ЕЛІ ШЫРАЙЛЫ, ЖЕРІ ШҰРАЙЛЫ Қызылжар өңірінде оң өзгерістер көп

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жүктеген міндеттердің өңірде жүзеге асырылу барысын баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

– Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жетістігіміз – бірлігіміз бен татулығымыз. Кеше ғана өткен Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Елбасы “Әлемдегі мықты мемлекеттер – біртұтас ұлттар екені жасырын емес. Олардың барлығы біртұтас бірегейлікке сүйене отырып жаңғырады. Біз де осы жолға түстік. “Рухани жаңғыру” бағдарламасының, соның ішінде “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасының мәні де осында”, – деген болатын. Елбасы мақаласында бірлігімізді сақтай отыра сананың ашықтығын қамтамасыз ету, білімнің салтанат құруына жол ашу керектігін айтты. Қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы бірқатар жобаларды ұсынды, – дей келе өңір басшысы брифинг барысында бағдарламалық құжаттағы жобалардың Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылу барысына жан-жақты тоқталды.

Бірінші бағыт – латын әліпбиіне көшу. Бұл бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, облыс аумағында 500-ге тарта түрлі шара ұйымдастырылған. Құмар Іргебайұлының айтуынша, облыс тұрғандарының 65 пайызы өзге этнос өкілдері болса да, жаңа әліпби әлеумет тарапынан қолдау тауып отыр. 2017 жылдың қараша айында облыстық кітапханада латын әліпбиін тегін оқытатын орталық ашылған.

Бағдарламадағы “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітаптың жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері үшін маңыздылығына тоқтала келе: “Ұзақ жылдар бойы қаншама оқытушы орыс тіліндегі оқулықтарды аударып, сабақ беріп келді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 5 мың студенттің 2 мыңы қазақ бөлімдерінде білім алады. Бұл оқулықтар осы студенттер үшін керек”, – деді.

Туған елдің мәдениеті мен салт-дәс­түрлерін дамытуға атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі. “Туған жерге тағзым” республикалық бағдарламасы аясында елді мекендерді көркейту мақсатында 1,3 миллиард теңгенің 126 іс-шарасы жүзеге асырылса, олардың тең жартысы – жомарт жандардың туған жерін түлетуге қосқан үлесі.

Өлкетану жұмыстарын жүзеге асыру ісінде мұражайлардың да атқарар рөлі айрықша. Облыс мектептеріндегі, ауылдардағы мұражайлар жұмысы жандануда. Биылдың өзінде осындай 70 мұражай ашылғанын айтқан Құмар Ақсақалов облыстағы барлық мұражайларға кіру тегін екендігін жеткізді. Осының арқасында соңғы екі айда облыс орталығындағы мұражайларға келушілердің қатары 20 пайызға артқан.

“Заман таспасы” атты жоба да туған өлкенің сыр тұнған табиғатын түлетіп, тарихи құндылықтарын туристерге көрсетуге бағытталып отыр. Бұл жоба арқылы облыс орталығындағы тарихи ескерткіштермен QR-кодтар арқылы танысуға болады. Сондай-ақ, облыстың киелі жерлеріне виртуалды тур ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып, арнайы сайт құрылған.

Өңір басшысы облыстың ішкі және халықаралық туризмді дамытуда әлеуеті зор екенін тілге тиек етті. Екі мыңнан астам көлі бар өңір бұл көрсеткіш бойынша ел ішінде бірінші орында болса, орманды алқаптары жағынан – екінші, жол ұзындығы бойынша үшінші орында тұр. 16 табиғи аумақ ерекше қорғауға алынса, алты нысан – “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасының тізіміне енгізілген.

Энеолит дәуірінің ерекше археологиялық ескерткіші – “Ботай” қонысына ерекше тоқталған Құмар Іргебайұлы бұл күллі Қазақстанды айдай әлемге паш ететін қасиетті мекен екенін айтты. Оның республикалық мұражай-қорықтарының қатарына алынуы да тамыры тереңде жатқан өлке шежіресін зерделеуге жол ашары сөзсіз.

Құмар Ақсақалов облыстағы басқа да киелі жерлердің тарихын баяндай келе, барша қазақстандықтарды табиғаты жағынан Бурабайдан кем түспейтін ақ қайыңдар өлкесін тамашалап, тынығуға шақырды.

Облыс орталығындағы обсерватория, аквапарк, мұражайлар мен заманауи демалыс орындары да туристердің қызығушылығын арттырып отыр. Соңғы үш жылдың ішінде облысымызға табан тіреген туристер санының жыл сайын 30 пайызға артуы – соның айқын дәлелі. Құмар Іргебайұлының мәлімдеуінше, туризм саласын дамыту ісіне тұсау болған жол мәселесі де биыл шешімін таппақ.

– Биылғы жыл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы, Қожаберген жыраудың – 355, Сегіз серінің – 200, Ақан серінің 175 жылдығы сияқты мерейтойларға толы болмақ. Олардың барлығын өз деңгейінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Наурыз айында Сегіз серінің 200 жылдығына арналған “Сал-серілердің серкесі” атты республикалық ақындар айтысын өткіздік. Бұл шараға елімізге белгілі 16 ақын келіп, Қызылжар жерін жырға бөлеп кетті, – дей келе, өңір басшысы бүгінде ақындар мектебін дамыту жұмыстары қолға алынып жатқанын жеткізді. Өткен жылдың қыркүйек айында ашылған жас ақындар мектебінің жұмысы өз жемісін бере бастады. Осы уақыт аралығында жас өнерпаздар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетіп, 18 рет жеңімпаз атанып үлгерді. Мұндай мектептерді әр ауданда ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, ұлттық аспаптар ансамбльдеріне қолдау көрсетілетін болады.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында облыста қолға алынған ауқымды шаралардың бірі – республикалық “Гауһар тас” оркестрлер мен ұлттық аспаптар ансамблінің фестивалі. Екі жыл қатарынан республикамыздың түпкір-түкпірінен оркестрлер келіп, бірнеше күн бойы бір сахнада өнер көрсетті. Құмар Іргебайұлы алдағы уақытта облыстан шыққан танымал әнші-композиторлардың әндерінің жинағы шығарылатынын да мәлімдеді. Бүгінге дейін атақты Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндерінің дискісі шығарылған.

“Рухани жаңғыру” аясында өңірде жүзеге асырылатын басты жоспарлардың бірі – қазақ театрының құрылысы. “Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры 2000 жылы бұрынғы энергетиктердің Мәдениет үйінің ғимаратында ашылған болатын. Көрермен залы 200 орындық қана. Сондықтан Қызылжарға жаңа театр керек. Биыл 500 орындық театр құрылысы басталады”, – деді облыс әкімі.

Брифинг соңында Құмар Ақсақалов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы аясында атқарылар шаралар турасындағы сұраққа өңір басшысы Алаштың ақиық ақынының мерейтойын тойлауға бағытталған ауқымды шаралардың басталып кеткенін айтты. Жоспарда 500-ге жуық іс-шара бар.

“Серпін” және “Көші-қон” бағдарламалары аясында солтүстік өңірде білім алып, еңбек етіп жатқан азаматтардың жағдайын сұраған журналиске облыс әкімі олардың барлығы да жергілікті билік тарапынан қолдауға ие болып отырғанын, еңбек етіп, осы өңірде қалуға ниетті жастардың баспана мәселесі де оң шешімін табатынын айтты.

Баспасөз мәслихатында өңірдегі су тасқынының алдын алу, ауызсу тапшылығына қатысты сауалдар қойылды. Құмар Іргебайұлы тұрғын үйлерді су баспағанын айтты. Ал елді мекендерді ауызсумен қамту мәселесі бойынша биылғы жылы ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан” .

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости