғандары Мамлют, Тайынша, Қызылжар, Шал ақын, Аққайың, Ақжар, Есіл аудандары мен облыс орталығына қоныс аударған. Ал Айыртау, Тимирязев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға бір отбасыдан ғана көшіп келген. Жұмыс күші көп өңірлерден келген адамдар экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге орналастырылды, – деп атап өткен Сергей Яковенко мемлекеттік қолдау аясында әр адамға 84175 теңгенің демеуқаржысы қарастырылғанын айтты. Оған бюджеттен 258,4 миллион теңге бөлінген.

Қоныс аударған елу отбасының 14-і тұрғын үйді сатып алу құқығын пайдаланса, 6-уы жалдамалы үйде тұруда. Ал қалғандары баспана сатып алуды жоспарлауда. Біздің өңірге келген 203 адамның 89-ы еңбекке жарамды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 109 бала бар.

Еңбекке қабілетті азаматтардың тек 29 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Олар ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және тағы басқа салаларда еңбек етуде. Кәсіпкерлікпен айналысуды көздегендер де жоқ емес. Отырыста халқы тығыз орналасқан облыстардағы тұрғындарды табиғаты көркем, жері құнарлы, ауасы таза, шұрайлы мекенге тарту мақсатында Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына біздің өңірден арнайы делегация барғаны айтылды. Тұрғындармен кездесіп, мән-жайды түсіндірген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бекіткен кестесі бойынша, сәуір айында жұмыс күші көп өңірлерде республикалық бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Оған біздің делегация мүшелерін қатыстыру көзделіп отырғанын жеткізген басқарма басшысы биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың құжаттарын рәсімдеу мерзімі қысқарғанын айтты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов біздің жаққа келген азаматтарға жергілікті кәсіпкерлер жұмыс ұсынуы қажет екенін айтып, бұл мәселені ерекше назарға алуды тапсырды. Сонымен қатар қоныс аударушыларды өңірге тарту мақсатында оңтүстікке баратын делегация құрамында міндетті түрде жұмыс берушілердің болуы тиіс екенін ескертті.

– Біздің өңірге, әзірше, 209 отбасы ғана келуді жоспарлауда. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ол жаққа барған делегация мүшелері тиімсіз жұмыс істеген. Бүгінгі таңда көшіп келген 28 адам жұмыссыз жүр. Неге олар әлі жұмыспен қамтылмай отыр? – деп сұрақты төтесінен қойған өңір басшысы жұмыс күші көп өңірлерден келген адамдармен жұмыссыздық деңгейін арттырудың қисыны жоқ екенін түсіндірді. Бұл ретте қоныс аударушыларды үй-жаймен қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Құмар Іргебайұлы отбасыларды қабылдауға әзір бірқатар аудандарды мысалға келтіріп, онда бос тұрған үйлердің саны жеткіліксіз екеніне тоқталды. Қоныстанушылардың жағдайын сұрап, олармен бірде-бір рет кездеспеген аудан әкімдерін сынға алды.

Әкімдік отырысында адамдар көп шоғырланатын нысандардағы өрт қауіпсіздігі мәселесі қаралып, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамиль Камалов баяндама жасады. Жыл басынан бері облыста 52 миллион теңгенің материалдық шығынын келтірген 184 өрт оқиғасы орын алып, 15 адам мерт болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 21 пайызға, материалдық шығын 6 есеге артқан. Өрттің дені тұрғын үй секторында орын алатыны баса айтылды.

Өрттің алдын алу бағытында жыл сайын 1855 нысанда өрт қауіпсіздігі тексеріледі. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары, әкімшілік ғимараттар, вокзалдар мен қонақүйлер бар. Сауда, ойын-сауық және жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің өрт қауіпсіздігін тексеру нәтижесінде 79 кемшілік анықталып, бірнеше адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бизнеске кедергі келтірмеу үшін олқылықтарға жол берілмеуі тиістігін мәлімдеген өңір басшысы адамдар көп шоғырланатын орындарда эвакуациялау жағдайы, өрт дабылы, электр құралдарының жұмысы қатаң бақылауға алынуы тиіс екенін айтып, отырысты қорытындылады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика