ЕЛДІГІМІЗДІҢ БОЙТҰМАРЫ — ЕЛ БІРЛІГІ

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті – Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суы­мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында кезекті ХХVI сессиясы болып өтті.

Ел ішіндегі татулық пен бірліктің өзіндік ерекше моделін қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл кезекті сессиясы 1500-ден астам адамның басын қосты. Алқалы жиынға еліміз­дің­ барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері мен ар­дагерлері, республикалық және өңір­лік этномәдени бірлес­тік­тердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқа­рушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлес­тіктердің, үкіметтік емес ұйым­дардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның өкілдері және БАҚ бас­шылары қатысты.

Сессия жұмысы Мемлекеттік Əнұранмен ашылғаннан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко баяндама жасау үшін сөз кезегін Елбасы – Қазақстан хал­қы Ассамблеясының Төраға­сы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін­де бірінші кезекте жұрт­шы­­лықты Ассамблеяның XXVI сес­сиясының ашылуымен құт­тықтай келіп, ұйымның қоғамдағы маңызды рөлі мен алға қойып отырған міндеттеріне тоқталды.

«Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассам­блея­ға да тың міндеттер жүкте­леді», – деген Елбасы XXVI сессияның тақырыбы «Бес әлеу­мет­тік бастама – қоғамның әлеу­­меттік бірлігінің тұғыры» деп ата­луының өзіндік мәні бар еке­нін жеткізді. Сондай-ақ, елдігіміздің бойтұмары – ел бір­лігінің қадір-қасиетінің орны бөлек екенін атап көрсетті.

Одан әрі Мемлекет басшысы дү­ниежүзінде көгінде туы, тө­рінде билігі болса да бірлігі қа­шып, бүгіні бұлдыр, болашағы бұлыңғыр болған қаншама мем­лекеттің бар екендігін айта келіп, ынтымағымызды ырыс-бере­кеміздің бастауы етіп алға басып келе жатқанымызды, осы жолдан таймауымыз қажеттігін сөз етті.

«Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақ­шы­сы­на айналды. Сол себепті мен ҚХА сессияларына әрдайым өзім қатысамын. Бүгінгі таңда да әлеуметтік интеграция фак­торын пайдалана отырып, біз­ тұтастығымызды одан әрі нығай­та түсеміз. Әлемдегі мықты мем­лекеттер – біртұтас ұлттар екені жасырын емес. Олардың бар­лығы біртұтас бірегейлікке сүйене отырып жаңғырады. Біз де осы жолға түстік. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының, соның ішінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының мәні де осында. Әлеуметтік бірлік саясаты – біртұтас Ұлт қалыптастыру жо­лындағы маңызды қадам деп білемін», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы «Бес әлеу­меттік бастаманы» іске асырудың негізгі үш факторына тоқталып, еліміздің әлеуметтік саясатының басты ерекшеліктерін атап өтті.

«Біріншіден, жаңа ғасырдың екінші онжылдығының бастапқы сегіз жылына жасалған талдау көрсеткендей, жекелеген мемлекеттер тарапынан егемен елдердің ішкі ісіне араласуының салдарынан әлемнің түрлі өңірлерінде болатын дағдарыстардың басқа да себептері бар. Бұл – әлеуметтік бір­лік пен интеграцияның болмауы. Жаһандық және өңір­лік тәжірибе көрсеткендей, қалып­тасқан мемлекет – бұл әлеу­меттік бірлік негізі саналы түрде нығайтылатын мемлекет. Біздің жаңа бастамаларымыз, ең алдымен, осыған арналған.

Екіншіден, қазіргі заманғы экономикалық және саяси теория мен тәжірибеде әлеуметтік және мә­­дени капитал артта қалған сала емес, олар өсімнің тұрақты драй­­верлері деген көзқарас берік ор­нықты.

Білімнің жаңа экономикасы, цифрландыру, өндірісті роботтармен жабдықтау, технологиялық ин­новациялар әлеуметтік және мәдени капиталдың мүлде басқа сипатын қажет етуде. Сол себепті біздің жаңа әлеуметтік бастамаларымыз жаңа экономиканың дамуына серпін береді.

Үшіншіден, полиэтникалық мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясат өзара тығыз байланысты. Мен ұсынған бес әлеу­меттік бастама еліміздің бар­лық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді. Олар тұрғындардың аз қам­тылған бөлігі мен жастар үшін ерекше маңызды. Сол се­бепті мен осы мәселені ҚХА сес­сиясында талқылауды ұсындым», – деді Елбасы.

Қазіргі таңда Қазақстан әлеу­меттік капиталды күшейту арқылы өз болашағына сенім­мен қарап отыр. Осы орайда Мем­лекет басшысы нақты мәлі­меттер келтіре отырып, елімізде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың негізгі қағидаттарын атап өтті. Мемлекет басшы­сы «Бес бастама» қазіргі Қа­зақ­станның ең маңызды бес әлеуметтік проблемасын шешуге бағытталғанын айтты.

«Егемен ел болғалы 12 мың шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді, 2,5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол желісі пайдалануға берілді. Соның бәрі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұр­ғындарының әл-ауқатын арт­тыруға септігін тигізуде. Осы жылдар ішінде заманауи­ ме­дициналық құралдармен жаб­дық­талған 1300-ден астам аурухана, емханалар мен амбулаториялар салынды. Соның нә­ти­жесінде өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітім азайды және ана мен балаға қолдау көрсетілді. 1545 жаңа мектеп пен 500-ден астам балабақша – біздің балаларымыздың болашағы үшін са­лынды. 70 стадион, 36 спорт сарайы, 8 мыңнан астам спорт алаңдары мен залдары ашылды. Бұл дегеніміз – денсаулық кепілі. Музейлер саны 2,7 есе, театр­лар саны 1,5 есе, кітапханалар саны 1,4 есе өсті. Осы айтылған бар­лық әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары бүкіл хал­қы­мыз үшін салынып, жұмыс істеп жатыр. Әр қазақстандық елі­міздің өркендеуіне үлес қосу­да. Өйткені, біз еңбек етіп жалақы аламыз, содан кейін оны еліміздің дамуына жұмсаймыз», – деді Президент. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік капиталды күшейтудің арқасында еліміздің болашағы бекемделе түскеніне көңіл аударды. «Бұл – прагматикалық ақиқат. Себебі, әлеуметтік капитал – адам мен қоғамның дамуына же­телейтін әлеует. Біз адам ба­сына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін арттыру үшін үл­кен жолдан өттік. Ол 600 дол­лардан 10 мың долларға дейін көтерілді. Бұл – әлеуметтік ка­пи­талға салынатын инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік беретін база. Бір ғана мысал: биылғы қаңтар айында Дүние­жү­зілік экономикалық форумда мемлекеттерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол – ішкі жалпы өнімнің өсуіне және басқа да он бір параметрге байланыс­ты болатын инклюзивті даму ин­дексі. Бұл индекстің басты көрсеткіші – әл-ауқат деңгейі. Да­мушы 74 елдің рейтингінде Қа­зақстан 15-орында. Меніңше, бұл – лайықты нәтиже!», – деді Елбасы.

Бұдан соң Президент әлеу­мет­тік бірлікті толық нығайту үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. «Менің бұған берген президенттік жауабым – «Бес әлеуметтік бастама», – дей келіп, баспана мәселесінің неліктен бірінші қойылғаны туралы айтып өтті.

«Бәріміз жайлы тұрмыс үшін баспананың алатын орнын жақсы түсінеміз. Сондықтан мен бұл бағдарламаны бірінші орынға қойдым. Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған аза­маттарымыз! Олар мерзімі 25 жыл­ға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан ас­пайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотека­ны алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды. Сондай-ақ, екін­ші бастама – жалақысы тө­мен еңбеккерлер үшін салық жүк­темесін азайту бойынша жеке табыс салығын төмендете отырып, 2 миллионнан астам адамның жалақысы өсірілетінін айтты. Жоғары білім алудың қол­же­тім­ділігі мен сапасын арттыруға қатысты үшінші бастама бойын­ша гранттар саны, әсіресе, техника­лық мамандықтар бойынша арттырылғанын айтып өткен Ел­басы студенттік жатақханалар проблемасын шешу мәселесі бойын­ша «Олар жай қонып шы­ғатын орынға ғана емес, жайлы тұрып, білім алуға арналған то­лық базаға айналуы тиіс», – деп атап көрсетті.

Төртінші бастама бойынша жеңілдетілген шағын несие алатындардың санын екі есе арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма бергенін айтқан Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның ауылдық жерлер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы азаматтарымызды бизнестің қыр-сырына үйретіп, маңызды жұмыс атқаруда. Көп­теген адам кәсіпкерлікті меңгеріп шықты. Енді оларға бастапқы капитал қажет. Шағын несиені бірінші кезекте соларға беру керек», – деді Елбасы.

Сонымен қатар бесінші бастама – елімізді одан әрі газбен қамту бойынша Орталық және Солтүстік Қазақстанға жаңа газ құбырын тарту жобасы биылғы жылдың шілде айында бастау алатынын айтты. Сөз ретінде Елбасы бес бас­та­маны іске асыру үшін қан­ша қаражат жұмсалатынын мәлімдеді.

«Турасын айтқанда, мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түс­пей­ді. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қар­жы бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – өте үлкен қаражат, біз­дің адамдарымызға, олардың бола­ша­ғына бағытталған тікелей ин­вестиция. Мұндай әлеуметтік саясат жалғаса береді», – деді Мемлекет басшысы.

«Ең бастысы: олардың барлы­ғы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әрі бүкіл қоғамға арналған. Бұл – жалпыұлттық жобалар. Жер­гі­лік­ті жерлерде Ассамблея мүше­ле­рі бұған белсене қатысып, олар­­дың орындалуын «Нұр Отан» партиясымен бірлесе ба­­қы­­лауға алуы керек», – деді Президент.

Сессия барысында Мемлекет басшысы еліміздің ішкі саяса­ты­ның стратегиясы дұрыс таң­дал­ғанын атап көрсетті.

«Жаһандық этникалық жағ­дай біздің ішкі саясаттағы стра­те­гиямыздың дұрыстығын көрсе­тетініне сенімдімін. Біз еліміз­дің азаматтарын қандай да бір көз­қарас бойынша ешқашан бөле-жарып көргеніміз жоқ. Осы жылдарда бүкіл қоғамды ұйыс­ты­ратын біртұтас саясат жүргізу менің мызғымас ұстанымым болды. Бұл барлық азаматтар мен этностарға жаппай қатысты», – деген Елбасы осы орайда қазіргі таңда қоғамымыздың бірлігін нығайтуға назар аудару аса маңызды екеніне екпін берді.

«Осы мәселе бойынша негізгі ре­сурс – әлеуметтік сала. Бұл – біздің барлығымызға қатысты өмір­лік мәні бар сала. ХХІ ға­сыр әлеуметтік, экологиялық, тех­ногендік сияқты жаһандық қауіп-қатерлер ешқайда жойылып кетпейтінін көрсетіп отыр. Әлемдік дағдарыс мем­ле­кет­тердің әлеуметтік мүмкін­дік­те­­рін азайтты», – деді Мемлекет бас­шысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­ның көрші елдермен қарым-қатынасына баға бере отырып, еліміз келешекте жүк тасымалының өзінен ғана жылына 5 млрд. доллар табыс табатынын жеткізді.

«Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық қатынастың үлгісі ретінде өте жақын байланыс орнаттық. Біз бұл ұстанымға адал­мыз және оны сақтауымыз қажет. Өйткені, бұл Қазақстанның түбегейлі ұстанымдарына жауап береді. Ресей үшін де дәл солай екеніне сенімдімін», – деді Елбасы.

Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқанын сөз етті.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қақтығыстарға се­беп болған жағдаяттар тұрғы­сын­да да сөз қозғап, әлемдегі эко­номикалық санкциялар мен қа­рулы шабуылдарға қатысты пікірін білдірді.

«Экономикалық санкция­лар, протекционизм, терроризм, экстремизм, жекелеген мем­лекеттердегі тұрақсыздық, еге­мен елдерге бағытталған қарулы шабуылдар халықаралық құ­қық­ты бұзып, жер бетіндегі барша жұрттың ертеңгі күнге деген се­німсіздігін қалыптастырып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасының сөзіне қарағанда, бұл ахуал кедейшілік, жұмыссыз­дық проблемаларын ушықтырып отыр. Осының салдарынан эко­номика өсімі төмендеуде, ел­дер­­дің теңсіздігі тереңдеуде. Ал әлеуметтік теңсіздік экстремизм­­ді тудырады, радикалды ре­волюцияларға алып келеді.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мә­ліметтеріне назар аударды. Жер бетіндегі халықтардың 14 пайызы ашаршылық қиындықтарын сезінуде. Мұның салдарынан әлемде жыл сайын 24 мың адам көз жұмады. Жұмыссыздар саны 200 млн. адамға жақындаған. Елбасы әлеуметтік бас­тамаларды іске асыру үшін жұм­салатын қа­ражат Қазақстан қо­ғамының бо­лашағына арналған тікелей ин­вес­тиция болып саналатынын атап өтіп, Ассамблеяға бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.

«Бірінші. Ассамблея жаңғыру­дың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге тиіс. Менің тапсырмаммен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Енді жа­ңар­ған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек. Атап айтқанда, этномәдени бір­лестіктер мен Достық үйлері мә­дениет, тіл, дәстүр саласында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет. Үкімет қазақстандық этнос­тар­дың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс­тарды жинақтауға тиіс. Әлеу­­меттік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкі­меттік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясы кеңейтілсін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отан­­­мен» және Ассамблеямен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзір­леуді тапсырамын.

Екінші. Жаңғырудың басым­дықтарын, әлеуметтік саясат­ты, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын ескере отырып, Ас­самблеяның 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен Концепциясын сапалы түрде жетілдіру қажет.

Үшінші. Ассамблея мемлекет­тік органдармен бірлесіп, қайы­рымдылық жұмыстарын жал­ғастыра беру керек. Тек өткен жылы аз қамтылған 60 мың отбасы мен 8 мың әлеуметтік ұйым көмек алды.

Төртінші. ҚХА-ның «Жаңғы­ру жолы» атты жаңа жастар қозғалысы жастарды жаңғыру аясында біріктіруі керек. Күш-жігерімізді жастардың өзекті стартаптарын қолдауға бағыттау қажет.

Бесінші. Астана, Алматы және­ облыс әкімдері, сондай-ақ, Ассамблея аудандар мен ок­руг­­тердегі Қоғамдық ке­лі­сім кеңестерін жергілікті бюд­жет­­­ті тиімді пайдалануға жұ­мыл­ды­рсын. Кеңестер агро­өнер­кә­сіп секторында ақылды тех­ноло­гияларды ілгерілетуге де көмектесуі керек. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, менің Жолдауым мен әлеуметтік бастамаларымды іске асыруға қосылатын үлес болмақ.

Алтыншы. Биыл біз елорда­ның 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі. Қала әкім­дігі Мәдениет және спорт ми­нистрлігімен бірлесіп, «эталонды стандарт» ретінде қабылданатын елордалық Ассамблеяның бағ­дар­ламасын әзірлеуі қажет. Астанада Достық үйін ашу мәсе­ле­сін шешетін кез келді деп санаймын. Ол үшін Бейбітшілік және келісім сарайы қолайлы болады деп ойлаймын.

Жетінші. Менің тапсырмам бойынша 1 наурыз – Алғыс айту күні Ассамблеяның жаңа муль­тимедиалық порталы ашылды. Ол жалпыұлттық бірігудің ма­ңызды ресурсына айналуы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ассамблеяның ақпарат кеңістігінде насихатталуын қамтамасыз етіп, бейбітшілік және келісім тақырыбы бойынша әлеуметтік роликтер циклін дайын­дауы қажет.

Сегізінші. Қоғамның бірлігі тұрақты ғылыми зерделеуді талап етеді. Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық қоғамдастығы, сондай-ақ, менің тапсырмам бойынша құрылған этносаралық қатынастар және демография­ ісі жөніндегі орталықтар нақты осы бағытта жұмыс істеуде. Бұ­ған жетекші жоғары оқу орын­дарындағы 40-тан астам кафедра мен Ассамблея орталықтары да атсалысады. Тек өткен жыл­дың өзінде Ассамблея құрылым­дары ондаған кітап пен жүз­деген мақала дайындады. Бұл жұмысты жүйелі түрде үйлестіру керек», – деді Елбасы.

Елбасының баяндамасынан кейін сөз алған шешендер Президенттің бес әлеуметтік бастамасы қазақстандықтарға үлкен қуаныш сыйлағанын айтты.

Сессия барысында ҚХА Төр­ағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Бұл орайда: «Өздеріңізбен келіскендей, жылына бір рет Ассамблея сессиясында түрлі өңірдің этномәдени бірлестіктері ұсынған ҚХА Төр­аға­сының жаңа орынбасарлары ауысу арқылы тағайындалады. Биылғы жылы да Ассамблея Ке­ңесі ақылдаса келе маған бұл лауазымдарға «Lituanica» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Виталий Ионо Тварионас пен ҚХА мүшесі, меценат Исламбек Төлеубайұлы Салжановты ұсынды», – деген Мемлекет басшысы көпшіліктің қолдауы негізінде аталған екі азаматты Ассамблея Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау туралы өкімге қол қоятынын жеткізді. Қазақ руханиятының жанашыры, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге үнемі қолдау көрсетіп жүретін белгілі меценат Исламбек Салжанов Елбасы сенім білдірген жаңа қызметінде ҚХА-ның қайырымдылық істерге ұйытқы болу және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағыттарындағы жұмыстарына тың серпін әкеледі деп сенеміз. Сессия жұмысын қоры­тын­­дылаған Елбасы халықтың бір­лігін жаңарған Қазақстанды өркендетудің басты шарты деп атап, ел тұрғындарын алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Сессия соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясына қатысушылар Үндеу қабылдады. Сессия аяқталған соң қатысушыларға арнап салтанатты концерт ұйымдастырылды.

(“Егемен Қазақстан” газеті,

2 мамыр 2018 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика