ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Өңірімізге жұмыс сапарымен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев келді. Палата басшысы мен облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпкерліктің күрделі мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталған Тимур Құлыбаев бұл ұйым қысқа уақыт ішінде бизнес өкілдері пікір алмасатын ірі институтқа айналғанын тілге тиек етті.

– Ұлттық палата құрылған бес жылдың ішінде бизнес құрылымдарымен байланыс дұрыс жолға қойылды. Өңірлердегі ұлттық палата өкілдері кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген проблемаларды анықтап, шешуге атсалысуда. 2013-2017 жылдар аралығында кәсіпкерлерден 22 мың өтініш түссе, оның 40 пайызы оң шешімін тапты. Бизнес өкілдерінің 92 млрд. теңгеден астам мүліктік құқығы қорғалды. Оның ішінде, айыппұлдар, өсімақы және мүлікті сақтау үшін төленетін ақылар бар. Бұл – кәсіпкерлер палатасының республикалық органдармен, облыстық әкімдіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуінің нәтижесі, – деді Тимур Асқарұлы.

Соңғы бес жылда ұлттық палатаның қатысуымен жаңа салық кодексі әзірленіп, мемлекеттік- жекешелік серіктестік және “Бизнес Бастау” жобаларының жүзеге асырылуының нәтижесінде ел бойынша 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтың кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққанын атап айтты.

Бизнес өкілдерімен болған бас­қосуда облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір кәсіпкерлеріне барынша қолдау көрсетіліп, олардың мәселелерін талқылау және шешу жолдарын іздестіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда облыста қолайлы бизнес ахуал қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдайлар жасалынуда. Өңірімізде шағын және орта бизнестің 27,6 мың субъектісі тіркелген. 101,3 мың адам осы салада жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың 9 айында 323,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында да жетістіктер бар. Егер былтыр 49 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылса, бүгінде олардың саны 195-ке жетті. Кәсіпкерлік субъектілері тарапынан облыстық бюджетке түскен салықтың мөлшері де артуда. Былтыр облыс бюджетіне түскен салық 79 млрд. теңгені құрады.

Бұл көрсеткіштерге облысымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай жаңа өнді­рістер ашудың және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртудың арқасында қол жеткізуде. Осы орайда Құмар Іргебайұлы өңірдегі құрылыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрландырудың тетіктері енгізіліп жатқанын хабарлады. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа бюджеттен 143 млн. теңге бөлінген.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев жергілікті кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жүргізілген жұмыс туралы баяндады. Облыста бизнес үшін қолайлы ахуал қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдайлар жасалуда. Өткен жылы палатаға және оның филиалдарына кәсіпкерлерден 1,5 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде бизнесті қорғауға бағытталған 278 шағымның 211-і оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің 364 млн. теңгеден астам сомада мүліктік құқығы, 100 млн. теңгеден астам сомаға бизнестің мүддесі қорғалды.

Баяндамашы өңірдегі бизнестің негізгі проблемаларын да айтып өтті. Жергілікті кәсiпкерлер арасында жүргiзiлген сауалнама бойынша ауылдық жерлерде жер телімдерін алу, банктер тарапынан берілетін несиелердің қолжетімсіздігі, кәсіпкерлік субъектілеріне электр және жылу көздеріне қосылу қиындық туғызатындығы анықталған. Бүгінде бұл мәселелерді шешу бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, облысымызда бос жер учаскелерi туралы, сондай-ақ, өңiрдегі қуат көздеріне және коммуникацияларға қосылудың ықтимал нүктелерi мен тағы басқа қажетті ақпараттар орналастырылған арнайы портал жұмыс істейді.

Отырыс барысында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер көктемгі егіс науқанына қажетті тыңайтқыш алуға демеуқаржы бөлу жайы, заңсыз жолаушы тасымалы сынды бірқатар проблемаларды көтерді. Жиынды қорытындылаған “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы нәтижелі екенін атап өтті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика