ТУРИЗМ — ТАБЫС КӨЗІ

Табыс көзі саналатын ішкі туризмді дамытудың түйінді тұстары мен оны шешудің тиімді тетіктері өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында әңгіме өзегіне айналды. Жиында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бір жылда атқарған жұмысы да талқыланды.

Көлдер саны бойынша ел ішінде бірінші орында тұрған өңірімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар да баршылық. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек 19 қасиетті мекеннің алтауы республикалық киелі жерлер картасына енгенін айтты. Облысымыздың ерекше табиғаты мен туристік қызмет түрлеріне ресейліктердің қызығушылығы ерекше. Әсіресе, тарихи орындарға бай Айыртау ауданында орналасқан Имантау-Шалқар демалыс аумағының табиғатына көпшілік тәнті.

– Соңғы үш жылда облысымызға демалу үшін келушілер саны біршама артты. 2015 жылы 68 мың адамға қызмет көрсетілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 120 мың адамды құрады. Үш жыл бұрынғы ақпаратпен салыстырар болсақ, сырттан келген туристер қатары 56,2 пайызға артып, 60 мыңнан асты, – деді баяндамашы.

Облыс бойынша 30 туристік бағыт болса, олардың 12-сі Айыртау ауданына бастайды. Көпшілік негізінен Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне, “Айғаным” қонысына барады. Танымдық демалысты қалайтындарға да, табиғаттың аясында тыныққысы келетіндерге де таптырмас орындар аз емес. Бірақ жолдың машақатын көрмей ол жерлерге жету мүмкін бе?! Баяндамашы жыры бітпеген жол мәселесіне көңіл бөлініп, қыруар қаржы жұмсалатынын айтты. Былтыр Имантау-Шалқар курортты аймағындағы жол инфрақұрылымын жетілдіру жұмысына 1,1 миллиард теңгенің қаражаты жұмсалса, биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы қомақты – 3,2 миллиард теңге.

Тайынша ауданындағы Озерное ауылының маңы да – туризмді дамытуға лайықты орын. Осы ауылда орналасқан “Қазақстан Жұлдызы” алтарі мен Волынь шоқысына алыс-жақын шетелден келіп, тәу етушілер саны 700 адамға дейін жетеді.

Орасан зор табыс көзі саналатын сала облыс орталығында да дамып келеді. “Құрылысы 2017 жылы басталған теннис корты биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы салына бастаған Оқушылар сарайында IT-технология, робототехника, биотехнология негіздері бойынша білім берілетін болады. Бірегей нысан балалар туризмінің орталығына айналмақ”, – деді облыс әкімінің орынбасары баяндамасында.

Айыртау ауданында бірнеше демалыс орындарын ашқан “Лагуна тур” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа жобаларын жүзеге асырып, балалар лагерьлеріне жөндеу жасауға ниетті. Алайда, қажетті инфроқұрылымның жоқтығы бизнесті бұғаулап отыр. Серіктестік директоры Юлия Бурлакова облыс әкіміне: “Осы мәселені оңтайлы шешуге көмектессеңіз, Айыртау ауданындағы туризмді дамытуға елеулі үлесімізді қосқан болар едік”, – деді. Құмар Іргебайұлы бұл мәселе талқыланатынын айтты.

Айыртау ауданындағы туристік әлеуетті дамыту мәселесі аудан әкімі Бейбіт Исмановтың баяндамасында жалғасын тапты. Биыл ауданда 411 миллион теңгенің 10 жобасын жүзеге асыру жоспарланыпты. Жазғы үйлер, дәмханалар салынып, инженерлік-коммуникациялық желі тарту жұмыстарының құжаттары әзірленген. “Жобада көрсетілген демалыс үйлерінің суреттері шындыққа жанасатын болсын. Халыққа ең бастысы қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз демалыс орындары қажет”, – деген облыс әкімі аудан басшысынан жолды жөндеуге бөлінген 3,2 миллиард теңге жолаушының діттеген жеріне алаңсыз жетуі үшін толық жете ме деп сұрады. Бейбіт Исманов бұл сомаға күрделі жөндеу жүргізілмесе де, әр жерде орналасқан демалыс орындарына апаратын жолдарды толық жөндеуге болатынына сендірді.

“Прогресс тур” туристік агенттігінің өкілі бұрындары мектеп оқушыларын демалыс орындарына, Астана қаласына апарып, ішкі туризмді дамытуға ат салысып келсе, соңғы үш жылда мұндай жұмыстарды жүзеге асыруға облыстық білім басқармасы тыйым салғанын алға тартты. Ал білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мұндай тыйым тек кешкі уақытқа ғана салынғанын жеткізді. Өңір басшысы бұл мәселе таяу уақытта оңтайлы шешілетінін айтты.

Ақ қайыңдар өлкесіне ат басын тіреген туристер алғашқы әсерді облыс орталығынан алады. Сол себепті Қызылжардың келбеті көркем болуы керек. Облыс орталығындағы құрылыс қарқыны, көгалдандыру және жөндеу жұмыстарының барысымен қала әкімі Марат Тасмағанбетов таныстырды. Ол Пестрое көлінің жағалауын кеңейту жобасының жасалып, Жамбыл, Ж.Қизатов көшелеріндегі саябақтарды абаттандыру жұмыстарының жүзеге асырылатынын тілге тиек етті. Биыл облыс орталығының ажарын арнайы композициялар мен мүсіндер аша түспек. Кітап сөресі, хоккей корты, футбол қақпасы сияқты тақырыптық аялдама павильондары да қала көркіне әр берері сөзсіз.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының атқарған жұмысының қорытындысы. Саяси институттың облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовтың мәлімдеуінше, бүгінде өңірімізде 26 облыстық және 175 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өздерінің туған тілі мен төл мәдениетін дамыта отырып, мемлекеттік маңызы бар шаралардан тыс қалмайтын бірлестіктер қайырымдылық ісінде де белсенділік танытуда. Өткен жылы облыс бойынша 1500 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетілген.

Құмар Іргебайұлы ассамблея жұмысына жастарды да тарту қажеттігін айтып, хатшылық меңгерушісіне аудандардағы ұйымдардың белсенділігін арттыра түсуді міндеттеді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика