БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан этностардың тамыры тереңде жатқан татулығын паш еткен Қазақстан халқының бірлігі күні облыс орталығында бар сән-салтанатымен аталып өтті. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа бақ пен береке, ынтымақ пен ырыс тіледі.

– “Бірлік бар жерде – тірлік бар” деген қанатты сөзді біздің дана халқымыз бекер айтпаған. Егемен еліміздің 26 жыл ішінде бағындырған белесі, шыққан шыңы – осынау бірліктің арқасы. Елбасымыз әрқашан тәуелсіздігімізді нығайту үшін бізге ауызбірлік керек екенін, ынтымақ болса, біздің жарқын болашағымызға ешқандай қауіп төнбейтінін айтады. Сондықтан қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық – біздің басты байлығымыз. Осы жетістіктерді бағалап, сақтау үшін аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының абыройлы міндеті, – дей келе облыс әкімі бұл мерекенің маңызына тоқталып, береке мен бірлікті, достықты ту еткен халықтың өнегелі істерін үлгі етті. Герольд Бельгер, Руслан Аушев сияқты белгілі тұлғалардың туған жер туралы ойларын мысалға келтіріп, Еркебұлан Мәмбетов, Геннадий Зенченко, Анатолий Рафальский, Сергей Леонтьев, Евгений Хан, Идрис Картал тағы басқа еңбекқор азаматтардың ілкімді істерін тілге тиек етті.

Этномәдени бірлестіктердің шеруімен басталған мерекелік концертте шығармашылық ұжымдар белсенділік танытты. Шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылған мерекеде халықтың көңілі көтеріңкі болды. Этнос өкілдері әуелете ән шырқап, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Бір-біріне деген достық пейілі, ақ көңілі осынау мерекенің көркін аша түскендей. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін алаңға жиналып қазақ жерін мекен еткен әр этностың тыныс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен сыр шертер көріністерді тамашалады.

Көпшілік қауым “асық ату”, “тоғызқұмалақ” сияқты ұлттық ойындарды ерекше қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе, “асық атуға” өзге этностар белсенділікпен қатысқанын атап өткен жөн. Кіл мықтыны анықтау үшін жігіттер жілік сындырды. Бұл сайыста қала тұрғыны Жанат Жүсіпов жеңіске жетті.

Киелі Қызылжардың аспаны ән мен жырға бөленіп, эстрада жұлдызы Ринат Малцаговтің де өнерін тамашалауға мүмкіндік туды. Бұл күні орталық алаңда ғана емес, қала бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастардың қатысуымен кешкілік би алаңы, диджейлер фестивалі, қолөнер шеберлерінің көрмесі, түрлі ойын-сауық кештері мен балалар арасында сурет байқауы өтті. Осындай кештен соң қала тұрғындары мен қонақтары жақсы көңіл-күймен үйлеріне тарқасты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика