ТҮЛЕКТЕР ТАҢДАУЫ — ТЕРІСКЕЙ

“Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнында оқитын жастардың алғашқы легі биыл дипломдарын қолдарына алады. Жүздеген колледж түлектері де үлкен өмірге аяқ басқалы отыр. Жастар өңірімізде қалып, жұмысқа орналасқан жағдайда ғана “Серпін” жобасы нәтижелі болмақ. Сондықтан облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқу аяқталған соң осы өңірде тұрақтап қалған, шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болған серпіндіктерге баспана берілетінін айтты.

Өңір басшысы бұл туралы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қабырғасында өткен “Серпін” жобасы бойынша оқитын студенттермен және түлектермен кездесу барысында хабарлады. Оңтүстік өңірлерден білім қуып келген жастарды жұмыспен қамту мәселесін талқылауға бірқатар кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері де шақырылды. Алдымен жиында биылғы түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша қандай шара атқарылып жатқаны туралы сөз болды.

– “Серпін” бағдарламасымен білім алатын 862 студенттің 127-сі биыл оқуларын аяқтайды. Олар педагогикалық мамандық иелері атанады. Сондықтан облыстық білім басқармасымен, аудан әкімдіктерімен кадрларды жұмысқа орналастыру жөнінен келісімшарттар жасасып, бос орындар базасын құрдық. Қазіргі уақытта біздегі серпіндіктердің шамаман 67 пайызының болашақ жұмыс орны анықталды. Өкініштісі, өңіріміздің қазақ тілінде білім беретін мекемелерінде “Ағылшын тілі”, “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Тарих”, “Информатика” мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары өте аз. Сондықтан түлектерге жұмыс қарастыру ісі баяу жүруде, – деді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев. Осы проблеманы ескере отырып, университет бұдан былай қос мамандық иелерін даярлау және қосымша білім беру мүмкіндіктерін де қарастырмақшы.

Облыстық білім беру басқармасы мен колледждер де жергілікті әкімдіктермен, түрлі сала кәсіпорындарымен әріптестік орнату арқылы жұмыспен қамту мәселесін жүйелі шешіп келеді. Құмар Ақсақалов білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімоваға жұмысты ширатып, шілде айының ішінде түлектер түгелдей өз орындарын табуы тиіс екендігін айтты.

– Петропавл қаласында жұмысқа тұрған “Серпін” бағдарламасының түлектеріне ай сайын – 48 мың, ал аудандарға барғандарға 36 мың теңге көлемінде баспана жалдап тұруға ақша бөлінеді. Алайда, жас маман бір жыл ішінде баспана мәселесін шешуге тырысуы тиіс. Мәселен, жеңілдетілген несие рәсімдеуіне болады, – деді өңір басшысы.

“Серпін” түлектерінің арасында отбасын құрып, сәбилі болғандар да баршылық. Облыс әкімі айтқандай, енді олар осы жердің тұрақты тұрғындары атанбақ. Құмар Ақсақалов жастарға “Оңтүстіктен – солтүстікке”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары мен қолдау түрлері туралы туған өңірлеріндегі ата-аналары, туыс-бауырларына айтып, оларды да өңірімізге тарту қажеттігін жеткізді. Ал жұмыс берушілерді жастарға қолдау көрсетіп, үй мәселесін шешуге көмектесуге шақырды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика