ҚЫРДАҒЫ ДҮБІРЛІ ЕҢБЕК ҚАРСАҢЫНДА

Көп ұзамай өңірімізде көктемгі дала жұмыстары басталады. Биылғы жылдың көктемгі егіс науқаны қарсаңында агроқұрылымдар тұқыммен және тыңайтқышпен қамтылуда. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін арзандатылған дизель отыны да қарастырылған. Облыс әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кеңесте агроқұрылымдардың жауапты науқанға дайындығы әңгіме өзегіне айналды.

Басқосуды ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысушыларға өңіріміз үшін аса маңызды көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу, өзекті мәселелерді бірлесе шешу қажеттігін атап көрсетті.

– Бүгін біз облыс диқандарының көктемгі егіс жұмыстарына дайындық деңгейін бағалау, мемлекеттік қолдау тетіктерін талқылау, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту жөніндегі негізгі іс-шараларды бірлесіп қалыптастыру мақсатында жиналып отырмыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту жөнінде алға қойған ауқымды міндеттерін табысты шешудің маңызды кезеңі. Елімізде өндірілетін астықтың үштен бірі біздің диқандардың маңдай терімен өсірілетінін ескерсек, алдымыздағы көктемгі дала жұмыстарын сәтті бастап, қолайлы уақытта аяқтау міндеті тұр. Біз жоғары қарқынды сақтай отырып, болашақ өніміміздің жоғары сапалылығын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.

Кеңес барысында өңірлік агросекторда қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, аграрлы өңір деген мәртебеге сай болу үшін алдағы егіс науқанында жақсы әзірленген бағдарламалар мен жаңа технологияларды қолдануымыз қажет. Үстіміздегі жылы өңірімізде 4,1 млн. гектар алқапқа егін егу жоспарланса, дәнді дақылдардың үлесі 2,6 млн. гектарды құрайды. Бұл ретте майлы дақылдар егістігі бірінші рет бір миллион гектар болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға көп. Картопқа бөлінген алқап та екі есе ұлғайтылмақ.

Жеріміздің құнарлығы мен өнімділік сапасын сақтау үшін егін танаптарын тыңайтқышпен байытуға және егіс технологиясы мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Былтыр өңір диқандары 94 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасаса, биыл 109,1 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс берілген. Басым бөлігін амофаст пен аммиак селитрасы құрайтын тыңайтқыштар Тараз қаласындағы “Қазфосфат” және Ақтаудағы “ҚазАзот” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен жеткізілетін болады. Дегенмен, аудан әкімдерінің оған тиісті деңгейде көңіл бөлмеуінен бұл жұмыс әлі де сылбыр жүргізілуде. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде 50 мың тонна минералдық тыңайтқыш жеткізілсе, қазірде оның тек 38,7 мың тоннасының ақшасы төленген. Атап айтар болсақ, бұл жұмыс Айыртау ауданында – 10 пайызға, Уәлиханов ауданында – 13 пайызға, ал Тайынша ауданында 20 пайызға ғана орындалған. Сондай-ақ, 3,5 млн. гектар алқаптағы дәнді дақылдардың ауруға шалдығуының алдын алу, қаулап өскен арамшөптер мен зиянкестерге қарсы фунгицидпен және гербицидпен дәрілеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Егіс науқанына қажетті жанар-жағармайды жеткізу мәселесі де көңіл көншітпейді. Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, Үкімет көктемгі дала жұмыстарын қолайлы уақытта жүргізу үшін 66,6 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөліп отыр. Кеңесте сұйық отынның бір литрі 150 теңгеден аспайтыны айтылды. Десе де, тиісті жанар-жағармайдың тек 38,2 мың тоннасына ғана келісімшарт жасалған. Қазіргі кезде ақы төлеу рәсімдері жүргізілуде. Оператор компаниялар дизель отынының 15 мың тоннасын жөнелтті.

Жауапты науқанға қатысатын агроқұрылымдардың техникалық паркі жылдан-жылға жақсарып келеді. Жалпы жоспар бойынша, 13,6 мың трактор, 16,2 мың тұқымсепкіш, 1,1 мың кешен көктемгі егіске шығатыны айтылды. Биыл облыс диқандары 34,2 млрд. теңгеге 1310 жаңа техникалар сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінде оның 212 техникасы жеткізілген.

Жыл басынан бері “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы 7,3 млрд. теңгеге 122 өтініш түскен. Бұл бағытта да сылбыр жұмыс істеп жатқандар бар. Әсіресе, Ақжар, Аққайың және Тайынша аудандары бірде-бір өтініш жібермеген екен. Өңір басшысы осы аудан әкімдеріне техникалық паркті 20 сәуірге дейін қалыпқа келтіруді тапсырды.

Алқалы жиында “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің директоры Белгібай Қанафин 2017-2018 жылғы күзгі-қысқы кезеңде қалыптасқан жағдайға байланысты көктемгі дала жұмыстарын ылғал қорымен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

– Көктемгі егіс науқанына кіріспес бұрын егіс танаптарында ылғалды сақтау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Былтыр күзде түскен жауын-шашынның аздығынан топырақтың ылғал қоры биыл жеткіліксіз. Қыста жылдағысынан әлдеқайда аз мөлшерде жауған қар да жағдайды түзер емес. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Сол себепті алдағы уақытта қажетті ылғал қорын жинауға баса мән беруіміз қажет, – деді Белгібай Қамалұлы. Оның айтуына қарағанда, қыс мезгілінде егістік алқаптарына түскен қардың қалыңдығы 26,5 сантиметрге жеткен. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда аз. Мұндай жағдай біздің өңірімізде соңғы рет 2011 жылы тіркелген. Ол Ұлттық ғылым академиясының академигі Ж.Сүлейменовтің еліміздегі соңғы 80 жылдың метеорологиялық жағдайына жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, қар аз жауған қыстан кейін көп жағдайда жаңбырлы жаз болады деген қорытындыға келгенін атап айтты. Академиктің пікірінше, мұндай қыстан кейін қуаңшылық жаздың келу мүмкіндігі тек 9 пайызды құрайды. Осы орайда, тәжірибе станциясының мамандары климатымыздың ерекшелігіне және қыста қардың аз мөлшерде түсуіне байланысты көктемгі егіс жұмыстарын үстіміздегі жылдың 15 мамыры мен 5 маусым аралығында жүргізуді ұсынды.

Басқосуда ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру мәселесі көтерілді. Жиынға қатысқан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев ІТ-технологияның ауыл шаруашылығы саласына тигізер пайдасы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

– Еліміздің солтүстігінде негізгі астық өсіретін облыстарда агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жұмыстары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арқылы жүзеге асырылады. Осы тұста Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз әріптестік орнатуға ниеттіміз. Жалпы, біз жаңа технологияға көшу арқылы елдің экономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ете аламыз. Ғылыми тәсілдерге жүгінбесек, заманауи агротехнологияларды қолданбасақ әлемдік дамудың көшіне ілесе алмай қалуымыз мүмкін. Мен жуырда Қытай елінде болдым. Ол жақтағы агроөнеркәсіп саласының мамандары түгел цифрландыруға көшкен. Енді бірігіп, осы іске кіріссек көп нәрседен ұтамыз, – деп атап көрсетті Ақылбек Қажығалиұлы.

Бүгіндері төрткіл әлем осы технологияны жаппай қолданысқа енгізген. Ал оның ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызы ерекше. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының хабарлауынша, бүгіндері астаналық ғалымдардың көмегімен өңіріміздегі егіншілік мақсатындағы жерлерді электронды картаға енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірімізде 2,5 млн. гектар алқап, яғни бар танаптың 52 пайызы цифрландырылған. Бұл жұмыс маусым айына дейін жалғаспақ. Бұдан бөлек, өңірімізде цифрландырудың басқа да әдістері енгізілуде. Мәселен, қазір жергілікті 26 агроқұрылымның 500 мың гектар егіс алқабына жер серігі арқылы бақылау шаралары жүргізілуде. Бұл бақылаудың барысында танаптағы дәнді және майлы дақылдарды суару барысы, топырақтағы ылғалдылықтың мөлшері және тағы басқа көрсеткіштер есепке алынады. Үстіміздегі жылы цифрландырудың элементтерін 50 шаруашылықта енгізу жоспарланып отыр. Жиында бұл жұмыстар баяу жүргізіліп жатқан Ақжар, Қызылжар және Тайынша аудандарының әкімдері сынға алынып, жұмысқа серпін беру қажеттігі ескертілді.

Әрине, ертеңінен үміт күттіретін игі бастамалар жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, аяққа тұсау болып отырған кедергілер де кездеседі. Кеңестің қатысушылары жергілікті шаруашылықтардың жалға берілген жерді мақсатты пайдалануына қатысты жүргізілген мониторингтің қорытындысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Егер 2017 жылы 188,2 мың гектар алқапты жалға алған агроқұрылымдармен келісімшарт бұзылса, 91,4 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында 15 конкурстық шара ұйымдастырылып, 186,6 мың гектар жер жалға берілген. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов шаруашылық басшыларына елді мекендерде тауарлы-сүтті фермалары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбекке тартуға болатынын айтты.

Жиында “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова қатысушыларды алдағы екі айдағы ауа райы болжамынан хабардар етті. Сәуір айының екінші және үшінші онкүндігінде күндіз ауа температурасы 2-8 градус аралығында болады деп күтілсе, мамыр айы жылы әрі жаңбырлы болмақ. Ауа райын болжаушылар маусымда да күннің негізінен жаңбырлы болып, жауын-шашынның нормадағыдан артық түсетінін айтып, диқандарды қуантты.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі аудан әкiмдерi мен агроқұрылымдардың басшыларына көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуге байланысты нақты тапсырмалар берді.

Кеңес соңында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті өзара әріптестік туралы екіжақты меморандумға қол қойды. Қос тарап цифрландыру мәселелерін шешу мақсатында кадр даярлау жұмысын қолға алуға уағдаласты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика